387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Е.Сағадиев: Талапкерлер ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыра алады

  • 1283
  • UPD: 19:27, 11.05.2018

Студенттік жатақханалар құрылысы мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай деді. Бүгінде 65 мың орынға арналған студенттер үйіне жер бөлінген. Жатақханалардың құрылысы биылғы жазда басталады. Бүгінде жұмыс жоспары әзір. Енді қаржыландыру мәселесі реттеліп жатыр деген министр білім саласына қатысты өзге де өткір сұрақтарға жауап берді.

Жуырда ғана халық алдында есеп берген министр Сағадиев бүгін қос орынбасарын ертіп, Орталық коммуникациялар қызметіне келді. Министр сөзін алда жауапты науқан тұр дегеннен бастады. Яғни маусым мен шілде аралығында жылдағы үрдіспен ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.

Биыл сынақтың форматы өзгермеген – талапкерлер бес пән бойынша емтихан тапсырады. Оның үшеуі – міндетті, ал қалған екеуін тестілеуге қатысушылар мамандығына қарай таңдайды.

Ерлан Сағадиев ҚР Білім және ғылым министрі:

Тестілеу бұрынғы тәртіппен өтеді. Биыл сұрақтардың 25 пайызы жаңартылды. Былтыр да солай болған.  Биылғы ерекшелік – талапкерлер тестті ағылшын тілінде тапсыра алады. Бұл тұрғыда оқушылардан көптеген өтініштер түсіп жатыр.

60 мың мұғалім біліктілік сынағын тапсырады

Тек түлектер емес, биыл мұғалімдер де сынақтан өтеді. Бірақ міндетті емес. Мамырдың жиырма алтысы мен маусымның бесі аралығында өтетін ұлттық біліктілік тестіне 60 мың педагог өз еркімен қатысуға өтініш білдірген. Егер білімдерін дәлелдеп жатса, жалақыларына 30-дан 50 пайызға дейін үстеме ақы қосылады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

– Ол үстеме ақы өзінің еңбекақысына байланысты. Мысалы, оның жалақысы бүгінгі күні 70 мың болса, сол 70 мыңның 50 пайызы. Жалақысы 60 мың, 80 мың болса, сол жалақысына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін сол жалақыны алуға барлық мүмкіншілігі бар. Сондықтан осы ұлттық біліктілік тестілеу мен жаңа жүйені осы мұғалімдерге жаңа үстеме ақы алу мүмкіндігі деп ойлаймыз.

Мамырдың 15-інде ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтеді

Тағы бір жаңалық. Мамырдың он бесінде еліміздегі мектептерде ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтеді. Мұндай кеңесті ұйымдастыру былтыр басталған еді. Қош. Санаулы күннен соң мектеп бітіретін түлектердің тойына қатысты да министр мәлімдеме жасады.

Сағадиев мырзаның айтуынша, мектеп бітіру кешіне ата-аналардың ақша жинауы міндетті емес. Қайта сол қаражатты қайырымдылыққа жұмсаса игі.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Асхат Қарақойшиев, Ерлан Наурызбаев, Есбол Жамшитов

Хабар 24 телеарнасы