389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сотталғандарға тағылатын электронды сақиналар елімізде шығарылуы мүмкін

  • 958
  • UPD: 20:45, 04.08.2017

Жазасын өтеушілерге арналған білезіктер жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында өндіріледі.

Бұл туралы журналистерге Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тургумбаев мәлімдеді. Бүгін Үкімет үйінде еліміздің Жоғарғы соты, Бас Прокуратура, Әділет және Ішкі істер министрліктері басшыларының қатысуымен брифинг өтіп, онда Елбасының Ұлт жоспары туралы айтылды.

Судьяларды іріктеуде талап күшейді. Енді олар «жалғандықты анықтайтын» детектордан өтіп, арнайы психологиялық тест тапсыруы тиіс. Сонымен қатар бұдан былай тек жасы 30-ға толған азамат қана бұл орынға үміткер бола алады. Төрелік етемін десеңіз, сот отырысының хатшысы, көмекшісі, прокурор не адвокат болып кемі 5 жыл жұмыс істеу міндетті. Немесе заңгер мамандығы бойынша 10 жыл еңбек өтіліңіз болуы шарт. Тағы бір айта кететін жайт, былтыр 15 баптан тұратын Судьялық әдеп кодексі қабылданып, онда судьяларға арналған әдептің мінез-құлық нормалары белгіленді.

Нұрсерік Шәріпов, ҚР Жоғарғы Соты департаментінің жетекшісі:

– Кодекстегі нормаларды бұзғаны үшін судьялар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тіпті қызметінен де босатылуы мүмкін. Судьяларға қойылған шектеулер көп. Мәселен кез келгенмен байланыс орната алмайсың. Өзіңнің және отбасы мүшелерінің тәртібін мұқият бақылау керек. Ойын-сауық орындарына жол жоқ. Бұл әрекеттердің барлығы судьяға да, жалпы бүкіл сот жүйесіне де сенімді жоюы мүмкін.

Елімізде сотталғандарды техникалық құрал-жабдықпен қадағалау жүйесі енгізіледі. Яғни жазасын өтеушілерге электронды сақина тағылады. Бұл білезіктерді жекеменшік-мемлекеттік әріптестіктің аясында Қазақстанда шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы ерекше режимдегі түрме жабылады. Осылайша қылмыстық заңнаманы ізгілендіру көзделген.

Ерлан Тургумбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– 2014-інші жылдан бері 8 мекемені жабу туралы шешім қабылдадық. Бүгінде Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы түрмелер жабылады. Өйткені олар сотталушыларды күтіп-ұстау нормаларына сәйкес келмейді.

Ұлт жоспарының 32-нші қадамы аясында Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы құрылды. Бұл катада жасалған қылмыстың түрі, орны һәм уақыты да көрсетілген. Сондай-ақ карта арқылы полицияға шағымдануға мүмкіндік бар.

Бағлан Бекбауов, ҚР Бас прокуратурасы комитеті төрағасының орынбасары:

– Бұл жаңашылдықты енгізудің арқасында қылмыстық заң бұзушылықтар саны біршама азайды. Сондай-ақ карта кәсіпкерлерге де қолайлы. Мысалы кәсіпкерлер дүкенді қаланың қай ауданында ашу қауіпсіз екенін байқай алады.

100 қадамның бірі – жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту. Яғни соттың шешімдерін орындау ісі мемлекеттен жекенің қолына өтеді. Бұл  жылына 1 млрд 800 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Айтпақшы борышкерлерге де жағдай жасалғанын айту керек.

Жанат Ешмағамбетов, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

–Бүгінде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтау әуежайларында төлемдер қабылдайтын Қазпоштаның терминалдары орнатылған. Мұнда борышкерлер сот орындаушыларының қатысуынсыз қарыздарын өтей алады. Осылайша елден шығуға қойылған шектеу 30 минуттың ішінде алынып тасталады. Биыл халықаралық рейстері бар еліміздің басқа да әуежайларын, ең ірі теміржол және автомобиль шекара өткелдерін де осындай автоматтармен жарақтау жоспарланып отыр.

Сандарды сөйлетсек, жеке сот орындаушылары орындаған үкімдердің саны 2015 жылы 250 мыңдай болса, былтыр 600 мыңға жуықтады. Есесіне олар биылдың өзінде 1 млрд теңге көлемінде алимент өндірді.

Ал жеті жыл бұрын қалай еді? Жалақы төмен, бұл саладағы жемқорлықтың кең етек жайған кезі. Сол себепті сот актілерінің үштен бірі орындалмайтын.

Авторлары: Ж.Біркенов, Б.Ырза 

Хабар 24 телеарнасы