365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев: Түркі халықтары үшін маңызды орындарды кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру керек

  • 532
  • UPD: 12:57, 04.09.2018

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне жаңа бас хатшы тағайындалды. Жауапты міндет Қазақстанның Ирандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әмреевке жүктелді.

Ыстықкөл жағасында өткен келелі басқосу кезінде осындай маңызды шешімдер қабылданды. Алқалы жиынға Елбасы қатысып, кеңес жұмысын жақсартуға бағытталған маңызды ұсыныстар айтты.

Қырғыздың Шолпан ата курорттық аймағы кешеден бері тек туристерді қабылдап ғана қоймай, мәртебелі қонақтарды да құшақ жая қарсы алуда. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне ұласты. Алқалы жиынға арнайы келген мемлекет басшыларын Рух Ордо мәдени орталығында қырғыз басшысы қуана күтіп алды. Әрине келелі кеңеске ең бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев келді. Түркі әлемінің ақсақалы Елбасыға бауырлас елдің құрметі қашан да ерекше. Айтпақшы, кеңес 2009 жылы қазақ көшбасшысының тікелей бастамасымен құрылған болатын. Саммитке бізден өзге кеңеске мүше Әзербайжан, Түркия президенттері де қатысты. Мүшелік етпесе де Өзбекстан басшысы мен Венгрияның премьер-Министрі төбе көрсетті.

Соңғы рет осындай жиын 2 жыл бұрын қазақ жерінде өткен болатын. Енді міне қырғыз жерінде ұйымдастырудың сәті түсті. Төрағалық етуші мемлекет ретінде саммитті Елбасы ашып, бұл міндетті енді Қырғыз еліне жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2005 жылы Астанада өткен саммитімізден бері түркі тілдес халықтардың саяси байланысы нығая түсті. Мәселен, осы мезгіл ішінде Түркі кеңесінің басшылықтары кездесіп, өзара сапар алмасты. Аталған үрдіс елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың кеңеюіне мүмкіндік берді. Атап айтқанда 2015 жылмен салыстырғанда Түркі кеңесі елдері арасындағы сауда-саттық көлемі 22 пайызға артты. Сонымен қатар түркі интеграциясы үшін маңызы зор Орталық Азия елдері ынтымақтастығының жаңа белеске көтерілгенін атап өткім келеді. Мысал ретінде наурыз айындағы Орталық Азия елдері басшыларының Астанада басқосуын айтуға болады.

Елбасы халықаралық саясаттағы ахуалға да тоқталды. Осындай күрделі кезеңде кеңес аясында бауырлас түркі тілдес елдері жұдырық болып жұмылуы керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Әлемдік экономикада тұрақтылық болмай, халықаралық қатынастар шиеленісе түсті. Оның себебі де белгілі. Санкция, сауда бәсекесі, тауарлар биржасы, қаржы нарықтары құбылмалы, инвестицияның аз түсуі. Қауіпсіздік саласындағы қатерлер де күшеюде, олар терроризм, діни экстермизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция, есірткі тасымалы мәселесі. Бұл тегеуріндер түркі елдеріне де әсер етпей қоймайды. Сол себепті мұның барлығы біздің кешенді әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев айтып ғана қоймай, тығырықтан шығудың жолын да ұсынды. Соның бірі Ақтау теңіз портының транзиттік әлеуетін пайдаланып, экономикалық ықпалдастықты тереңдету. Ал өңірге келетін қалталыларға еш кедергі жоқ. Олар үшін Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәдени ықпалдастықты жандандыру да маңызды. Бұл ретте елімізде қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үлгі бола алады. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы «100 жаңа есім» бастамасы секілді түркі әлемінің ең әйгілі 100 тұлғасы жобасын қолға алуды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағылымы мол тарихымызда Әл-Фараби, Яссауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов сияқты ірі тұлғалар көп. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында да «Түркі әлемінің 100 тұлғасы» атты арнайы жобаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Алтайдан Анадолыға, Байкалдан Балқанға дейінгі сахарада байырғы баһадүр бабаларымыздың іздері сайрап жатыр. Түркі халықтары үшін қасиетті орындарды көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобасын қолға алуды ұсынамын. Жоба Түркі әлемінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға зор үлес қосатынына сенімдімін.

Ер түріктің бесігіне айналған Түркістан бүгінде облыс орталығы. Елбасы қазір қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына түбі бір түркі жұртын да атсалысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе Түркі академиясы және түркі мәдениеті мен мұрасының қорын Түрксоймен біріктіру. Бұл шенеуніктердің санын азайтып, қаражатты үнемдеуге сеп болады. ТүркПА-ның да жұмысын жүйелеу маңызды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Басқосу соңында бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының алтыншы саммиттінің декларациясына қол қойылып, Мажарстан Республикасына бақылаушы мәртебесі берілді. Кеңестің жаңа бас хатшысы тағайындалды. Жауапты міндет енді бізге жүктеліп отыр. Қазақстанның Ирандағы бұрынғы елшісі Бағдат Әмреев осы лауазымға лайық деп танылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Түркі кеңесі жұмысының сапасын арттыру ісінде ұйым Хатшылығы ерекше роль атқарады.

Ол түркі тілдес елдер интеграциясының әкімшілік орталығы болып қана қоймай, сондай-ақ оның интеллектуалды өзегіне айналуға тиіс. Бүгіннен бастап Хатшылық басшылығына Қазақстан өкілі тағайындалады.

Алдағы уақытта белсенді жұмыс жүргізіп, Түркі кеңесі мемлекеттері ынтымақтастығын жаңа белестерге көтереді деп сенемін.

Бағдат Әмреев, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы:

Жиынның тақырыбы жастар саясаты және ұлттық ойын түрлері саласындағы әріптесік. Мемлекет басшылары бұл мәселені талқылай келе, ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде құжат қабылдады. Түзілген шаралар ұйымның жұмысын жетілдіре түспек. Ал оның нәтижесін келер жылы Әзербайжанда өтетін келесі саммитте бағамдайтын боламыз.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші: 

- Биыл Қырғыз халқы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын тойлап жатыр. Алқалы жиында Мемлекет басшылары атақты жазушының мерейтойына орай бірлескен мәлімдеме қабылдады. Айтпақшы, жиын өткен осы Рух Ордо мәдени орталығына біртуар жазушының есімі берілген. Сондықтан бұл саммиттің өзіндік мәні бар. 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ербол Дайыров, Дулат Ентебеков

Осы категория бойынша: « Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды Елбасы Алматы қаласының қайта жөнделген көшелерін аралап көрді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы