374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Түркия – Қазақстанның сауда айналымының алғашқы ондығына кіретін стратегиялық әріптес

  • 342
  • UPD: 20:00, 13.09.2018

Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жандана түспек.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары басталды. Елбасы алдымен Анадолы жұртындағы іскер топ өкілдерімен жүздесті. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы 3 миллиард долларға жеткен. Бірақ бұл көңіл марқайтатын көрсеткіш емес. Болашақта кемінде 10 миллиард долларға көтеру жоспарланған. Президент пен іскер топ өкілдеріне жасалған жеңілдіктерді атап өтті.

Әсем Қабылбек, тілші:

– Жаһандық саудада инвестор тарту жолында бәсеке қатал. Оған әлемдегі тұрақсыз геосаяси ахуалды қосыңыз. Барлығы жан-жақтан қыспаққа алғанда, кез келген мемлекеттің экономика тұралайтыны белгілі. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – интеграция. Өзара алыс-берісті арттырып, пайда табу. Қазір дамушы елдер арасында халықаралық қаржы институттарының қаржысын өз нарығына бұруда ашық талас жүріп жатыр. Түркияға ресми сапармен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен осы елдің жетекші компанияларының басшыларымен кездесті.

Анадолы жұрты мен Алаш баласы бір атадан тараған туысқан. Түбіміз – бір. Тіл – ұқсас, дін – ортақ. Түркия – Қазақстанның саяси тұрғыда  стратегиялық серіктесі, экономикалық жағынан алыс-берісі көп әріптесі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен жетекші ірі компаниялар мен холдингтердің басшыларымен пікір алмасты. Кездесуге келген компаниялардың ұзын саны – 25. Әрқайсының Анадолы еліндегі майлы жілікте үлесі бар. Түркия экономикасының басты тірегі осылар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркия Қазақстанның сауда айналымының алғашқы ондығына кіретін стратегиялық әріптес болып табылады. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 процентке артып екі млрд-қа жақын долларды құрады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында – 820 млн доллар. Тәуелсіздік алғалы бері Түркия Қазақстанға 3 млрд доллардан астам тікелей инвестиция салды. Қазақстан да Түркияға 940 млн доллар салды. Қазақстанда түрлі салаларда түрік капиталының қатысуымен екі мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдердің арасындағы мызғымай келе жатқан кейінгі 27 жылдың арасындағы достық қарым қатынасты одан әрі нығайту үшін бүгін мен Ердоған мырзамен келіссөздер жүргіземін. Барлық жағынан келісетін боламыз деп санаймын. Бұл кездесулер бізді жақындастыруы керек. Сенім білдіруі керек.

27 жыл болды, Кіші Азия түбегіндегі Түркия мен Қазақстан арасында сауда-саттық тоқтаған емес. Қазір елімізде түрлі салада түрік компаниялары тіркелген. Көбі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Бірлескен кәсіпорындар да жетерлік. Соңғы жылдары өңдеу саласында өсім байқалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2012 жылдан бері екі елдің кәсіпкерлерін жан-жақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама Ердоған мырзаның Қазақстанға сапары кезінде басталған болатын. Соның шеңберінде сомасы 800 миллион доллар болатын 23 жоба іске қосылып іске қосылып, 3000 жұмыс орны құрылды.

Ал күні кеше Түркия Қазақстан арасындағы инвестициялық форум барысында 1,7 млрд долларды құрайтын 24 құжатқа қол қойылған болатын. Анадолы жұртындағы іскер топ өкілдерін біздегі салықтық жеңілдіктер қызықтырады. Табысын еселеуге берілген мүмкіндік. Оған кәсіпкерлікті дамыту үшін енгізілген өзгерістерді қосыңыз.

Хусейн Арслан, «ЕДА» холдингінің басқарма төрағасы:

– Халықаралық Астана қаржы орталығының ашылуы өңірдің дамуына септігін тигізері анық. Орталықтағы ағылшындық сот жүйесі әлемде зор сенімге ие. Біз де орталық алаңында түрлі жобалармен жұмыс істеуге мүдделіміз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Маңызды салаларда металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия және азық түлік, химия өндірісі, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде корпоративтік жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған. Осындай жобалар үшін шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы және арнайы рұқсаты жүзеге асады. Жер қойнауын пайдалануға лицензияларды алу, шарттарды жасасу тәртібі жеңілдетілді.

Түркия – инфрақұрылымы дамыған аса маңызды транзиттік ел. Ал Қазақстан – Қытай мен Еуропа арасындағы көпір. Президент қос мемлекеттің географиялық орналасу ерекшелігін тиімді пайдалануға тоқталды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Бұл – алып нарық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі таңда Ақтау порты жаңартылып, оның мүмкіндігі кеңіді. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Харсака, Калаки жолын ұтымды пайдалансақ, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы жолдардың салдарынан Қаратеңіз, Ресей арқылы келетін едік. Бұл қиыншылық жасайды. Қазақстан Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына шығады. Надарабас портында Қазақстанның теміржолын салуға мүдделіміз. Сонымен Каспий порттарының жалпы жылдық өткізу қабілеті 25млн тоннаға жетті.

Соңғы жылдары қаскөйлермен жиі қақтығысып жүрген Түркия үшін лаңкестерді жеңу де – басты мақсат. Тағы бір міндет – ішкі тұрақтылықты сақтау. Әлемдегі геоахуалға келсек, Түркия батыс елдері мен АҚШ-пен келіспейтін тұсы жоқ емес. Әркімнің өз шындығы бар. Алайда саяси текетерістен келер пайда шамалы. Өйткені дамуға тежеу.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ресейдің АҚШ-пен, Еуропалық одақпен қарым қатынастарының, Түркияның Еуропалық одақ және АҚШ-пен қарым-қатынасы кезінде көп шиеленістер мен келеңсіз жағдайлар бар. Екінші жағынан, осыны сәтті пайдаланып, сіздерде жоқ тауарды Қазақстаннан әкелуге, бізде жоқ тауарды сізден әкелуге мүмкіншілік бар. Екі ел арасындағы Үкіметаралық комиссия, бизнес қауымдастығы жақсылап зерттесе, ондай тауарлардың тізімін жасап, көбейтуге болады. Бір-бірімізге көмектесіп, тауар мен сауда-саттықты арттыруға мүмкіндік мол.

Президент ата жұртқа бауырлас елдің іскерлерін жекешелендіру науқанына белсенді қатысуға шақырды. Агроөнеркәсіп саласы соның ішінде өңдеуді дамытуға мүмкіндік жетерлік. Істің көзін тапса, келер пайда шаш-етектен. Әсіресе, туризмнің әлеуеті зор. Мұны Түркия жақсы біледі. Тәжірибесі мол.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркістан қаласын облысы орталығы деп жариялап, Түркістан облысын құрдық. Орталықты құруға көп жұмыс жасап жатырмыз. Жақында мәселенің бәрін қарадым. Облыс орталығы көшіп барды. Енді құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет. Түркістан – бәріміздің ортақ рухани орталығымыз. Бір жылдың ішінде шаһарға келген туристердің саны миллионға артты. Осыған түрік компанияларының көмектері тиеді деп сенеміз.

Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге келген жетекші ірі холдингтер мен компания өкілдері Түркия экономикасының 15 пайызын құрайды деуге болады. Дені бірнеше салаға маманданған. Яғни экономиканы әртараптандыруда тәжірибесі мол. Бірін құрылыс, екіншісін тау-кен саласы қызықтырады. Тізе берсек көп.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркия компаниялары Қазақстанда көп жұмыс жасады. Әсіресе, құрылыс жұмыстарына белсене араласты. Дегенмен әлі Қазақстанға келмегендері де жетерлік. Еуразиялық экономикалық одақта, Қытай мен Ресеймен шектесетін Қазақстан Түркия компанияларына құшақ жая қарсы алып, тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Кәсіпкерлердің бизнесін дамыту, өзара тиімді әріптестіктерін нығайту үшін барлық қолжетімді мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Бүгінгі жиынға кәсіпкерлер, министрлер қатысып отыр. Туындаған сұрақтарға жауап бере отырып, құшақ жая қарсы аламыз.

Арадағы жер шалғай демесек, қарым-қатынас жақын. Бауырлас елдер экономикалық байланыстарды мығымдап, түрлі саладағы ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты. Бұдан екі тараптың да ұтары көп.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы

Осы категория бойынша: « Қазақстан Президенті «Ояк Холдинг» компаниясының бас атқарушы директорымен кездесті Н.Назарбаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы