387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет басшысы Қарағандыға сапары барысында жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді

  • 756
  • UPD: 02:40, 29.07.2017

Бүгін ел Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Онда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған маңызды міндеттер өңірде қалай жүзеге асырылып жатқанын өз көзімен көріп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ең әуелі Үкімет басшысы металлургиялық кремний зауытында ірі компания жетекшілерімен, атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, өңірдегі ірі кәсіпорындарды технологиялық жағынан жаңғыртудың жайын талқылады. 2019 жылға дейін кенді аймақта индустрияландыру картасы бойынша 9 бірдей ірі жоба жүзеге аспақ, құны 5 жарым миллиард теңге. Ал қондырғыларды жаңартып, тың технологияларды өндіріске енгізуге 200 миллиард теңге инвестиция құйылатын болды. Бақытжан Сағынтаев игі жобаны жүзеге асыру кезінде ешбір адамның жұмыссыз қалмауын облыс басшысына қадап тапсырды.

Бұдан соң Премьер-Министр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына аялдап, облыстағы шағын және орта бизнестің аяқ алысымен танысты. Осы жерде кәсіпкерлерге көмек көрсететін орталықтың жұмысын көрді. Өткен жылы орталық мамандары 400-ге жуық бизнес өкіліне құқықтық және қаржылай көмек көрсеткен.

Премьер-Министр жұмыс сапарын Теміртау қаласында түйіндеді. Мұнда моноқалаларды дамыту бағдарламасының орындалысы жан-жақты талқыланды. Қазіргі күні еліміз бойынша барлығы 27 шағын қала болса, соның үштен бір бөлігі, яғни, 8-і Қарағанды облысына тиесілі. Мұнда 1,5 миллион халық тұрады. Қазір кешенді жоспар бойынша бұл моноқалаларда көптеген шағын кәсіпорындар ашылып, инфрақұрылымы ретке келтірілген. Әлеуметтік нысандар жөнделіп, көшелер абаттандырылыпты. Бақытжан Сағынтаев жергілікті билікке бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсуін жүктеді.

Облысқа жасаған сапары кезінде Үкімет басшысы сондай-ақ сүт зауытында және жуырда ғана іске қосылған «Сарыарқа нан» зауытында болды. Жоғары технологиямен жұмыс істейтін бұл кәсіпорында қазір нан өнімдерінің жүзден астам түрі пісіріледі.

Бұған қоса Премьер-Министр «Орталық-Оңтүстік» транспорттық дәлізінің «Қарағанды–Теміртау» бағытындағы жол құрылысымен де танысты. «Нұрлы жол» бағдарламасымен жүзеге асып жатқан игі жоба желтоқсан айында аяқталады. Бақытжан Сағынтаев құрылысшыларға кестеден қалып қоймай, мерзімінде аяқтауды және сапасын қадағалауды қатаң тапсырды. 

Хабар 24 телеарнасы