384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан ғарыш саласындағы жобаларды Ресей және БАӘ-мен бірлесе дамытпақ

  • 936
  • UPD: 12:56, 13.11.2017
Қазақстан ғарыш саласындағы жобаларды Ресей және БАӘ-мен бірлесе дамытпақ Фото: primeminister.kz

12 қарашада Дубайда (БАӘ) «Dubai Air Show – 2017» XV Халықаралық әуеғарыш көрмесі аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің, БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, БАӘ Президент ісі жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл-Нахаянның, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозиннің қатысуымен үшжақты ресми кездесу болып өтті.

Тараптар келіссөздер барысында ғарыш саласында инновациялық жоғары технологиялық әзірлемелерді қолдана отырып, бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мүмкіндігін талқылады. Әмірлік тарапы «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазіргі жағдайымен және оны одан ары дамыту келешегімен танысты.

Кездесу барысында шейх Мансұр БАӘ-нің Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасына қатысу мүмкіндігін қарауға қызығушылығын білдірді. Болашақта ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға стратегиялық бағдарлама жасап, тараптардың қызметін үйлестіріп отыру мақсатында үшжақты жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Анықтама: «Dubai Air Show – 2017» Халықаралық әуеғарыш көрмесі азаматтық және әскери әуе өнеркәсібінің жетекші әлемдік шарасы саналады. Ол үнемі әлемнің түрлі елдерінің үкіметтік орталарының, жоғары дәрежедегі әскерилер мен бизнесмендердің назарын аудартатын көрме. Мұнда көрме қатысушылары жауапты тұлғалармен және сарапшылармен жақын араласа алады.

Dubai Air Show — екі жылда бір рет өткізілетін әлемдегі ең ірі аэрошоулардың бірі. «Dubai World Central Aerotropolis» көрме ауданы 645 000 м2 құрайды.

Хабар 24 телеарнасы