389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада жаңа оқу жылы қыркүйектің орта шеніне қарай басталуы мүмкін

  • 1154
  • UPD: 19:44, 12.05.2017

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта жүргізіледі.  Яғни екі кезеңнен тұрады. Алғашқысында түлектер мектеп бітіру емтиханын, ал жоғары оқу орнына түсу үшін тест тапсырады. Ең жоғары балл 140. Шекті ұпай бұрынғыдай 50 балл күйінде қалды. Мектеп бітіру емтиханы мамырдың 29-ы мен маусымның 9-ы аралығында өтеді. Осы қорытынды аттестацияда «Алтын белгі» иегерлері анықталады.

Айта кетейік, биыл үздіктерді іріктеу құзыреті мектептердің өздеріне беріліп отыр. Тесттің бірінші кезеңінен 11 сынып оқушылары түгелдей өтуі міндетті. Содан кейін ғана жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырады.

Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:  

- Биыл республика бойынша 130 мыңға жуық түлек мектеп бітіреді. Оның 97 мыңнан астамы тест тапсырады. Балалардың бәрі  жобамен қандай сұрақтар келетінін біледі.

Түлектер мектеп қабырғасында әдебиеттен эссе жазады. Қазақ мектептерінде – орыс тілінен, ал өзге тілді білім ошақтарында қазақ тілінен тест алынады. Емтихан Қазақстан тарихынан ауызша, алгебрадан жазбаша болады. Таңдалған пәннен сынақ тапсырады. Ал ҰБТ-да 3 пән міндетті. Математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы бойынша 20, екі бейінді пәннен 30 тапсырма беріледі. Тест маусымның 20-сы мен шілденің 1-і аралығында өтеді.   

Рамазан Әлімқұлов, ҚР БҒМ Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры:

- Жаңа форматта сұрақтың мазмұны өзгерді. Мазмұны бойынша, логикалық ойлану бойынша сауаттылыққа назар аударылып, сұрақтардың біразы халықаралық тәжірибе бойынша құрастырылған. Жаңа формат бізге оқушының білім деңгейін анықтауға бағыт беріп тұр.

Ең жоғары көрсеткіш 140 балл. Жалпы 120 сұрақ қойылады. Ұсынылған 5 сұрақтың бір дұрыс жауабы болса 1 балл, ал бірнеше дұрыс жауабы барға 2 балмен есептеледі. Шектік ұпай 50 балл. Тестілеуге 3 сағат 30 минут уақыт беріледі.

Айта кетейік, биыл мемлекеттік грант көлемі көбеюі мүмкін. Басымдық педагогикалық, инженерлік мамандықтарға беріледі.

Дархан Ахмет-Зәкі, ҚР БҒМ департамент директоры:

- Бұған дейін бізде 31 мың бакалавриат болатын. Біз биыл Үкіметке ұсыныс жасап отырмыз. Соны 5 мың 500-ге, керек болса, 40 мыңға дейін көбейту туралы ұсыныс жасадық.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Астанада жаңа оқу жылы қыркүйектің орта шеніне қарай басталуы мүмкін. Бұл ЕХРО халықаралық көрмесінің өтуімен байланысты болып отыр.

Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Еліміздегі әрбір қала, аймақ ыңғайларына қарай оқу жылын қай кезде бастауды өздері өзгертіп, белгілей алады. Министрлік белгілі бір себептермен республика көлемін қамтитын жағдайларда ғана бұйрық шығарады. Астана қалалық білім   басқармасы бізге алғашқы қоңырауды 1 қыркүйекте өткізіп, ал оқу жылын қыркүйектің 12-сіне қарай бастау туралы ұсыныс білдірді.

Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Қазір министрлік пен Астана қалалық білім басқармасы бір келісімге келу үшін ұсыныстарды зерделеп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Бақтияр Ырзаев

Хабар 24 телеарнасы