374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы Астана қаласының активімен кеңес өткізді

  • 296
  • UPD: 22:36, 11.09.2018

Жаңа кадрлық ауыс-түйістерге байланысты бүгін Елбасы бірқатар кездесу өткізді.

Алдымен Президент Әкімшілігінің басшылық құрамын жинап, жаңа міндеттер жүктеді. Сосын Астана қалалық мәслихаттың сессиясына қатысты. Онда да қала әкіміне тиісті тапсырмалар берді.

Күні кеше Астана қаласының бұрынғы әкімі Әсет Исекешев Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған еді. Міне, бүгін Елбасы жаңа жетекшіге бірнеше міндет жүктеді. Әуелі мемлекеттік бағдарламалардың іске асуын қадағалап, бақылау жүргізуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл маңызды шаруаны Әсет Өрентайұлының абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Сенімге селкеу түсірмеуге уәде берген Әсет Исекешевке енді зор міндет жүктеліп отыр. Парламенттің VI сессиясында алға қойылған тапсырмаларды жүйелі іске асыру керек. Егер жоспар орындалса, онда ел экономикасы қарыштап дамып, халықтың әл-ауқаты арта түспек. Мемлекет басшысының қалауы осы.

Ал Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбековке Нұрсұлтан Назарбаев алғысын жеткізді. Ол зейнет жасына толуына байланысты өз еркімен қызметтен босатылған.

Әділбек Жақсыбеков, «Цесна» корпорациясы» директорлар кеңесінің төрағасы:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізбен бірге жұмыс істеген жылдар менің өмірімнің ең үздік кезеңі. Өзіңізге деген адалдығымды білесіз. Барлық атқарған лауазымды қызметтерде бар күш-жігерімді салдым. Кім қай салада істесе де, біздің барлығымыз Сізді қолдауымыз керек. Себебі еліміздің дамуы, жарқын болашағы Сізбен байланысты.

Астана қаласының әкімі болып Бақыт Сұлтанов тағайындалды. Оның кандидатурасын Елбасы қалалық мәслихаттың сессиясында ұсынды. Депутаттар Сұлтановты бұл лауазымға лайық деп танып, бірауыздан мақұлдады.

Елбасы шаһардың су жаңа басшысының мемлекеттік басқару ісінде тәжірибесі жеткілікті екенін атап өтті. Ал бұл міндетті осыған дейін атқарған Әсет Исекешевтің жұмысына көңілі толатынын жеткізді.

«Шаһардың көркеюіне бар күш жігерімді саламын» деп уәде берген Бақыт Сұлтановқа да Елбасы маңызды міндеттер жүктеді. Соның бірі – тұрғын үйлер салып, халық үшін қолайлы жағдай жасау. Ол үшін 2050 жылға дейінгі қаланың ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек. Ал елорданың туристтік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдану маңызды. Осыған ден қойған Президент мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселесіне назар аударды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Бақытбек Нұртаев ПТРК көмегімен

Осы категория бойынша: « Елбасы Әсет Исекешев туралы: Ол белсенді әрі креативті ұстаныммен ерекшеленеді Мемлекет басшысы: Елорданың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу керек »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы