384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы ҚХР Мемлекеттік кеңес Премьерімен кездесті

  • 610
  • UPD: 19:24, 14.05.2017
Елбасы ҚХР Мемлекеттік кеңес Премьерімен кездесті korda.kz/

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы және оны дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

– Біздің қарым-қатынасымыз басқа мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай. 2014 жылғы кездесуде біз өндіріс ашу, көлік жүйелерін бір-бірімен жалғастыру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін көтердік. Сондай-ақ, тағы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің маңыздылығына тоқталып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рөлін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды.  

Сонымен қатар, тараптар мемлекеттер арасында тауар айналымы көлемін ұлғайту мәселелерін, Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективаларын, технологияларды және экологиялық тұрғыдан таза заманауи өндірісті дамыту аспектілерін, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл орнату жайын талқылады.

Қазақстан Президенті кездесу соңында Ли Кэцянді елімізге сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Хабар 24 телеарнасы