384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Латын әліпбиі 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен қолданысқа енеді

  • 3042
  • UPD: 10:12, 30.10.2017

Латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі бекітілді. Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латыншаға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы осыған қатысты Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді.

Сонымен Жарлық қабылданды. Қазақ тілі үшін жаңа тарихи белес басталды. Ендігі жүк ел Үкіметіне артылады. Елбасы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруды тапсырды.

Енді ел болып, латын қарпіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу керек. Жалпы бұл бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Елбасы бұл туралы 2006 жылы бастама көтерген болатын. Ал осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2012 жылы «Қазақстан-2050» атты халыққа Жолдауында нақты тапсырмалар жүктеді. Енді «Рухани жаңғыру» аясында қолданысқа енгізуді міндеттеп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2022 жылдан бастап 1-сыныптан түгел соған көшсек, сонда ары қарай кете беретін болады. Бұл үлкен саяси мәселе. Барлық елдерде солай болған. Бұған түсіндіріп, білдіріп, ешкімді біз кемітейін деп, ешкімнен ала қашайын деп жасап отырғаным емес. Бұлқазақ тілінің мүддесі, сақтап қалуымыз үшін жасап отырған үлкен тарихи мәселе.

Осылайша Елбасы бұл бастаманың уақыт күттірмейтін мәселе екенін айқындап берді. Енді тіл білімі ғалымдары тиісті ережелерін жасап, ғылыми-әдістемелік мәселелерді шешуге кіріспек.

Ерден Қажыбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры:

– Латын әліпбиіне көшу ешқандай науқаншылдықта емес, асығыстықта емес, жоспарлы түрде асықпай, кезең-кезеңімен іске асырылады. Басында іске асыру тетіктері қарастырылады. Енді біз ғалымдар зиялы қауымдармен бірлесіп қарастырамыз. Оны жетілдіреміз керек болған жағдайда. Ережелерін жасауға кірісеміз.

Ана тіліміз латын әліпбиіне көшкенімен, бұл жаңашылдықтың орыс тіліне еш қатысы жоқ. Ресми тіл өз қолданысын жоғалтпайды. «Үш тұғырлы тіл» саясаты жүзеге аса береді. Бұл өзгерістер тек қазақ тіліне ғана тән. Мұның түбінде астарлы саясат жоқ. Бұл заман қажеттілігінен туындаған мәселе. Яғни тілдік заңдылықтарды сақтау үшін қолға алынған шара.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әліпби – тек қана қазақтың тіліне байланысты мәселе. Орыстың тілінде, кирилицада орыс басылымдары шыға береді.

Латын әліппесінің жаңа нұсқасы Парламентте де, қоғамда да қызу талқыға түсіп, қолдау тапты. Жан-жақты саралаудан өтті. Дүйім жұрт болып кіріскен ортақ іске ел жастары қазірден атсалысып жатыр. «Бұл тіліміздің болашағы үшін жасалған айқын қадам», дейді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мұхтар Манкеев.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы:

– Латын әліппесіне көшеміз дейміз. Осының бәрі тек қана мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы ғана емес. Ол бүкіл қоғам жұмысы. Сондықтан біз тек Үкімет пен әкімшілікке қарап отырмай, өзімізде бір жағынан қадам жасап, бірігіп жұмыс жасау керекпіз. Елбасының алға қойып жатқан мақсаты қазақ тілін тек қана латынға көшіру емес, қазақ тілін үлкен модернизациядан өткізу. Осы жаңа қаріпке көшкен қазақ тілімен біздер қазіргі таңда көшбасшы елдер қатарына кіре аламыз деп жоспарлаймыз. Себебі жаңа технологияның, инновацияның, білім-ғылымның тілі осы латын әліппесі.

2025 жылға дейін еліміздегі барлық іс-қағаздар түгелдей жаңа алфавитке көшеді. Себебі Президент айтқандай, әлемде тарайтын ақпараттардың 70 пайызы латын әрпімен басылады. Яғни ғылыми-техникалық прогресс те осы тілде дамып жатыр. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірумен айналысатын ұлттық комиссияның қалай жұмыс жүргізетінін алдағы уақытта білеміз.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы