367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы полициясы көлік базарларында рейд жүргізді

  • 261
  • UPD: 19:42, 25.07.2018
Алматы полициясы көлік базарларында рейд жүргізді autoparts-market.kz

Алматыда жүздеген полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары қаланың ең ірі автобазарларын қоршауға алды. Куәгерлердің айтуынша, тәртіп сақшылары сауда орындарының ішіне ешкімді кіргізбеген, ешкімді шығармаған.

Ал әлеуметтік желіде бұл оқиғаны Денис Теннің өлімімен байланыстырып отыр. Әдетте улы-шулы базар бүгін тыншып қалды. «Жібек жолын» 100-ден аса тәртіп сақшысы мен Ұлттық ұланның сарбаздары кірерге есік, шығарға тесік таппайтындай қоршап, сауда орнын жаппай тексеріп жатыр.

Алматы полицейлері бүгіннен бастап алдағы төрт күн бойы жедел алдын алу шарасын өткізеді. Автобазарларды аралап, ұрланған қосалқы бөлшектерді саудалау деректерін анықтамақ ойлары бар. Мұндағы саудагерлер тәртіп сақшыларына қырын қарағандары да сондықтан шығар.

Полиция болса заңның ала жібін аттағандарды анықтап, автобусқа тықты. «Неге? Не үшін?» деген сұрақтар бізді де мазалаған. Сөйтсе бұлар көші-қон заңнамасын елемеген азаматтар екен.

Бұдан кейін тәртіп сақшылары ұрланған автобөлшектерді іздеуге білек сыбана кірісті. Тырысты. Тіпті, басшылықтың өзі келіп, қызметкерлеріне қалай жұмыс істеу керегін көрсетті.

Бұдан кейін тәртіп сақшылары саудагерлерді қаумалап, тауарлардың шыққан жерін анықтап жатты. Әр бөлшектің құжатын сұратты. Алайда кәсіпкерлер сабақ оқымай келген баладай бастарын шайқап, қағаздарды «ертең әкелейікші» деп өтінді. «Әкелеміз» деп серт берді. Полиция да «мақұл» десті. Бірақ «құрғақ уәдемен қуырдақ қуырып, арқамыздан қағып, алдап-арбап жүрмеңдер, мұның арты жақсылыққа әкелмейді» деп ескертті.

Базарда ұрылар да жиі «қонақ». Әкесінің үйіне келгендей, ұрланған бөлшектерді емін-еркін ұсынып жүреді екен. Бірақ дені аузын буған өгіздей тұрып алып, бұл туралы тіс жармайды. Тек біреуін ғана ашық әңгімеге тартып көріп, ащы да болса шындығын біліп алдық.

Әлішер Рузиев, саудагер:

- Бізге әкеледі. Бірақ мен алған жоқпын. Ұрланғандар келеді. Жеке басым ұрланған заттарды алмаймын.

«Базарда рейд болады» дегенде, дүрілдеген өсектер судай  ағылды. Тәртіп сақшылары басқаларымен әлек болып жүргенде, сол сәтті пайдаланған бірқатар саудагер бутигін жауып қашуға асықты.

«Үріккен еліктей табанын жалтыратқандарды бәрібір де іздеп тауып аламыз», – деп уәде берді тәртіп сақшылары.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

- Біраз сауда орындары жабылды. Бірақ олар тексерілмейді емес. Міндетті түрде тексереміз. Біз осы жұмысқа ізкесушілерімізді қосамыз. Ол азаматтарды полицияға  шақырып, түсініктеме беретін болады. Бұл азаматтардың ішінде ұрланған автобөлшектер сататындар анықталса, онда олар заң бойынша жазаға тартылады.

Бүгін бұл базарға ұрланған бөлшектерді анықтауға келген полицейлер басқа да қылмысқа төтеп берді. Тәртіп сақшылары бұған дейін сотталған Жамбыл облысының  азаматын есірткімен ұстап алды. 

Авторлары: Ж.Біркенов және Р.Джакупов

Осы категория бойынша: « Елімізде жедел даярлық курстарынан өткен мамандардың жартысы ғана жұмыс тапқан ҚР СІМ АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматтары жайлы ақпаратты тексеріп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы