EХРО 2017: Түркияның ұлттық күні өтті

Бүгін ЕХРО қалашығында Түркия елінің ұлттық күні аталып өтті.

Түріктер Ыстамбұлдағы жаңа әуежайдың құрылысына жылуды ұстап тұратын шыны әйнектерді пайдаланады. Қуат көздерін үнемдеуге сеп болатын мұндай технологиялар Қазақстан үшін маңызды. ЕХРО қалашығындағы Түркия Республикасы ұлттық күнінің ашылу салтанатына қатысқан еліміздің ұлттық экономика министрі осылай деді. Тимур Сүлейменов арнайы келген делегация мүшелерімен осы елдің павильонын аралып, ондағы жобалармен танысты. Түркия жылына баламалы қуат көздері арқылы 72 ГВт энергия өндіреді. Бұл елдегі қажеттіліктің 18,5 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Түріктер бізге қуат көздерін үнемдейтін қандай технологияларды енгізуге болатындығын көрсетті. Мәселен олар Ыстамбұлдағы жаңа әуежайдың құрылысына шыны әйнектерді қолданады. Бізге энергияны едәуір үнемдеуге сеп болатын осы технологияны жан-жақты қарау керек.

Бауырлас ел көрмеге келушілерге тәттілер таратып, ыстық ықыласпен қарсы алды. Аумағы 1 мың шаршы метрді алып жатқан көрме ғимаратын аралап, Түркияның тарихы мен мәдениеті туралы кеңінен ақпарат алуға болады. «Болашақ  энергиясы» тақырыбындағы жобалар да қойылған. Түркия павильонын күнделікті 9 мыңға дейін, ал демалыс күндері 15 мыңнан аса адам келіп тамашалайды екен.

Балауса Құралова, қала тұрғыны:

Маған Түркия павильоны өте ұнап жатыр. Біздің елде өздерінің жобаларын көрсеткенге өте қуаныштымыз.