389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев Нарендра Модиді Үндістанның ШЫҰ құрамына толық құқылы мүше болуымен құттықтады

  • 511
  • UPD: 21:46, 10.06.2018

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанына тоқталып, Үндістан Премьер-Министрін елдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына толық құқылы мүше болуымен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның осы мәселеге байланысты Үндістанды әуел бастан толық қолдағанын айтты.

«Былтыр өзіңіз бізге қолдау көрсетіп, Астанада өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне келгеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Сол арқылы осы шараға халықаралық деңгейде назар аударылуына септігіңізді тигіздіңіз», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нәтижесінде былтырдың өзінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 53 пайызға артып, 1 миллиард долларға жеткенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта елдеріміз арасында ғарыш, фармацевтика саласындағы, әскери-техникалық сектордағы және басқа да салалардағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Бізге осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек», – деді Қазақстан Президенті.

Үндістан Премьер-Министрі Үндістан өкілінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық сотының құрамына сайлануына қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы көп жақты ынтымақтастық табысты дамып, нығайып келе жатқанына тоқталды.

«Сізді Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймын және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты ізгі ниетімді білдіремін», – деді Үндістан Премьер-Министрі.

Кездесу соңында Нарендра Моди Қазақстанның Үндістан үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналатынына тоқталып, Үндістан тарапының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар Үндістан Премьер-Министрі Қазақстан тарапының Халықаралық Күн Альянсына қосылуына өтініш білдірді.

Хабар 24 телеарнасы