374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтіп жатыр

  • 451
  • UPD: 13:28, 03.09.2018

Ыстықкөл жағалауында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтіп жатыр. Алқалы жиынға қазақ көшбасшысы мен Әзербайжан, Түркия Президенттері де қатысуда.

Келелі басқосуға кеңеске мүше емес мемлекеттер де арнайы келген. Атап айтсақ, Өзбекстан басшысы мен Мажарстанның премьер-министрі қатынасып отыр.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

– Жиын жаңа ғана басталды. Мәртебелі қонақтарды «Рух Орда» мәдени орталығында қырғыз басшысы құшақ жая қарсы. Әрине келелі кеңеске ең бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев келді. Саммитті Елбасының өзі ашып беріп, қонақжайлық танытқаны үшін көрші ағайынға алғысын жеткізді. Қазақ көшбасшысы халықаралық саясаттағы түйткілдерді тілге тиек етіп, кеңес аясында әріптестікті өзара дамыту керектігіне назар аударды. Айтып қана қомай, басымдық беру керек міндеттерді атады. Соның бірі – елдеріміздің транзиттік әлеуетін кеңінен қолдану. Бұл ретте Президент Ақтау портының мүмкіндіктері мен Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалану керектігіне зер салды. Бұдан бөлек, кездесуде жастар саясаты мен ұлттық ойын түрлері саласындағы ынтымақтастық жайы талқыланбақ. Оның қорытындысы бойынша Шолпан ата декларациясы қабылданып, маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған. Айтпақшы мұндай басқосу осыдан үш жыл бұрын қазақ жерінде өткен болатын. Сондықтан төрағалық ету міндеті енді Қазақстаннан Қырғыз Республикасына өтеді.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы Әзербайжанда өткен саммитте құрылған болатын. Мұндай ықпалдастықтың берері мол. Мәселен, кеңес аясында оған мүше мемлекеттердің өзара экономикалық әріптестігін барынша тереңдете түсу үшін 4 жұмыс тобы құрылған. Оның аясында инвестициялық ахуалды жақсартып, кәсіпкерлікті дамыту, экономиканы әртараптандыру бағытында бірқатар шаруа тыңдырылды.

Осы категория бойынша: « Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитінде маңызды мәселелер талқыланбақ Елбасы Түркі кеңесінің саммитінде бірқатар бастама көтерді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы