360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Шымкент қонақтар үшін жайлы әрі тартымды ірі мегаполиске айналуы тиіс

  • 486
  • UPD: 18:10, 29.09.2018

Бүгін Елбасы жұмыс сапары барысында Шымкент қонақтар үшін жайлы әрі тартымды ірі мегаполиске айналуы керектігін айтып, міндет жүктеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент шаһардың ешкімге ұқсамайтын өзіндік архитектурасын қалыптастыру қажеттігін де айтып, алдағы даму жоспарын анықтап берді. Үкімет пен қала басшылығына миллионер мегаполисті өркендету бойынша берілген тапсырмалар аз болмады.

Қазір миллион тұрғыны бар шаһарды түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Су жаңа мөлтек аудан бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Салынып жатқан 31 көпқабатты тұрғын үйдің тең жартысы келер жылға дейін қолданысқа берілмек. Бұл ауданда бой көтеретін 27 үйдің кілті пәтер кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж жандарға үлестіріледі. Қағаз бетінде тыңдырылған шаруаларды Елбасы өз көзімен көрді. Үшінші мегаполистің дамуы Президенттің жеке бақылауында. Қала алдағы уақытта қалай дамитынын Мемлекет басшысының өзі атап көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шымкентте экономиканың перспективалық салаларды ілгерілетудің нақты мүмкіндіктері бар. Мұндағы бар өндірістерді әрі қарай жүргізе беру керек. Мысалы, азық түлік, тоқыма кластерлері, құрылыс материалдары, фармацевтика салалары дамып келе жатыр. Оны әрі қарай жандандыруға күш салу керек.

Қазір мемлекеттер арасындағы бәсекелестік қалалар арасындағы бәсекеге ұласты. Бұл ретте, Шымкент көштен қалмай, дамыған шаһарлардың тізіміне енуі тиіс. Осыған мән берген Мемлекет басшысы шаһардың өзіндік архитектурасын қалыптастыру керек екенін айтты. Қалай болса солай құрылыс жүргізуді тоқтатып, сапаға мән беруді тапсырды. Бір қабатты баспана салуды азайтып, бос жатқан жерлерді үнемді пайдалану қажет. Ал тозығы жеткен үйлерді сүріп тастап, оның орнына мәдени орталықтар мен спорт кешендерін тұрғызу – алдағы міндет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ешкімге еліктемеу керек. Астананы саларда да түрлі ұсыныстар болған. Шымкенттің өз жолы мен мәдениеті бар. Архитекторлар табу керек.

Шымкент халқының тең жартысына жуығы – жастар. Бұл ретте білім сапасын арттырып, Назарбаев университеті сынды озық оқу ордаларының тәжірибесін енгізу маңызды. Талай рет сынға ұшыраған білім сапасын жақсарту ісіне Елбасы да назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір Өзбекстанмен қарым-қатынасымыз жақсарғанын көріп отырсыздар. Бизнесте қатынасымыз көбейіп келе жатыр. Өзбек ағайындар сауда-саттықта жақсы. Конкуренция болу керек. Олардан бізге тауарлар келеді. Біз де оларға апарып сатуымыз керек. 

Бүгінде қалада орта және шағын бизнес қанат жайып келеді. 77 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі бар. 500-ге жуық өндіріс орны жұмыс істейді. Биыл 8 айдың өзінде өнеркәсіптік өнім көлемі 300 млрд теңгеге жетті. Кез келген шаруаны дөңгелетіп алып кететін шымкенттіктерге Президент бәсекеге қабілетті бола түсу керек екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алға қойған мақсаттарды орындау үшін бізге жоғары білікті мамандар керек. Шымкент осындай мамандарды даярлайтын орталыққа айналуы тиіс. Мектептің деңгейін көтерген дұрыс. 

Аймақта түрлі мәдени орталықтары мен спорт кешендері бой көтерді. Шымкентте бәрі бар. Шаһар 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып бекітілуі де сондықтан. Ендігі міндет – туризмді дамыту. Егер меже іске асса, Сол арқылы ел экономикасына орасан зор пайда келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Туризм деген сөзді қазақ жақсы біле бермейді. Табыстың көзі. Қазақстанды білмейтін жұрт көп. Әуежай, теміржол, қоғамдық көлік тиісті деңгейде болу керек. Қаланы барлық бағыт бойынша халықаралық деңгейде дамыту керек.

2025 жылы үшінші мегаполис тұрғындардың саны 1 млн 300 мыңнан асады. Бұл ретте құрылыс барысын қарқындатып, жеке инвесторлар тарту керек. Судың да сұрауы бар. Қазына қаражатын үнемді жұмсау – Елбасы жүктеген тағы бір міндет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз әлі де мемлекеттің ақшасын үнемдеуді үйренген жоқпыз. Ешкім есептемейді, қайда кетіп жатқанын. Елдің жағдайы жаман емес, қазақ бұрын бұлай өмір сүрмеген. 

Түптеп келгенде, бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттыра түспек. Әрине, егер іске асса.

Елбасы айтып отырған цифрлық технологиялар Шымкентте кеңінен енгізіліп жатыр. Атқарылған шаруаларды Елбасы барып көрді. Нәтиже жаман емес. Заманауи технологияларды қолданудың арқасында балабақшаға кезек екі жарым есеге азайды. Бұл бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесуге сеп болып отыр. Ал мектепке бүлдіршіндерді қабылдау онлайн жүйеде жүргізіледі. Соның арқасында құжаттарды тапсыру мерзімі 43 күннен 20 минутқа дейін қысқарды. Тың жобалардың арқасында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі 75 пайызға төмендеді. Қоғамдық көлік мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді.

Рашид Аюпов «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы:

– Қоғамдық көлік мәселесі – қаладағы үлкен проблема. Үлкен автобустар ескі. Соған Шымкент қаласы шешім қабылдап, осы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы біз 300 автобус аламыз. Келесі жылдың басына дейін оың барлығы электронды билетпен болады. Ал келесі жылдың соңына дейін тағы 700 автобус аламыз. Сонымен біз қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешеміз.

Бұл шаралар ақылды қала жобасы аясында іске асып жатыр. Денсаулық сақтау саласына да цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Нәтижесінде дәрігерге кезекке тұру 70 пайызға азайды. Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыру жайын да бағамдады. Басты мәселе – еңбекпен қамту. Қазір шаһарда жұмыссыздардың саны 3 мыңға жетіп отыр. Бұл түйткілді жұмыспен қамту орталығы шешіп келеді. Жыл сайын 15 мың адамға екі қолға бір күрек тауып беріп отыр.

Үшінші мегаполис мәртебесінің берілуі шаһарды одан сайын көркейтуге серпін береді деген пікірде шымкенттіктер.

Алда Шымкентті елеулі өзгерістер күтіп тұр. Қала басшылығы қай бағытта жұмыс істеу керектігін Елбасы атап көрсетті. Егер көздеген меже іске асса, миллионер мегаполис халықаралық деңгейдегі шаралар өтетін орынға айналады. Ол үшін жергілікті билік Үкіметпен бірлесіп, 2023 жылға дейінгі шаһардың даму жоспарын түзу керек. Бастысы жоспар айқын. Енді нәтижесін күтейік.

Хабар 24 телеарнасы