388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОСК Сенат сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады

  • 780
  • UPD: 13:24, 28.06.2017

Ел Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өз мәресіне жетті. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері алдын ала қорытындыларын жариялады.

Парламент Сенатының депутаттары атанатын азаматтардың есімдері белгілі. Дауыс беру үдерісі шамамен бір сағат бұрын аяқталды. Дауыс берушілер, яғни мәслихат депутаттары кандидаттарды іріктеу кезеңін аяқтады. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, қазір 4 сенатор алдағы уақытта да өз қызметін атқарады.

Олар өзін өзі ұсынған – Мұрат Бақтиярұлы, Нұрлан Қылышбаев, Бақтыбай Шелпеков және Жеңіс Нұрғалиев. Сондай-ақ депутаттық мандат иелері арасында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков, Атырау облысынан Ғұмар Дүйсембаев, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, Динар Нөкетаева, «Нұр Отан» партиясының өкілі Еділ Мамытбеков, Нұржан Нұрсипатов, Ақтөбе облысынан Мұхтар Жұмағазиев, Оңтүстік Қазақстаннан Әлімжан Құртаев, өзін-өзі ұсынған Ерік Сұлтанов және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин. Алдағы 2 күн ішінде барлық хаттамалар жиналып, Орталық сайлау комиссиясы осы нәтижелерді қорытындылап, ресми түрде жариялайды.

Айта кетейік, биылғы сайлауда дауыс беру туралы мәліметтерді электронды түрде хабарлау жүйесі алғаш рет қолданылды. Оның туралы ақпар мен дауыс берудің алдын ала нәтижелерін онлайн түрде орталық сайлау комииссиясының сайтынан көре алды. Сайлау барысын 288 халықаралық байқаушы бақылады.

Айта кетейік, кандидаттарды тіркеу маусымның 7-сіне дейін жүргізілді, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары маусымның 8-інен 26-сына дейін өтті. Оған жаратылған 92 миллион теңге республикалық бюджеттен бөлінді.

Жалпы Парламент Сенатында барлығы 47 депутаттық орын бар. Олардың 15-ін Президенттің өзі тағайындаса, қалғандарын халық сайлаған мәслихат депутаттары іріктейді. Биыл олар 89 үміткер арасында іріктеу жүргізіп, барлығы 38 кандидатты тіркеді.

Естеріңізге салайық, ағымдағы жылдың тамыз айында қызметтегі 16 сенатордың өкілеттік мерзімі аяқталады. 

Хабар 24 телеарнасы