364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұрсұлтан Назарбаев Алматының бас жоспарымен танысты

  • 420
  • UPD: 15:43, 04.09.2018

Алматы қаласының шекарасы әрі қарай ұлғаяды ма? Шаһар территориясына қосымша елді мекендер кіріп, ауыл-аймақ қосылады ма? Бүгін мегаполистің бас жоспарындағы негізгі міндеттер нақтыланды.

Алматыға жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шаһардың басты құжатымен танысып, одан өзге бірнеше зауытты аралады.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Қала әкімі Бауыржан Байбек жаз бойы күрделі жөндеу жүргізілген басты көшелерді таныстырды. Жалпы мегаполис бойынша ұзындығы 160 шақырымды құрайтын 150-ден астам көше жөнделді. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі, Абай және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдары. Қаланың тарихи орталығы жаңа кейіпке еніп, жаяу жүргіншілердің сүйікті мекеніне айналған. Айнала жасыл желекке көмкерілген, жаңа субұрақтар қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйін көтереді. Түнде көше шамдары жарқырайды. Күрделі жөндеуден кейінгі бүгінгі көркі осы. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар кеңейтіліп отыр. Веложолақтар спортпен белсенді айналысатындар үшін өте қолайлы. Осылайша қаладағы тарихи нысан саналатын жерлер адам танымастай түрленген.

Сондай-ақ Елбасына Тимирязев көшесіндегі жүрдек автобустарға арналған дәліз жүйесі таныстырылды. Бұл қаладағы қоғамдық көліктердің жүктемесін көбейтіп, жолаушыларды діттеген жеріне тез жеткізу үшін қажет. Жылдамдығы жоғары автобустар жүйесі әлемнің ірі мегаполистерінде бұрыннан бар. «Алатау» инновациялық технологиялар паркі – Алматы қаласын дамытушы басты драйвер. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аумақта орналасқан «Tokya Rope Almaty» зауытының жұмысымен танысты. Қазақ-жапон бірлескен жобасы. Зауыт жылына 17 мың тонна мыс өнімдерін шығарып, экспортқа жөнелтеді.

Тошио Такеяма, «Tokyo rope Almaty» бас директоры:

- Біздің компаниямыздың Қазақстан аймағында ашылуы бизнестің дамуына әсер етті. Бұл жақтан білікті мамандарды тез таптық. Зауыт кестеден қалмай жұмыс істеп келеді. Индустриялық аймақта инвестор ретінде барлық көмекті алып жүрміз.

Зауытты аралаған Президент ежелгі дәстүр бойынша Дарума қуыршағының көзін қарандашпен бояды. Бизнес тілінде алдыға қойған мақсатқа жету үшін әріптестер бірлесіп жасайтын көне рәсімдердің бірі.

2016 жылы Елбасының Жапонияға жасаған ресми сапары барысында Алматыдағы зауыт ашылған болатын. Бұл – өндіріс орны ТМД-дағы жалғыз зауыт.

Индустриялық аймақта кабель өткізгіш өнімдер шығаратын ресейлік «KMK Investment» зауыты жұмыс істейді. Кабель желілерінің сан алуан түрі осында. Шикізат көзі жергілікті жерден. Елбасы зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылармен танысты.

Өркен Сыпатаев, жұмысшы:

- Менің айтайын дегенім, қарапайым отбасынан шығып, осындай зауытта жұмыс істеп, болашаққа нық қадам жасап келеміз. Осының бәрі мемлекетіміздің арқасы деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге үлкен рақмет.

Ал «Falkon Eurobus» компаниясы электробус шығарады. Бұл заманауи көліктер Еуропада да жоқ. Жылына 100 автобус құрастырады. Басты мақсат – қаладағы экологиялық ахуалдың жақсаруына үлес қосу.

Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы бас жоспары» ғылыми зерттеу институтына барды. Онда алып мегаполистің бас жоспарымен танысты. Жаңадан салынған ғимараттың бірінші қабатында мұражайды аралады. Онда Алматының сәулетінен сыр шертетін құжаттар бар. Бұл туралы жаңалықтарымыздың алдағы шығарылымында толығырақ айтатын боламыз.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Руслан Жәкеев, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Алматы қаласының индустриялық аймағын аралады Мемлекет басшысына Алматының макеті 3D проекция түрінде таныстырылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы