368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы кәсіпорындар жұмысына бағасын берді

  • 524
  • UPD: 23:07, 06.09.2018

Тау-кен және шахталық қондырғылар дайындайтын заманауи кәсіпорын, обырға қарсы дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтика зауыты және қала ауқымын кеңейтуге арналған ауқымды жоба.

Бүгін түс ауа Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өндірістік өлкедегі іргелі істермен танысты. Әсіресе Қарағанды қаласының жаңа орталығы жобасына ерекше назар аударды. Себебі жақын арада онда күрес орталығы, алып бассейн кешені, мәдениет ошақтары және көптеген тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Яғни қала ажары айрықша кейіпке енбек.

Кенді өлке Қарағанды – еліміздің өндірістік орталығы. Арқа төсінде мыс пен мырыштың, көмір мен алтынның, темір мен болаттың қоры мол. Өлкедегі өндіріс орындарына тау-кен және шахта жабдықтарының басым бөлігі бұрын тек шетелден тасымалданатын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Машина жасау саласындағы мына кәсіпорын қажеттілікті толық өтеп, Мемлекет басшысы міндеттеген Индустрия 4.0 элементтерін енгізіп үлгерді.

Зауыт жылына жалпы көлемі 11 мың тоннаға жуық бұйым шығарады.  Мәселен, кен өндіретін ауыр техникалардың бөлшектері, көмір шығару жабдықтары барлығы осында жасалады.

Талғат Алдабергенов, «Maker» ЖШС басқарма төрағасы:

- Біздің компанияда 800 адам істеп жатыр. Мына цехта 38 жабдық тұр. Қазақстанда осындай зауыттар жоқ. Осы зауыт Қазақстанда бірінші. 

Кәсіпорынды құрудағы негізгі мақсат – импорттың үлесін азайтып, экспортты ұлғайту. Бұдан бөлек жас мамандарды оқытып, кәсіби шеберлігін шыңдау да басты міндет. Мәселен, компания былтыр жергілікті мемлекеттік университетпен бірлесіп, дуальді негізде 30 студентті оқытып, еңбекке қосса, биыл 70 жас тау-кен шахталық бұйымдар өндірісінің қыр-сырына қанығуды бастады.

Қазақстан бойынша бірегей тағы бір қарағандылық кәсіпорын фармацевтика саласында жұмыс істейді. Мұнда да Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің нәтижесі айқын көрініс тапқан. Компания нарықта бұрыннан бар. Алайда таяуда биотехникалық препараттар өндірісін жолға қойып, обыр ауруын емдеуде таптырмас дәрі-дәрмек шығарып келеді.

Сергей Барон, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры:

- Келер жылы біз «Трастузумаб» препатарын қазақстандық емдеу мекемелеріне ұсынатын боламыз. Бұл дәрі сүт безі және асқазан қатерлі ісігін алдын алуға арналған. Біз миокард инфарктісін емдейтін өнімдер де шығарамыз. Оған келер жылы қазақстандық дәрігерлер қол жеткізе алады. Сонымен қатар инсулин гларгин препаратын өзімізде шығаруды жоспарлап отырмыз.

Елбасы тек Қарағанды өңірі үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды кәсіпорын жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ өңірдің медицина саласына енгізілген цифрлық жүйелермен танысты. Мәселен, аймақ жұртшылығы қазір арнайы мобильді қосымша арқылы жедел жәрдем шақырып, дәрігерге кезекке тұрып, тіпті шалғайда тұратындар тиісті диагноз ала алады. Мемлекет басшысы өндіріс орындары мен денсаулық сақтау саласының әлеуетін бағамдап болған соң қаланың жаңа орталығына ат басын тіреді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қаладағы жаңа орталық құрылысы да жоба жүзінде қалып отырған жоқ. Қазірдің өзінде пайдалануға берілген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бар. Болашақта мұнда спорт кешендері, білім ошақтары және денсаулық сақтау мекемелері бой көтереді. Ал мына құрылысы қарқынды жүріп жатқан тұрғын үйлер алдағы уақытта «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғындардың игілігіне беріледі.

Шаһар халқы қазір 502 мыңға жетті. Соңғы 7 жылда облыс орталығына көшіп келгендердің саны 30 мыңға ұлғайған. Көрсеткіш алдағы уақытта да көбейе түсуі үшін тұрғын үй қорын арттыру қажет. Осы мақсатта облыс басшылығы жаңа қала орталығының құрылысын бастап кетті. Ол оңтүстік-батыс бағытқа қарай 1200 гектар аумаққа орналасады.

Құрылыс жұмыстарына жеке инвесторлар да белсенді атсалысуда. Мәселен, әйгілі кәсіпқой боксшы, өңір тумасы Геннадий Головкин осында бой көтеретін ірі спорт кешендерінің бірін қаржыландырмақ. Бұдан әрі президент жаңа қала орталығында салынған «Достық үйінде» болды. Нысан көп этнос өкілі тату-тәтті тіршілік ететін өңірдің бойтұмары іспеттес. Оның сәулеттік үлгісін Елбасы да ерекше бағалап, жергілікті қоғам белсенділерімен кездесу өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президенттің кенді өңірге сапары екі күнге жалғасады. Мәселен, ертең Елбасы бір кездері өзі еңбек жолын бастаған Теміртау металлургия комбинатына барып, өндіріс барысымен танысады.

Осы категория бойынша: « Елбасы «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС-ға барды Қазақстан Президенті «Ақ сарай» салтанат сарайына барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы