388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жалпы құны 3 млрд доллардан асатын 12 келісімшартқа қол қойылды

  • 733
  • UPD: 21:27, 05.12.2017

Астанада өткен инвестициялық форумда құны 3 млрд доллардан асатын 12 құжатқа қол қойылды. Тараптар қолға алған істерін жүзеге асыру жайын талқылап, алдағы мақсат-міндеттерін айқындады. Сондай-ақ әлемнің 30 елінен келген халықаралық компания өкілдеріне еліміздің инвестициялық ахуалы таныстырылды.

Қазақстанның экономикалық ахуалына халықаралық компаниялардың сенімі мол. Соңғы 10 жылда елімізге 250 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйылды. Сол арқылы өндіріс өрісін кеңейтіп, еңсесін тіктеді. Алға қойған мақсат айқын, жоспар ауқымды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

– Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту үшін не істегенін сұрасаңыз, мен нақты шешімдер бар екенін және оларға сүйене алатыныңызды нық сеніммен айта аламын. Инвестициялар ағынын ынталандыру үшін біз жаңа ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледік және оны іске асыруды қолға алдық. Оны әзірлеуге Дүниежүзілік банк мамандары мен басқа да халықаралық сарапшылар қатысты.

Экономиканы одан әрі ілгерілету үшін тартымды инвестициялық климат қажет. Бұл бағытта еліміз бірқатар реформаны жүзеге асырып келеді. Экспорттық мүмкіндік молайып қана қоймай, ЕЭО елдері мен көршілес жатқан Қытайға емін-еркін тауар тасымалдауға жол ашылды.

Стефка Славава, Дүниежүзілік банктің жетекші экономисі:

– Бұл мемлекетте 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Елдің даму қарқыны жоғары. Менің ойымша, Қазақстанның жыл сайынғы ЖІӨ өсімі 6-7 пайызға жетуі тиіс. Біз бұл көрсеткішке қол жеткізуге белсенді атсалысамыз.

Бұған дейін Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның үштен бір бөлігі қазба байлықтарды тек өндіруге бағытталды. Сондықтан экономиканы әртатаптандыру – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бұл жоспарды өндірістік технологияларды жаңғыртып, адам капиталын дамыту арқылы ғана жүзеге асыруға болады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

– Шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен «Кazakh Invest» инвестиция тартудың ұлттық компаниясы құрылды. Ол Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен «бірыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде әрекет етеді. Бұдан өзге маңызды елдерде Қазақстан елшіліктерінде елшілердің инвестициялар жөніндегі кеңесшілері тағайындалады. Олардың барлығы сізге қолжетімді болады. Сондай-ақ экспорт өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін кедергілерді жоюға, сыртқы және ішкі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған арнайы экспорттық стратегия әзірленді.

Жалпы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау салаларында инвесторлар үшін зор мүмкіндік ұсынылады. Сондай-ақ салықтық және кедендік заңнамалар түбегейлі өзгертіліп жатыр. Айта кетейік, елімізде мыс, алтын, ваннадиймен қоса сирек кездесетін металл өндірісін өркендетуге бағытталған жаңа жобалар да бар.

Владислав Соловьев, «Русал» компаниясының бас директоры:

– Біз бірнеше жылдан бері Қазақстанда инвестормыз. «Богатырь» көмір кенішінде келер жылдан бастап жаңа жобамызды жүзеге асыра бастаймыз. Ол өндіріске арналған ескі технологияны жаңасына ауыстыруға бағытталған.

Бизнес үшін бюрократиялық үдерістердің азаюы аса маңызды. Бұл ретте еліміз бірқатар заңнамалық өзгерісті жүзеге асырды. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сай, Қазақстан қолайлы салықтық климат көрсеткіші бойынша әлемдегі 189 мемлекеттің ішінен 18-орынға табан тіреді. Енді инвесторлар үшін мемлекеттік қызметтер де ағылшын тілінде көрсетілетін болды.

Ракеш Гаур, «Railways KEC International LTD» компаниясының атқарушы директоры:

– Қазақстанға әріптестерімізді инвестиция құюға шақырамын. Себебі Үкімет оларға жан-жақты жағдай жасап келеді. Біздің компания бұған айқын көз жеткізіп отыр.

Форумға қатысушы шетелдік компаниялар ел экономикасына қаржы құюға ниет танытып отыр. Алқалы жиын аясында тараптар арасында құны 3 миллиард доллар көлеміндегі 10-нан аса келісімге қол қойылды. Солардың бірі Үлкен Алматы айналма көлік жолы құрылысын жүзеге асыру.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Бүгін әлемде инвестицияға үлкен бәсекелестік туып отыр. Сондықтан осы жұмысты дұрыстап көрсетуіміз керек. Соңғы 25 жылда Орталық Азияға келген инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға келді. Енді осы трендті жалғастыру керек.

Айта кетейік, биыл алғаш рет ұйымдастырылған форумға әлемнің 30 мемлекетінен 500-ге тарта іскерлік топ өкілі қатысты. Оларға еліміздің инвестициялық климаты кеңінен таныстырылып, нақты қай салаға қанша инвестиция құю қажеттігі жан-жақты таразыланды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы