374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: «Назарбаев» университетін қазақтың элитасын тәрбиелесін деп жасадым

  • 531
  • UPD: 21:42, 23.08.2018

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Өңірде 4 бірдей нысанға аялдап, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралған кеңеске қатысты.

Қойнауы қат-қабат қазынаға толы Атырау республика бойынша жалпы ішкі өнімнің 14%-ын береді. Өндірісті өңірде ондаған кәсіпорынның басын қосқан «Дәулет» жекеменшік индустриалды аймағы бар. Елбасының облысқа жұмыс сапары «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты осы кластерлік кешеннің мүмкіндіктерін бағамдаудан басталды. Өндіріс орны өңірдің азық-түлікке деген сұранысын өтеп келеді. Яғни ас атасы – наннан бастап, макарон және кондитерлік өнімдер, ет консервілері мен ауызсу шығарылады. Ұн тартатын кәсіпорын да осында орналасқан. Жылына бір ғана ет консервісінің 12 тоннадан астамы дайындалады.

Азық-түлік өнімдер жергілікті жұрт пен кен орындарына жіберіледі. Аймақта арнайы киім тігетін цех пен асфальт зауыты да жұмыс істейді. Мемлекет басшысы кәсіпорын мүмкіндігін жоғары бағалап, ауқымды жобаның әлеуметтік тұрғыда маңызы зор екенін атап өтті. Себебі, холдингте 5 мың адам еңбекпен қамтылған.

Рашид Отаров, «Дәулет» индустриалды аймақтың өкілі:

- Үкіметтің қолдауыменен 6%-дық несие, Елбасының қолдауы. Кәсіпкерлерге деген қолдауы. Атыраулық кәсіпкерлердің атынан үлкен рахметіміз, алғысымыз бар. Бізді қолдап келеді. Енді болашақта қаланы жақсартуға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бетон зауытын қосайын деп жатырмыз.

Кәсіпорын аумағында Президентке индустриалды жобалар таныстырылды. Солардың қатарында құны 12 миллиард теңге болатын қуаттылығы 52 мегаваттық жел электр станциясы бар. Бұған қоса, Президент жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесті.

Облыс азық-түлік өндірісін ғана өркендетіп отырған жоқ. Ел экономикасына едәуір ықпал ететін мұнай-газ саласын заман талабына сай жаңғыртып келеді. Соның арқасында жыл басынан бері 24 миллион тонна қара алтын өндірілді. Оған 12 миллиард текше метр ілеспе газды қосыңыз. Жергілікті кәсіпорындар үшін өндіріс көлемін арттырумен қоса, интеллектуалды технологияларды көптеп қолдану міндеті тұр. Президент тапсырмасына сай отандық кен алаңдарын цифрлық технологиямен басқару ісі басталып кетті.

Абат Құлшанов, өндіріс жөніндегі басқарушы директоры:

Мысалы ұңғыма тұрып қалуы мүмкін. Сол кезде біз тез арада осы жерден қалдағалап, тапсырма беріп ұңғыманы қоса аламыз, бір жағынан операторымыз қашықтан скважинаны басқара алады. Осы экран арқылы техниканы қадағалап тұр.

Сапар барысында отандық мұнай-газ саласының бағыт-бағдары да бағамдалды. Президентке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов «Ұлттық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қызметін таныстырды. Сонымен қатар Атырау облысының геоақпараттық порталы көрсетілді. Жергілікті билік өкілдері жаңа жүйенің өңірдегі инженерлік желілерді бір ретке келтіретінін айтты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы алқаптары мен табиғи қазба-байлықтар жөнінде пайдалы мәлімет беріп, оларды сатып алуға жайлы жағдай жасайды.

Еліміздің мұнай компаниялары үшін шығарылатын металл бұйымдар Атыраудағы мына өндіріс ошағында әзірленеді. Мәселен, бұрғылардың қашауы. Президент аялдаған бұл нысан мұнай-газ саласына сервистік қызмет көрсетеді. Таяуда мұнда темірден түрлі жабдық жасайтын автоматты қондырғы іске қосылды. Ерекшелігі сол, өндіріс автоматты жүйеге негізделген. Яғни, робот техникалары жұмыстың басым бөлігін істейді. Айта кеткен жөн, компания былтыр толық мұнай бұрғылау кешенін іске қосты.

Асхат Дүйсалиев, компания басшысы:

- Өңіріміз мұнайлы болғандықтан, кез келген кәсіпорын жұмысына дәнекерлеуші, токарь сынды мамандар тапшы. Автоматтандырылған қондырғылар арқылы осы мәселені шеше алдық. Жаңа станоктарды қолдану кәдімгі смартфондағы секілді.

«Қазақстан Даму банкінің» қолдауымен іске қосылған өндіріс ошағында 100-ден аса адам жұмыс істейді. Жыл сайын шеберлер қолынан шыққан 4 мың тонна металл бұйымы отандық мұнай өндіруші компанияларға ұсынылады. Бұл өңірдегі қара алтын саласындағы әріптестіктің жан-жақты жолға қойылғанын көрсетеді. Президент кәсіпорын жұмысын жоғары бағалап, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын сұрады.

Айта кеткен жөн, Президент жариялаған бес әлеуметтік бастаманың шарапатын атыраулық жастар сезініп үлгерді. Жаңа оқу жылы қарсаңында Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің студенттер үйі ашылды. Былтыр оқу орны 300-дей шәкіртін жатақханамен қамтамасыз ете алмаған. Енді бұл мәселе толдық шешімін тапты. Себебі, студенттер үйі 450 орынға лайықталған. Сондай-ақ мұнда фитнес залы, заманауи кітапхана, бассейн және коворкинг орталығы бар.

Абзал Талтенов, Х.Досмұхамедов атындағы АМУ ректоры:

Бес бастаманың үшіншісі гранттар саны мен студенттерді жатақханамен қамту болатын. Сол бастаманы қолдау ретінде «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы осы ғимаратын сыйға тартты. Қуанышымызда шек жоқ. Бұл негізі кезінде 6-7 жыл бұрын қонақ үй ретінде салынған. Қазір жатақхана қалпына келіп, жатақхана деп айтуға қиын. Студенттер үйі деп қойдық.

Биыл университетте 100 жаңа оқулық жобасы аясында білім беріледі. Студенттер қазақ тіліне аударылған ғылыми еңбектерге енді кез келген уақытта қол жеткізе алады.

Заманбек Шәкіров, студент:

- Бұрынғы жылдары әлемге танымал оқулықтарды аударамыз. Елбасымыздың мақаласының арқасында тікелей қазақ тілінде оқитын боламыз. Бұл біз үшін ғылым жолында әрі қарай жетістікке жетуімізге септігін тигізеді деген ойдамын.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны Мемлекет басшысының облыс активімен өткен кездесуде айтылды. Жиын басында Президент атыраулықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшылығы жартыжылдықта жеткен жетістіктерге кеңірек тоқталды. Әсіресе, облыстың өңдеу өнеркәсібі қарқынды түрде дамыған.

Атыраудың денсаулық сақтау саласына келер болсақ, өңірде 141 медициналық мекеме бар. Барлығы ғаламтор желісіне қосылған. Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің білім беру жүйесін де бағамдады. Аймақ мектептері білімді әрі білікті шәкірт тәрбиелеу қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Зияткерлік мектепті, «Назарбаев» университетін қазақтың элитасын тәрбиелесін деп жасадым. Елдің барлығының қабілеті жетпейді. Әркімнің ақыл-ойы, санасы әртүрлі болады. Былай ойлап қарасаңыздар, қазір дүниедегі адамдардың 2-ақ пайыздан астамының ғана жоғары білімі бар. Сондықтан халық түсіну керек. Бірақ қабылдау әділ болуы керек.

Облыстың негізгі капиталына құйылған инвестиция 1 триллион 650 миллиард теңгені құрады. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар жалғасын табуы тиіс. Енді аймақ туристік саланың дамуына екпін беруі қажет.

Сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы облыста атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Әсіресе, инвесторлармен әріптестікті жетілдіру маңызды міндет екенін айтты.

Мұнайлы өлке Атырауда толымды тірліктер көп. Оларға мемлекет басшысы өңірге жасаған әрбір сапарында куә болып келеді. Бұл жолы да солай. Президент назарына таныстырылған нысандардың қай-қайсы да тұрақты жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Асхат Әзіретханов, Хасен Омарқұлов

Осы категория бойынша: « Елбасы «Ембімұнайгаз» және «Жігермұнайсервис» кәсіпорындарын аралады Мемлекет басшысы Аралды құтқару қорына құрылтайшы елдер саммитіне қатысады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы