387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Үкіметке отандық телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеді

  • 508
  • UPD: 17:08, 23.06.2017

Үкімет шетте жүрген және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құру керек. Бүгін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берді. Президент іскер қазақстандықтарды осы қорға үлес қосуға шақырып, шекараның ар жағындағы қазақтарды құшақ жая қарсы алуға үндеді. Сондай-ақ Елбасы Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

«Алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда не болып жатқандығын білгісі келеді. Істеген істерді көргісі келеді. Шетелдік қазақ көрермендеріне арналған «Қазақ телеарнасы» қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеймін. Бұл мерзімді баспасөзге де қатысты. Бірге жұмыс жасауы керек.

Мемлекет басшысы сырттағы қандастарымыздың қазақ тілінде білім алуына жағдай жасалу керектігін айтты. Осы орайда Үкіметке шетелдегі ағайындар ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сыртта жүрген бауырларымыздың бір бөлігі – жастар. Олар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуіміз керек. Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл онша қиын жұмыс емес. Біз өз ішімізде жасап жатырмыз, біраз көбейтіп, ағайындарға қол ұшын беруіміз қажет.

Шетелдердегі ағайындарымыздың ұрпағы Қазақстанда білім алу үшін барлық жағдай жасалу керек. Осы орайда Елбасының тапсырмасына сәйкес ел ішіндегі жоғары оқу орындарында шетелдік қазақ талапкерлеріне білім алуға берілетін жолдамалардың саны біршама артады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, жастарға көмек көрсету, біз шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына баршалық жағдай жасауымыз керек. Қазір олар мемлекеттік грантпенен еліміздің ЖОО-да оқи алады. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға қазіргі бөлінетін квотаны екі есе көбейтуді тапсырамын.

Хабар 24 телеарнасы