375,77 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағасын берді

  • 1265
  • UPD: 09:20, 16.05.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Президент бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралап, аймақтың экономикалық даму көрсеткішімен танысты.

Жоғары сапа, арзан баға. Отандық жиһаздың сапасын Президенттің өзі бүгін бағалап көрді. Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған фабрика жылына 57 мың дана жиһаз өндіріп шығарады. Өзімізге ғана емес, көршіге де жетіп жатыр. Қырғызстан мен Ресейдің бірнеше облыстарынан тапсырыс жиі түседі. Жобаның құны 1,1 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаты күн санап артып келеді.

Дмитрий Пшеничный, кәсіпорынның қаржылық директоры:

- Биыл Қырғызстан мен Ресей нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Бізге мемлекет 1 млрд 700 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берді. Соның арқасында цех аштық, озық қондырғылар сатып алдық.

Мемлекет басшысының әлеуметтік бес бастамасында айтылған «7-20-25» жаңа баспана бағдарламасының іске қосылуымен елде тұрғын үй құрылысы қарқын алса, бұл кәсіпорынның жұмысына леп бермек. Әрбір қазақстандықтың жаңа баспанасын жаңа жиһазбен жасақтап беруге кәсіпорын ұжымы дайын. Бұдан бөлек кәсіпорын аумағында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Президент барған тағы бір нысан «Жайық Агро» зауыты. Еуропалық брендтердің құрал-жабдығы орнатылған кәсіпорында ет пен шұжықтың жүзден астам түрі, қалбыр өнімдері шығарылады. Тіпті қазақтың ұлттық тағамын да татып көруге болады.

Кәсіпорын жылына 7200 тонна құс етін өндіреді. Бұл орайда өнімнің 90 пайызы ішкі нарыққа жіберілсе, 10 проценті сыртқы сатылады. Былтыр Президент телекөпір арқылы тұсауын кескен кәсіпорын экспорт көлемін арттыруды көздеп отыр.

Темірғали Ескендіров, кәсіпорын директоры:

 - 2017 жылы 6 желтоқсанда Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде біздің «Жайық ет» ет өндіру кәсіпорнының құс фабрикасы ашылған еді. Бүгінгі таңда құс фабрикасы 100 пайыз қуаттылықпен жұмыс істейді. Жылына 7 мың тонна өндіреміз. Инвестиция көлемі 4 млрд 200 млн теңге, 240 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясында» Нұрсұлтан Назарбаевқа кәсіпорынның технологиялық қуаты таныстырылды. Зауытта жасалған қорғаныс өнімдері – атыс қаруы мен оқдәрі үлгілері көрсетілді. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев үй құрылысына қажетті қалың қабырғаларды шығарумен айналысатын өңірдегі іргелі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Екі ай бұрын ғана іске қосылған кәсіпорын жылына 1 млн шаршы метр үй жабындыларын шығаруға қауқарлы.

Василий Балакирев, кәсіпорынның атқарушы директоры:

 - Біз он жылдың көлемінде Батыс Қазақстанға сэндвич панельдар тасымалдап келдік. Кейін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының тиімділігін пайдалана отырып, өндіріс ашуға бел будық. Инвестиция көлемі шамамен 1 млрд теңге. Қазір Қазақстанда құрылыс саласының қарқыны зор. Оның үстіне «7-20-25» бағдарламасы жақын арада іске қосылса, біздің өнімге деген сұраныс еселеп өседі.

Мейрамғали Бижанов, кәсіпорын қызметкері:

- Осы «Арган» кәсіпорнында сегіз жылдан бері қызмет еттім. Екі айда болды осы сэндвичке ауысқаным. Өте жақсы, жыл сайы жаңа цехтар ашылып, жаңа техника келіп жатыр. Жақсы таза, жеңіл.

Өңірдің дамуы – елдің дамуы. Оның үстіне Батыс Қазақстан геосаяси маңызы зор шекаралас аймақтардың бірі. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл өңірде 13 млрд теңге бөлініп отыр. Яғни біршама батысқазақстандықтың баспана мәселесі шешіледі деген сөз. Қала әкімінің есебін тыңдаған Елбасын орталық алаңда облыстың зиялы қауымы қаумалап алып, ақжарма тілектерін жеткізді.

Президент Оқушылар сарайына да бас сұғып, шымыр атану үшін шынығып жүрген балғын боксшылармен емен-жарқын әңгімелесті. Жас былғары қолғап шеберлері болашақта осы Батыс Қазақстан облысынан тумасы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда топ жаруға уәде берді.

Мемлекет басшысына өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобалары таныстырылды. Биыл өңірде 92 елді мекенді интернетпен қамту жұмысы басталмақ. Елбасы бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысының алда екендігін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бір топ жаңашыл жастармен де кездесті. Олардың ішінде 1991 жылы есімін Президент қойған ұшқыш жігіт те бар.

Еліміздің батыс қақпасы атанған Ақжайық өңірінде барлық сала бойынша ілгерілеушілік бар. Оны бүгін Президенттің өзі көрді, бағасын берді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі жылдан бері жол түспеді Оралға қарай. Бүгін Ресейден келе жатқанда әдейі тоқтап, облыс жағдайымен таныстым. Өндірісті араладым біраз, бесеуін көрдік. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін зауыт, құрылыс материалдары, жиһаздар жасайтын зауыттарды көріп, елмен сөйлестім. Жастардың сарайында болдық. Жаңа салып жатқан алаңда болдық. Жалпы бір қарағанда айтатын мәселе - облыста өте жақсы жылжу, өнім бар.

Президент батысқа жасаған сапары бойынша өткізген қорытынды жиында Қазақстандағы ең жас облыс әкімі Президенттің «Болашақ» бағдарламасының түлегі Алтай Көлгінов аймақтың атқамінерлері мен халқы бірігіп атқарған істер туралы баяндап берді.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Мысалы, өткен жылы 36 пайыз болды шалғайдағы ауыз су. Сіздің тапсырмаңызға сай қаражат Үкіметтен қомақты етіп бөлінді. Өткен жылы 50 елді мекенге су бердік, биыл тағы сонша жерге су береміз. Нәтижесінде 45 процент сумен қамтылған болады.

Атқарылған іс аз емес, атқарылатыны одан да көп. Аймақта шешімін таппаған мәселенің бірі - жол. Президент бүгін нақты тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сендер қараңдар, мен Үкіметке тапсырма бердім. Қаражат шығарып, биылғы жылы қанша салу керек. Ол үлкен жол емес ғой, даңғыл анадай 5-6 жолақ болатын. Әсіресе ана Бөкей Ордасы ауданына туристерді апарамыз деп отырмыз. Қалай апарамыз ол жерге? Ол Ресейге бізден жақын. Сондықтан осы мәселені қолға алып шешеміз. 

Еліміздің батыс аймағында өсім бар, өзгеріс бар. Аймақта әсіресе кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Облыста бизнестің жалпы өнім саласындағы көрсеткіші 42 пайызға жеткен. Ал еңбек еткеннің есебі түгел болатыны әлімсақтан белгілі. 

Авторы: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев

Хабар 24 телеарнасы