386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісте ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шарты ратификацияланды

  • 526
  • UPD: 19:26, 02.11.2017

Енді бұдан былай Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарлар баж салығынсыз саудаға шығарылады. Мұндай мүмкіндік интеграциялық ұйымда қабылданатын жаңа кедендік кодекс негізінде жүзеге аспақ. Яғни кәсіпкер тауарын шекарадан өткізіп, ол үшін бір айдың ішінде пайыздық төлемін жасай алады. Бүгін Мәжілісте осы мақсатты көздейтін шарт бекітілді. Себебі келер жылдан бастап қолданыстағы кодекстің күші жойылып, жаңасы қабылданбақ. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, құқықтық құжат жүктерді декларациялау үдерісін біршама жеңілдетеді.

Сондай-ақ тауар тасымалы лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз электронды жүйе арқылы жүзеге асады.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тауар иелерін уақытша сақтау қоймасының реестіріне тіркеу үшін кедендік орган жан-жақты тексеру жүргізеді. Бұл ретте олар нысанның орналасқан жері мен меншіктік аумақ немесе оның жалға берілгені жөнінде құжат сұрайды. Оған қоса, тауар иесі ғимараттың жобасы мен сызбасын да ұсынуға міндетті. Бұл өте көп жұмыс деп есептейміз.

Госман Амрин, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

- Сіздің пікіріңіз орынды. Біз ғимараттың жобасы мен сызбасын ұсыну туралы талапты алып тастайтын болдық.

Отырыс барысында Үкімет тарапына айтылған сын-ескертпелер де болды. Мәселен, Сауытбек Әбдірахманов жол қаражатының қымбаттығы мен гранттардың жетімсіздігіне байланысты жастардың тек өзі туып-өскен жерде білім алып, жұмыс істеуге мәжбүр екенін алға тартты. Бұл ретте депутат Кеңес кезеңіндегідей жас мамандардың өзге аймақтарда еңбек етіп, бірлік, біртектілік ұғымын бойына сіңіруі қажеттігін айтты.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы күрделі мәселені шешу үшін ЖОО грант бойынша бітіргендерді жолдама арқылы жіберу, жолдамамен келген жас мамандарға қажетті қамқорлық жасау, осы мақсатпен «Дипломмен ауылға», «Серпін» сияқты бағдарламаларды жаңа деңгейге шығару, мемлекеттік қызметкрелерді қызметтік пәтермен қамтамасыз етудің заңдық тетіктерін, қаржылық  көздерін табу, кадрлық ротацияға жүйелік сипат беру, сол арқылы мемлекеттік қызметке кадр іріктеу мүмкіндігін молайту қажет екені күмәнсіз. Халқымыздың бірлігін бекемдете түсу үшін «туған жер» ұғымының «туған ел» ұғымына ұласуы үшін осы мәселені қарау қажет деп есептейміз.

Хабар 24 телеарнасы