365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Исекешев: 2019 жылы Астанада су ағызып шығару екі есеге күшейтіледі

  • 265
  • UPD: 19:50, 22.08.2018

Астанада жауын-шашынның алдын алатын арнайы мекеме құрылуы мүмкін. Үкімет отырысында шаһар басшысы Премьер-министрге осындай ұсыныс айтты.

Екі күнгі ақжауын астаналықтарды ғана емес, шенеуніктерді де шаршатқан сыңайлы. 20 жылда бас қаладағы кәріз жұмысын шеше алмадық деп шүйліккен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев орынбасары Асқар Маминге кешенді жоспарды тағы бір қарап шығуды тапсырды.

Елордалықтар «жаңбыр жаумаса екен» деп тілейтін күнге жетті. Себебі ақжауын бір басталса6 көше біткенді көлкітіп, Астананы Венецияға айналдырып жібереді. Мұны табиғаттың тосын мінезі деуге тағы келмейді. Арқаның климаты осындай. Өзге өңірлерге қарағанда күзі ерте түседі. Демек, бұл коммуналдық қызметтің қауқарсыздығы. Мұны қала әкімі Әсет Исекешев те мойындап отыр.

Әсет Исекешев, қала әкімі:

- Табиғи монополиялар туралы заңда жаңбыр суын шығару қызметі реттелмеген. Міне сондықтан біз Астанада кәсіпорын құру туралы шешім қабылдағымыз келеді. «Астана Тазалықтың» базасында кәріз жүйелерін баланста ұстайтын кәсіпорын құратын уақыт келді. Осыған байланысты жауапты министрлікке тапсырма беруіңізді, «Астана Тазалықты» жекешелендіру бағдарламасынан шығарып тастауыңызды сұраймын. 

Қала басшысы тұрғындарды мезі еткен мәселені үш жылдың ішінде шешемін деп уәде берді. Қазірдің өзінде жаңбыр суын ағызып жіберетін тың жобаны қолға алдық дейді. Бірақ оның жүзеге асуын тағы бір жыл күту кеерк. Кешегі қолайсыз күн Жеңіс Қасымбекті де әбігерге салса керек. Қаладағы жағдайда өз көзіммен көрдім деген министр әріптесінің ұсынған жобасын қолдауға дайын. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Ол ұсынысты мен қазір бірінші рет естіп тұрмын. Бірақ мына жағдайды жақсартса, қолдау керек деп санаймын. 

Күз келді дегенше, қыс келді деңіз. Синоптиктердің болжамы шаруалардың көңілін күпті етті. Егістік аймақтарда жауын-шашынның көп түсуі астық жинау науқанына кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазір Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыстың қызған шағы. Жамбыл облысы мен Түркістан өңірінде егін жинау жұмыстары аяқталған. Айтпақшы, Ауыл шаруашылығы министрі биыл бидай бағасы өсуі мүмкін деп болжайды.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі:

- Арзандатылған жанар-жағармай бағасы нарық бағасынан төмен болғанымен, операторлардың қызметіне байланысты соңғы баға жоғары күйінде қалып отыр. Өңірлердің әкімдіктері өздерінің операторларымен бағаны төмендету турасында жұмыс жүргізуі қажет.

Егін жинау жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінген. Осыған байланысты облыстардың әкімдеріне астық жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін қажетті ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Ауыл шаруашылығына дизель отынын жіберуге ешқандай проблема қазір зауыттарда жоқ. «20 тамыздағы жағдай бойынша 44 мың тонна жіберілді, бұл жоспарланған көлемнің 40 пайызын құрайды. Зауыттарда дизель отынына қатысты ешқандай да проблемалар жоқ. 20 тамызда Павлодар МӨЗ жөндеуден кейін пайдалануға берілді, зауыт тәулігіне 4–5 мың тонна отын шығаратын болады.  

Сондай-ақ елімізде жылу маусымына дайындық жұмыстары пысықталуда. Еліміз бойынша 15 қазанға дейін барлық жұмыс аяқталуы тиіс. Осы ретте Үкімет басшысы өткен жылдағыдай көмір мәселесі болмауын баса ескертті. Халықты сапалы көмірмен қажетті көлемде уақытылы қамтамасыз етуге аймақ басшылары  тікелей жауапты екендіктерін тағы бір еске салды.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ербол Даиров, Есбол Жамшитов

Осы категория бойынша: « Елбасы Әзірет Сұлтан мешітіне барды Елімізде 5 мың педагог жетіспейді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы