371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандықтар Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салуда

  • 762
  • UPD: 10:11, 21.07.2018

Алматылықтар даңқты спортшы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салуда. Марқұммен қоштасу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр.

Кешенге келген адам санында есеп жоқ. Барлығы батыр ұлдың бақи болғанына сенбей, көз жастарын әлі де тыя алмай жүр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

–Тірісінде мұқым елдің қошеметіне бөлінген мұзбалақ ұлды мұндағы жұрт қимастықпен ақтық сапарға шығарып салмақ. Арқаға аяздай батқан бұл қаза әр қазақты күңірентпей қоймады, сірә. Көкөрім шағында қазақ атын шартарапқа әйгілеген Денис Тенмен қоштасуға билік тұтқасын ұстаған шенділер де, ел намасын жаһандық жарыстарда қорғап жүрген атақты спортшылар да келді. Жасы да, жасамысы да бар мұнда. Батыр ұлмен қоштасу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Кешенге келген адам көп. Көк мұзда сүрінбеген олимпиада жүлдегерін қара жерге құлатамыз деп кім ойлаған?!

Тұрымтайдай ұлдан тап осылай көз жазып қалғанымыз өкінішті. Мәнерлеп сырғанаудан қазақ атын төрткүл дүниеге танытатын талай спортшы өсер, оған да көп ұзамай куә болармыз. Бірақ Денис салған жол – дара жол, сара жол. Ол өз сүрлеуін қалыптастырды. Сол сүрлеумен абыроймен жүріп өтті. Бақи өмірге аттанған батыр ұлға, «бақұл бол» деуден басқа амал  жоқ. Марқұм қала іргесіндегі Достық ауылына жерленеді.

Осы категория бойынша: « Елбасы Бас прокурор мен Ішкі істер министріне Д.Теннің өліміне қатысты істі ерекше бақылауға алуды тапсырды Денис Теннің сүйегі жер қойнына тапсырылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы