369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемдік логистикалық хабтар Құрық портымен әріптестік орнатуға мүдделі

  • 347
  • UPD: 17:58, 11.08.2018

Отандық және транзиттік жүк көліктері тікелей Кавказ, Оңтүстік Еуропа, Түркияға жол тартады. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Құрық портының мультимодальды хабын таныстыру рәсіміне қатысты.

Стратегиялық маңызды нысанның арқасында елдің транзиттік-көліктік әлеуеті артып, халықаралық сауда-саттық жанданбақ. Болжам бойынша жаңа паром жылына 2 млн тонна жүк өткізеді.

«Ақжігіт-Бейнеу» тас жолы. Тауар тиелген жүк көліктері Құрық портын бетке алмақшы. Жалпы ұзындығы 80 шақырымнан асады.  Транскаспийлік дәліз елімізді Өзбекстан және Орталық Азия елдерімен байланыстырушы. Көршілес мемлекеттер Құрық портының мүмкіндігін тиімді пайдалана алады. Бастысы – жол қашықтығы қысқарып, логистикалық шығын азаймақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Өзбекстан арасындағы автомобиль жолының алғашқы кезеңін іске қосуға рұқсат берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзбекстан Президенті Шавкат Мироманович Мирзиеевтің сұрауымен тездетіп салынып жатқан жол. Өзбекстанды Қазақстанмен қосып, Өзбекстанның жүктерін Каспийге әкелуге және біздің порттардың жұмысын жандандыруға үлкен мүмкіндік. Сондықтан барлықтарыңа істеген шаруаларыңа ризашылықты білдіремін. Табысты болыңдар. Аман болыңдар. Жіберейік портты.

«Қорғас - Шығыс қақпасы» Қытаймен шекаралас. 1,5 миллиардтан асатын халқы бар алып нарық. Біздің ел арқылы Еуропаға тауар жеткізеді. Бүгін «Қорғас - Шығыс қақпасы» Құрық портына контейнерлік пойызбен алғашқы жүкті жөнелтті. 82 контейнер Грузиядағы Поти портына жеткізіліп, одан әрі Италияға жөнелтілмек. Телекөпір барысында Президент құрғақ порттағылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Ван Юнфен, COSCO SHIPPING бас директорының орынбасары:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Си Цзиньпин мырза екеулеріңіздің Ұлы Жібек жолын жаңғырту туралы бастамаларыңыз нәтижесін беріп жатыр. «Бір белдеу – бір жол» мен «Нұрлы жол» секілді жобалар бірін-бірі толықтырады. Бұл жүк тасымалын жандандыруға сеп. Біздің компания «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып табылады. Жылына 90 млн тонна контейнерлік жүкті тасылмалдаймыз. Осы істе Қазақстан территориясындағы жолдарды да пайдаланғымыз келеді.

2017 жылы Құрық арқылы 1,5 миллион тонна жүк өткізіліп, 320 кеме портқа кірген. Әлемдік логистикалық хабтар Құрық портымен әріптестік орнатуға мүдделі.

Сұлтан Ахмед бин Сулайем, Dubai Port World директорлар кеңесінің төрағасы:

- Құрық портының жұмысына сәттілік тілеймін. 2012 жылдан бері Қазақстанмен тығыз жұмыс істеп келеміз.Сондықтан біз бұл мемлекетте Шығыс пен Батыс қақпасын байланыстыратын көлік-логистикалық хаб құру туралы бастаманы қолдаймыз. Аз ғана уақыттың ішінде Қорғас құрғақ порты салынды. Ол транзит саласының қозғаушы күшіне айналды. Порт жұмысына үздік тәжірибелерді енгіздік. Каспий инфрақұрылымын дамытуға соны серпін берілді. Енді Қара теңіз бен Жерорта теңізінің порттарына жол ашылды.

Кеңес өкіметі тұсында тек Ақтау порты болғаны мәлім. Оның өзі тек ішкі мақсатқа ғана қолданылды. Ал бүгінде Қазақстан барлық теңізге шығуға мүмкіндік алған бірегей мемлекет.

Арман Сұлтанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Елбасымыздың 2014 жылғы Жолдауында Қазақстанды транзиттік хабқа айналдыру маңызы зор деп сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан темір жолы, міне, 3 жылдың ішінде Каспий жағасында жаңа портты іске қосты. Өздеріңіз білесіздер, Маңғыстау жерінде ауа райы өте қолайлы, порт қысы-жазы тоқтаусыз автокөлікпен, темір жол паромдары жүктерді тасиды, жұмыс жасайтын болады. Каспий теңізі паром арқылы барлық көршілес елдеріне, Түркияға және Еуропаға кез келген жүкті тез арада жеткізуге болады енді.

Мұрат Исатаев, Құрық портының жұмысшысы:

-Мен Маңғыстауда тудым. Қазақстанның көлік саласындағы озық жоғарғы оқу орындарында білім алдым. Порттың негізі қаланған сәттен бастап оның дамуына қатысатындығымды мақтан тұтамын.Теңіз және терминалды шаруашылық маманы ретінде менің дағдыларым портта табысты қолданылады. Күн сайын мен кемелерге қызмет көрсетемін және автокөліктер мен вагондарды қарқынды жіберуді жүзеге асырамын.

Президент жастарды жаңа мамандықты меңгеруге шақырды. Қызмет көрсету саласы – табысты кәсіп. Еңбектенсең нәсібі мол.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір дүниенің 60-70% экономикасы сервистан, сондықтан біз жастарды үйретуіміз керек. Мынау порттарда жұмыс істеуге, жолдарда жұмыс істеуге, жолмен жүретін көліктерге қызмет істеуге. Бұл жерде қыруар жұмыс орны бар. Жалпы алған кезде біз 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп отырмыз. Ол жаңа мамандықтар бұрынғылар емес. Ол тұрақты мамандықтар. Бағаның төмендеуіне, жоғарылауына, мұнай мен газға бағынбайтын тұрақты жалақы табатын көзі болып табылады. Жаңа технологияларды енгізу арқылы өңдеу өндірістерін дамытатын болады. Мұның бәрі өңірдің туристік индустриясын дамытуға жол ашады. Жаңа айтып кеткен Араб Әмірлігінің, біздің достарымыздың келіп, портта жұмыс істеуі, инвестиция салуы біз үшін өте қажет.

«DP World» – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі порт операторы. Құрықтағы мультимодальдық көлік хабының тұсаукесерінде Елбасы аталған компанияның директорлар кеңесінің тқрағасы және атқарушы директоры Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесті. Алып холдинг «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен Ақтау теңіз айлағын дамыту үшін басқарушылық кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Ал Құрық портына қатысты мемлекеттің жоспары ауқымды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке облыс әкімімен бірлесіп, мультимодальды хабтар – Ақтау және Құрық порттары төңірегінде қосымша өндірістер мен сервистік секторлардың дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Құрық порты – еліміздің транзиттік, экспорттық әлеуеттін арттыратын іргелі жоба. Биыл порттағы теміржол және автомобиль паромдары толық іске қосылды. Енді жылына алты миллионға дейін жүк өткізуге мүмкіндік бар. Бұдан өзге жақын маңдағы теңіз айлақтарына қызмет көрсету мақсатында кеме жасау, кеме жөндеу зауыттары, мұнай құю терминалы, технопарк, құтқару қызметі орталығын орналастыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Ержан Қанапияұлы, Антон Болтрушевич ҚР Президенті телерадиокешенінің көмегімен

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы «DP World» компаниясы басқармасының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесті Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын Ақтау саммиті басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы