366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оқушыларға жүктеме азайтылады

  • 817
  • UPD: 21:53, 15.01.2018

Мұғалімдердің жалақысы жаңартылған білім мазмұнына байланысты өседі. Қазіргі таңда елімізде 300 мыңнан астам педагог бар. Олардың 70 пайызға жуығының еңбекақысы биыл көбейеді. Ал қалған ұстаздардың жалақысы жоспар бойынша артады. Бұл мәселе Елбасының биылғы жолдауында кеңінен қозғалып, Президент нақты тапсырмалар да берді. Әрі оқушылардың үй тапсырмасы азаяды. Елбасы жолдауда ТМД елдерінің ішінде қазақстандық оқушылардың жүктемесі ең жоғары екендігін ескертіп, төмендету керектігін айтқан болатын.

Қазір еліміздің Білім және ғылым министрлігі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Оқу бағдарламасы 5 күнге лайықталуына байланысты санитарлық талаптарға тиісті нормалар енгізілді. Үйге берілетін тапсырма 150 минуттан аспауы керек.

Шолпан Каринова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:

- Білім және ғылым министрлігі оқушылардың жүктемесін азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда балалардың үй тапсырмалары үштен бірге азайды. Жоғарыда аталған құжат 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Демалыс, мереке күндері тапсырма берілмейді. Тек мәтін оқу, ғылыми жұмыстарға қатысты жеңіл жүктемелер болуы мүмкін. Білім беру мекемелерінде аталған нормалар нақты бөлінген және Білім және ғылым министрлігінің бұйрығында көрсетілген.

Мұғалімдердің жалақысы жаңартылған білім мазмұны бағдарламасына сай көтеріледі. Алайда ол педагогтардың тікелей біліктілігіне байланысты болады. Ұстаздардың санаты ұлттық біліктілік тесті арқылы анықталады. Деңгейі белгіленген соң, еңбекақысына 20 пайыздан 50 пайызға дейін үстемақы қосылады. 

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1, 2, 5, 7 сынып мұғалімдерінің қызметтік жалақысы көбейеді. Ал, қыркүйектен 3, 6, 8 сынып ұстаздарының жалақысы артады. Сондай-ақ 2019 жылы 4, 9, 10 сынып ұстаздарының, 2020 жылдан 11 сынып мұғалімдерінің еңбекақысы көбейеді. Елбасы атап өткендей, ұстаздардың қызметтік жалақысының үстіне 30% қосылады. 

Сонымен қатар қала мектептерінде бала санына қарай қаржыландыру жүйесі енгізілмек. Мемлекет басшысы жолдауда бұл мәселені де көтерді. Әзірге Қазақстанда үш жекеменшік мектепте пилоттық жоба ретінде іске асырылады.

«Білім беру туралы» заңына сәйкес, тапсырыс жекеменшік мектептерге де беріле бастайды. Мәселен, осы жылы Ақтөбеде пилоттық жоба қолға алынды. Ал Шымкент пен Астанада жекеменшік мектептерде 7 мыңға тарта оқушыға қаржы бөлінбек. 

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы