365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Байқоңыр халқына тегін медициналық қызмет көрсетіледі

  • 290
  • UPD: 15:20, 06.09.2018

Байқоңыр өңірінде тұратын Қазақстан азаматтары отандық медицинаның игілігін көреді. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті.

Бүгін Жоғарғы палата депутаттары Ресеймен арадағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының қызметкерлері мен Байқоңыр қаласының Төретам мен Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заңын қабылдады. Министрдің айтуынша, бұған дейін 48 мыңнан астам қазақстандық медициналық көмекті тек ресейлік ұйымдардан алып келді. Енді ол жақтың халқы да тегін медициналық қызметке қол жеткізеді. Айта кетейік, биыл Байқоңырда 30 мың адамға арналған емхана ашылды. Ал сенатор Бекмырза Еламанов заңнаманың кейбір тұстарын әлі де қайта қарау керек деп санайды. 

Бекмырза Еламанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қаралып отырған заң жобасының 4-бабында Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласындағы барлық халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және шараларды Ресей федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей тарапының өкілетті органдары мен федералдық медициналық ұйымдары жүзеге асырады деп көрсетілген. Осы мәселе тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Емдеу мәселесі қазақстандық мекемелерде, профилактикалық іс шаралар мен екпелер Ресей мекемелерінде. Осы екіжақтылық түсініспеушілік туғызбай ма?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Осы келісім негізінде жалпы қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Ресей мекемелерімен ұйымдастырылған. Бірақ кейбір қазақстандық мекемелер де сонымен қатар медициналық ұйымдар да қоғамдық денсаулық бақылау комитетінің бақылауына алынады. Әрине, бұл қазіргі күнде осылай ұйымдастырылған. Бұл мәселе бойынша ресейлік әріптестермен байланыстамыз. Көп мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Дегенмен алдағы уақытта бұл мәселені шешеміз.

Осы категория бойынша: « Қазақстанда ТКШ саласын ауқымды реформа күтіп тұр Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы