365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Астана» ХҚО-ның презентациясына қатысты

  • 320
  • UPD: 20:03, 06.07.2018

Президент Орталық Азия елдерінің басшыларымен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына арналған цифрландыру көрмесін аралады.

Қырғыз, өзбек және тәжік елдерінің басшыларына Қазақстанда инновациялық қаржы технологияларын дамыту мақсатында қолға алынған жобалар көрсетілді.

Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы Орталық Азия елдерінің көшбасшыларына таныстырылды. Елбасы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге орталықты аралады. Алдымен күні кеше жұмысын бастаған қаржылық хабтың технологиялық мүмкіндіктерін тамашалады. Мұнда барлығы цифрлық жүйе бойынша жұмыс істемек. Дербес қаржы орталығында ағылшын соты үстемдік етеді. Сот төрелігі цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Түрлі стартаптар инвесторлардың қызығушылығын арттырары сөзсіз. Сондай-ақ меймандар адам кейпіндегі ең бірінші гиноид Софиямен тілдесіп көрді. Яғни жасанды интеллект. Софияның миы адамдікіне ұқсас, электронды нейроталшықтардан тұрады. Сауд Арабиясының азаматшасы. Ол – азаматтық алған алғашқы робот.

Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Орталық Азия елдерінің басшыларына қаржы орталығы қызметі туралы кеңінен әңгімеледі. Әсіресе Жібек жолының бойындағы елдердің кәсіпкерлерін қаржы орталығының қызметіне белсенді атсалысуға шақырып отыр.

Қайрат Келімбетов, «Астана» ХҚО басқарушысы:

- Құрметті Президент мырзалар, уақыт бөліп келгендеріңіз үшін рақмет. Күні кеше «Астана» қаржы орталығының тұсаукесер рәсімін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткізді. «Астана» қаржы орталығының басты мақсаты – аймақтық хабқа айналу. Осы арқылы инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл, бір шетінен, біздің өңіріміздегі интеграциялық әріптестікті жандандыруға септігін тигізеді. Біз алғашқы болып посткеңестік елдер арасындағы кеңістікте Ата заңымызға өзгеріс енгізіп, осы орталықта ағылшындық сот жүйесін енгіздік. Мұндай жүйе Гонконгте бар. Бір елде 2 жүйе қатар жүреді. Яғни ағылшындық сот жүйесі мен Ата заң. Тәуелсіз сотқа Ұлыбритания мен Уэльстан 9 сот және халықаралық арбитраж орталығына 23 арбитр тартылды. Олар инвестициялық дауларды қарап, шешім шығаратын болады. Біздің орталық арқылы Ташкентте немесе Душанбеде отырып жасыл экономиканы дамытуға мүмкіндік мол.

Татьяна Столярова, модератор:

- Күні кеше орталықтың ашылуы өтті. Аз уақытта қаржылық хабты іске қосу – үлкен жетістік. Мұның бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Оған қоса барлығыңызды Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын. Бұл Қазақстан секілді елдің өзгелерді таңқалдыра алатынын көрсетеді. Мұндай ауқымды добаларды жүзеге асыру үшін қаржырлы еңбек қажет. Сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі – «Астана» халықаралық қаржы орталығы.

Расында еліміз халықаралық қаржы орталығына шетелдіктерді тарту үшін барымызды салып жатыр. Инвесторларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріліп отыр. Валюталық, визалық және еңбек режимдері де барынша жеңілдетілген. Қордың биржадағы екі ірі серіктесі бар. Бірі  – Қытайдың Шанхай қор биржасы болса, екіншісі – американдық NASDAQ. NASDAQ технологиялық тұрғыдан ең дамыған биржа болып саналады. Оның бүкіл платформасын, ақпараттық жүйелерін Астанадағы орталық қолданады. Ал Шанхай биржасы үлкен капиталға, қаржы инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етпек.

Қайрат Келімбетов, «Астана» ХҚО басқарушысы:

- Қаржы орталығы әлемнің әр түпкіріндегі инвесторлар Орталық Азиядағы инфраструктуралық жобаларды қаржыландыра алады. Біз оған тікелей атсалысатын боламыз. Еуразиялық экономикалық одақты да осы тізімге қосуға болады. «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бағдарламасына қаржылық қызмет көрсететін орталыққа айналу мүмкіндігі бар. Қазір бізде 50-ден аса компания жұмыс істеп жатыр. АҚШ, Ұлыбритания, Таиланд, Қытай елдерінің компаниялары. Осылардың қатарын Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан компаниялары қосылса дейміз. Сіздерде өміршең жобалар мен кәсіпкерлер көп екенін білеміз.

Ресми түрде жұмысын бастаған «Астана» қаржы орталығы арқылы алпауыт компаниялар құнды қағаздарын сата алады. Қазірдің өзінде биржада 34 миллиард доллардан асатын активімен 14 брокер бар. Жыл соңына дейін компаниялардың саны 100-ге жеткізу межесі тұр. Бастысы,  тиімді әрі өміршең жобаларға инвесторлардың қаржысын тарту. Сондай-ақ бұл жерде қарапайым халық ақшасын салып жинағын еселей алады.

Авторы: Әсем Қабылбек

Осы категория бойынша: « Астананың 20 жылдығына және Қазақстан Президентінің туған күніне орай кездесу өтті Елбасы Астананың іргесін алғаш қалаған азаматтармен кездесті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы