384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенаторлар мұғалімдерге арналған ағылшын тілі курстарының тиімділігіне күмәнмен қарайды

  • 1583
  • UPD: 10:35, 17.11.2017

Сенаторлар кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді университеттен дайындау керектігін айтады. Жоғарғы палатаның жалпы отырысында депутат Сергей Ершов осындай ұсыныс білдірді. Бұл жыл сайын ұстаздарды курсқа жіберіп, қазынадан қыруар қаржы бөлгеннен тиімдірек.

Осы орайда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев не дейді? Алдағы үш жылда білім мен ғылым саласына қанша қаржы бөлінбек?

Сергей Ершов мұғалімдерге арналған ағылшын тілі курстарының тиімділігіне күмәнмен қарайды. 2018 жылға арналған республикалық бюджет жобасында орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардағы кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға 7 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Осы орайда 16 мыңнан астам мұғалім тілдік курсты аяқтап, информатика, физика, химия, биология пәнін шет тілінде оқуы тиіс. Алайда депутат мұғалімдердің қысқа мерзімде мұндай дәрежеге жетуі екіталай деген пікірде. 

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Биыл осы мақсатта 864 млн теңге бөлінді. Алайда бюджетті нақтылау кезінде оның 728 млн теңгесі немесе 84 пайызы қысқартылды. Демек, қысқа мерзімді курстарға қаржы бөлу тиімсіз. Өйткені аз уақыттың ішінде керемет нәтижеге қол жеткізе алмауымыз мүмкін. Оның орнына сол қаржыны жоғары оқу орындарында педагогтарды даярлауға жұмсаған жөн болар. Сөйтіп, төрт жылдан кейін ағылшын тілінде сабақ бере алатын мұғалімдерді дайындап шығамыз. 

Депутаттың уәжіне бас ұстаз жауап берді. Ерлан Сағадиевтің айтуынша, тәжірибе сәтті жүзеге асырылып жатыр. Сөзіне дәлел де келтірді. Мәселен, биылдың өзінде мың жарымға жуық мұғалім шет тілінде сабақ береді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Тәжірибе биыл ғана басталды. Келер жылы, яғни оқу жылының соңында қорытындысын шығарамыз. Нәтижесіне сүйене отырып, ұстаздарды дайындау және ағылшын тілінде оқытуға көшу кестесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл мәселе әлі де талқылаудан өтеді.

Жалпы алдағы үш жылға арналған бюджет жобасында білім беру саласына 1 трлн 123 млрд теңге бөлу жоспарланған. Сондай-ақ заң жобасын талқылаған депутаттар Үкіметке «Ұлттық қор» айналасындағы мәселеге қатысты сұрақ қойды. 

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Елбасы тапсырмасына сай қаржы секторын реттеуші басты ұйыммен бірлесіп, Ұлттық қор активтерін тиімді басқаруға арналған норвегиялық тәжірибені зерттеп, оған көшу жолдарын айқындадық. Сол арқылы құнды қағаздарды қорғауға және кіріс мөлшерін арттыруға мүмкіндік аламыз. Бюджет кодексіне қатысты өзгертулерді әзірлеп қойдық. Енді Елбасы Жарлығына сәйкес Ұлттық қорды басқару кеңесін құруға бағытталған  негізгі түзетулерді дайындаймыз.

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қазына қаржысының негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Үкімет осы мақсатқа «13 трлн 434 млрд теңге бөлеміз» деп отыр. Алайда сенаторлар әлеуметтік маңызға ие жобаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс білдіріп, бюджет жобасын Мәжіліске қайтарды. 

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы