Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ телевизиясының ардагерлері арнайы медальдармен марапатталды

  • 2397
  • UPD: 22:13, 16.03.2018

Бүгін «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі мәресіне жетті. Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазмедиа орталығының» ұйытқы болуымен екінші мәрте өткен бірегей байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды. Телевизия тарландарының ішінен үздік жобаларымен дараланғандар «Тұмарды» иеленді.

Қызыл кілем. Қазақ телевизиясының кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін көрме. Суретке түсіп, шат-шадымен күй кешкен жандар. Хош. Телеарна атты аламанның шабандоздары бүгін бір бәйгеде тоғысты. Бәрінің «Тұмарға» таласы бар. Енді айтулы жобаның өзіне ойысалық. Ресми бөлімге дейін жиылған қауым қызыл кілеммен жүріп өтті. Бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жолдады.

Бұл жолғы «Тұмардың» жөні бөлек. Ұлттық бәйге биыл қазақ телевизиясының 60, Астананың 20 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан байқауда аталым көп. Жалпы дәстүрлі бәйгеге биыл 400-ге жуық өтініш түскен. Бұл былтырғыдан бір жарым есеге көп. «Тұмардың» биылғы ерекшелігі де осында.

Үрдісін үзбей биыл да жалғасын тапқан «Тұмарға» телеарна майталмандары, кейінгі толқын тегіс жиылған. Сол жиналған көпке Елбасының жолдаған құттықтаухатын Мемлекеттік хатшы оқып беріп, елді қазақ телевизиясының 60 жылдығымен құттықтады. Бұдан соң көптен күткен марапаттау шарасы басталды. Сонымен ұлттық телевизиялық байқауда биыл 14 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Оның ішінде «Хабар» Агенттігінің құрамындағы Kazakh TV телеарнасы 3 бірдей аталым бойынша жүлделі болса, «Хабар» арнасы үздік музыкалық жоба аталымында «Тұмарды» иеленді.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма төрайымының орынбасары:

– Биылғы «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі «Хабар» Агенттігі үшін өте табысты болып жатыр десек, артық айтқандық болмас. Соның ішінде әсіресе біздің телеотбасыға қарасты 20 жылдан астам тарихы бар Kazakh TV арнасындағы бірқатар танымдық жобаларымыз әділ қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып жатыр. Соның ішіндегі ең ірі жобаның бірі –«Ұлт жауһары» деп аталатын жоба. Үш тілде шығатын бұл бағдарлама – еліміздің аймақтарын аралап, ұлттық салт-дәстүрлер, тарих, әдебиет, мәдениетке қатысты көпшілік біле бермейтін дүниелерді іздеп жүретін телеэкспедицияның бірі.  Бұл бағдарламалардың барлығы осындай марапfтқа лайық деп білеміз. Оның артында қаншама кадрда көріне бермейтін телевизия қаһармандарының жұмысы жатыр. Осы үшін барлық әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз.

Иә, «Хабар» бүгінде іргелі шаңыраққа айналып, елдегі үздік арна атанды. Бұған уақыт пен патша көңілді көрермен куә. Ал «бай қуатты болайық» деген сөзімен елдің есінде қалған Н.Иманғалиұлы «Хабардың» бүгінгі аяқ алысын бағамдады.

Нұртілеу Иманғали, Қазақ телевизиясының ардагер журналисі:

– 60 жыл деген тарихтың, шежіренің бел ортасында, Қазақстан Республикасына, қазақ көрермендеріне ерекше, айрықша қызмет жасап жатқан «Хабар» деген арна бар. Мен өзім қызмет жасадым «Хабар» арнасында. «Хабар» контентті өзгерткен арна. «Хабар» менеджментті әкелген арна. «Хабар» алғашқылардың бірі болып ақпараттық салада әлемдік телевизияның тенденциясына ілескен арна. Сондықтан мен хабарлықтарды бүкіл қазақ телевизиясының адамдары секілді ерекше құттықтағым келеді.

«Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауы осымен тәмам. Үздіктер анықталды, марапатын алды.

«Қазақ телевизиясына 60 жыл» медалімен марапатталды

Айтулы шара күні еліміздің Ақпарат және коммникациялар министрі Дәурен Абаев сала ардагерлерін мерейтоймен құттықтап, «Қазақ телевизиясына 60 жыл» атты медальді табыстады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша заман талабына сай көп саласы «Қазмедиа орталығы» салынды. Қазір телеарналар автоматтандырылған жүйелермен толық жабдықталған, жаңа технологиялармен жұмыс істеп жүр. Жаңа дәуірге дейінгі сіздердің атқарған еңбектеріңіз орасан. Еселі еңбектің нәтижесінде қазақ телевизиясы шырқау биікке көтерілді. Сіздерге – қазақ телевизиясының ардагерлеріне қажымас, қайрат, зор денсаулық тілеймін.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Айман Асыл, Жандос Битабаров

Осы категория бойынша: « Елбасы Ресей, Түркия және Иранның сыртқы істер министрлерімен кездесті Н.Назарбаев Си Цзиньпинге ҚХР Төрағасы қызметіне қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы