365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев: Домбыра – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті

  • 917
  • UPD: 20:06, 01.07.2018

Бүгін қазақ елін күй тербеткен күн. Ұлттық брендке айналған домбыра күнін қалың жұрт бар сән-салтанатымен атап өтті. Астанадағы Қазақ елі алаңында бір мезетте 2 мыңнан аса домбырашы нақышына келтіріп күй тартты.

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін салтанатты шараны тамашалап, мәре-сәре. Елбасы да халықтың ортасынан табылып, дүйім жұртты мерекемен құттықтады.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Қадыр ақын ұлттық болмысымызды өлеңнің осы бірер жолына сыйғызды. Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Мұны жексенбі күні таң сәріден Қазақ елі монументіне жиналған қалың жұртшылықтың қуанышты жүзінен аңғаруға болады. Жасы да, қариясы да домбырасын арқалап, алаңға келді. Қайта-қайта аспаптарының құлақ күйін келітріп, соңғы дайындықтарын пысықтап жатты.

Бұл шара бұрынғыдан өзгерек. Қос ішекті шерте алатындардың кез келгені сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Ең кішкентай қатысушы – 7-де, үлкені 75-те. Мәжит ақсақал сонау Жезқазғаннан ат терлетіп жетіпті.

Мәжит Бекежанов, қала қонағы:

- Телевизия, газеттер арқылы Ұлттық домбыра күнін хабарлап жатыр ғой, содан естідім де жазылдым. Сондықтан келдім.

Сонымен, көптен күткен сәт те жетті. Ұлттық домбыра күнін өткізуге жарлық шығарған Елбасының өзі халықты құттықтауға арнайы келді. Домбырашылар игі бастамаға арқау болған Президентті күй әуенімен қарсы алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын білеміз. Ғалымдар бұл сурет берісі 4 мың арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуіріміздің 4-ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуіріміздің 6-ғасырға тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның күмбірлеген күйін естіген. Қуанышта да, өкініште де бірге келе жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың қаны да, жаны да бір екенін дәлелдейтін нақты нәрсе.

Домбыра – қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын аспап. Бүгінде оны әлем мойындады. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мойнына көне түркі таңбасы мен жұпар әуені бізді сүйсіндіреді деп жазылған аспап, сонау Күлтегін заманынан бері  келе жатыр. Одан бері қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді. Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға  алып, сайын даланы жаңғыртып ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырмас бөлшегіне айналып келеді. Бұл – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті.

Ұлттық мерекеде 2 мыңнан астам қатысушы бір мезетте домбырадан  әуелете күй төкті. «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын» мен «Ерке Сылқым» және «Сарыарқа күйлерін» қатысушылар шабыттана орындады.

Президент шараға қатысқан жастармен қол алысып, тілегін білдірді.  Күміс көмей әншілермен де кездесіп, қосылып халық әнін шырқады. Қолөнер шеберлерінің бұйымдарын қарап, құнды жәдігерлер қойылған көрмені де аралады. 

Ұлттық домбыра күніне орай елордада киіз үйлер тігіліп, шағын көрме ұйымдастырылған. Мұнда ұлттық саз аспаптарының түр-түрі қойылған. Ал бұл жерде өнерімен артына өшпейтұғын із қалдырған майталмандардың домбырасы бар. Мәселен, мынау – Құрманғазының көзі тірісінде ұстаған аспабының көшірмесі.

150-200 жылдан астам тарихы бар 15 жәдігердің көшірмесі Алматыдан арнайы жеткізілді. Ең көне аспап – Махамбеттікі. Дина Нұрпейісова мен Ақан Серінің ұстаған домбырасына дейін бар.

Рүстем Қайратұлы, Ы.Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының қызметкері:

- Мәселен, Ақан Серінің домбырасын айтатын болсақ, бұл былтырғы жылдың ең үлкен жаңалығы болды. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында дәл осы домбыраны музейге іздеп тапқан болатынбыз. Бұл домбыра Ақан Сері жайында 2 томдық кітап жазған С.Жүнісовтің қолында қалған екен.

Атадан балаға мирас болып, бүгінге жеткен қасиетті домбыраға халқымыздың құрметі ерекше. Әр шаңырақтың төрінде ілініп тұратын бұл аспапты күмбірлете тартқан күйшілердің есімі де мәңгі сақталмақ. Астанадағы күй атасы Құрманғазы мен Алматыдағы Нұрғиса Тілендиевке қойылған ескерткіш соның айқын дәлелі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Рухани жаңғыруға бет бұрған халқымыз қасиетті домбыра мен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл дүниеге паш етіп отырмыз. Осы жерде күмбірлеген күйлер біздің бірлігіміз бен рухани тұтастығымызды білдіреді. Лайым әр уақытта бізге Жаратқан бірлік берсін. Осы күйдің бірлігіндей бірлік беріп, қазақтың татулығы мен елдің болашағын жарқын етсін.

Концертке келген халықтың қуанышында шек жоқ. Жиналған қауым ұлттық аспабымыз ұлықталып, күнтізбеде жаңа мерекенің болғанына риза.

Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан домбыра күні енді шілде айының алғашқы жексенбісінде өтетін тұрақты мерекеге айналды. 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Өмірбек Ізімов

Осы категория бойынша: « Елбасы Астананың 20 жылдығына арналған өңірлердің тартуын аралады Елбасы Ұлттық ғарыш орталығына барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы