365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент Түркістанды дамытудың бас жоспарын бекітті

  • 920
  • UPD: 22:23, 29.09.2018

Бүгін Түркістанда тарихи құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Дәлірек айтқанда, Мемлекет басшысы шаһарды дамытудың бас жоспарын бекітті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өңірде арнайы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа да қол қойды. Жаңа қаланың жалпы аумағы 25 мың гектарға жуықтайды. Облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру – күрмеулі мәселе. Сондықтан Президент тың бастаманың сәтті жүзеге асуын өзі қадағаламақ. Қазір аймақта құрылыс қарқыны үдей түскен. Инвесторлар да әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға дайын.

Рухани Түркістан дербес экономикалық аймақ ретінде дамитын болды. Бүгін шаһарға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті құжатқа қол қойды. Сондай-ақ Елбасы қаланың бас жоспарын ресми түрде бекітті.

Көне Түркістан өз тарихындағы жаңа парақтың бетін ашты. Түркістанға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілік-іскерлік орталықтың жобасымен танысты. Жаңа қалашықтың жер көлемі  25 мың гектар. Соның ішінде әкімшілік іскерлік орталыққа тиесілі аумақ 225 гектарды алып жатыр.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Президентке Түркістан қаласының даму жоспарын кеңінен таныстырды.

Әсем Қабылбек, тілші:

– Қазір бұл жер – мидай дала. Алдағы 3 жылда үлкен құрылыс алаңына айналмақ. Облыстық әкімшіліктен бастап республикалық аумақтық бөлімшелер, театр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, стадион, емхана, саяқбақ сынды нысандар бой көтереді. 670 гектар аумақта 65 мың тұрғынға арналған үй салынады.

Нұрсұлтан Назарбаев сәулетшілер мен жобаға қаржы құятын инвесторлардың да пікірін тыңдады. Түркістанда Орталық Азиядағы ең үлкен бульвар салынбақ.

Түркістан – күллі түркі жұртының рухани ордасы. Мұнда Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі орналасқан. Көне шаһарда туризмді дамыту үшін халықаралық әуежай салынбақ. Қала билігі 8 түрлі нұсқаның ішінен біреуін таңдап отыр. Авиация саласының мамандары жол мен таудың арасында ұшақтың жерге қону жылдамдығын есептеп, бір тұжырымға келіпті.

Еркін Жүсіпов, Түркістан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Түркістан қаласында көбісі – аулалық түрдегі үйлер. Аптап ыстық болғандықтан, бізде қаланы өзінің су жүйелерімен қамту қажет. Арықтан су ағызып, саябақтарға кіргізу керек.

Түркістан қаласына келген Президент Ахмет Яссауидің кесенесіне де бас сұқты. Мұнда жаугершілік заманында қазақтың жерін билеп, қорғаған хандар мен сұлтандар осында жерленген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістандағы жәдігерлерді сақтап, тарихи орталығын дамытудың жоспарын таныстырды. Кесене маңайында этноауыл мен шығыс базары бой көтереді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Бұл жерде танымдық білім беретін және рухани туризм орталығын құру ұсынылады. Ол өте ыңғайлы және қолжетімді инфрақұрылым болуы тиіс. Кез келген адам осы аумақта орналасқан қастерлі орындарды тамашалай алады. Ең алдымен кесенеден 700 метр қашықтықта тұрған Түркістан қаласының ежелгі қалашығы Құлтөбені қалпына келтіру. Хан ордалары мен ортағасырлық Әлмәмбет хан, Тәуке хан резиденциялары, Үндемес ата кесенелері толықтай қалпына келтірілетін болады.

Нұрсұлтан Назарбаев кесене маңайында орналасқан этноауылға барып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Көпшілікті Түркістанның облыс орталығы болуымен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркістан – жастардың қаласы. Жастарға қызмет беру үшін, олар жақсы қалада тұрулары үшін жағдай жасап жатырмыз. Іске сәт. Аман-есен болайық!

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының қомақты бөлігі Шымкент қаласының үлесінде еді. Дербес орталыққа айналған Түркістанның табысы азайды. Облыс әкіміне жүктелген міндет көп. Аймақты дамытудың басты тетігі ретінде агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік және логистика таңдалып отыр. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға ден қойылады.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:

– Облыс экономикасының драйвері болып табылатын ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ды құрады.

Президент облысты дамыту үшін кешенді шараларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру. Шымкент қаласының құрамынан шығуына байланысты, 2 млн 800 мың халықтың 1 млн-ы Шымкентте қалды, 1 млн 800-і осында қалса, бұрынғы бюджет тиісті бөлінді. Сондықтан одан әрі қарай толықтыру мәселесі облыстың алдында тұр. Бүгінгі таңда облыс бюджетінің 20 пайызы ғана өз күшімен қамтамасыз ете алады. Ол өте аз. Сондықтан өсімнің жаңа резервтерін жаңа бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру көзін табу керек. Жаңадан салынған мекемелер, зауыт фабрикалар барлығы соған жұмыс істейді. 

Облыс тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту ең өзекті. Әсіресе жастар осы жерге тұрақталып қалуы керек. Аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 6,5 млрд теңге бөлініп отыр. Қазіргі уақытта көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылумен қамту, қала ішіндегі жолдарды салу, халықты ауызсумен қамту – күн тәртібіндегі мәселе.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту. Түркістан Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолының бойында. Қаланың ішіндегі асфальт – 25 пайыз. Бұл – облыс орталығы үшін өте төмен көрсеткіш. Халықтың қарқынды өскенін ескеретін болсақ, халықтың 12 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған.

Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығындағы күрмеулі мәселелерді кеңінен талдап, оны шешу үшін министрлер, ұлттық компаниялардың басшылары мен инвесторларға жеке-жеке тапсырма берді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Қазір біз осы мәселені зерттеп, әкімшілікпен жұмыс атқарып жатырмыз. Алдағы үш жылдың ішінде толық шешеміз.

Сондай-ақ Түркістанда қазақ хандарының орталығы, оқушылар сарайы секілді нысандар бой көтереді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бүгінгі басқосуымызға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, ірі құрылыс ұйымдарының басшылары, шетелдік инвесторлар мен бизнес өкілдері жиналды. Қазір барлықтары мына жерді көріп, «айдала екен, түк жоқ» деп отырған шығарсыздар. Астанаға барғанда, сол жағалау да дәл осындай дала болатын. Қазір қандай қала болды? «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Кірісіп кетсек, ертең өзіміз таңқалатын боламыз, қандай қала салғанымызға.

Түркістан сәулеті жарасқан тарих пен заманауи озық технология үйлескен шаһарға айналуы тиіс. 3 ай бұрын қаланың бас жоспарына халықаралық байқау өткізіліп, жоспар нақтыланды. Басты құжатпен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев оны ресми түрде бекітті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгін барлығымыз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сол үшін бәріміз жұмыс істейтін болайық.

Көне Түркістан қайта түлейді. Бүгіннен бастап қалада Түркістан арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл инвесторлар түрлі жобаға қаржы құйып, облыс орталығын дамытуға үлес қосады деген сөз. Осылайша, Түркістан облысының табысы еселенеді.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Еділ Ермекбаев, Руслан Жәкеев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев 

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті Халықаралық қауымдастық Қазақстанның жемқорлықпен күрестегі нәтижелерін жоғары бағалады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы