364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық Азияда Астана сияқты қарқынды өркендеп келе жатқан қала жоқ – А.Вучич

  • 344
  • UPD: 21:08, 09.10.2018

Қазақстанға Президенттің шақыруымен Сербия басшысы Александр Вучич ресми сапармен келді, деп хабарлайды «Хабар24».

Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мейманмен Ақордада кездесіп, Достық орденімен марапаттады. Сербия Президенті сапары аясында ертең Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алтыншы съезінің ашылуына қатысуы тиіс. Ал бүгінгі кездесуде Елбасымен екіжақты байланысты тереңдету жайын талқылады

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1996 жылы орнаған. Бірі Азияда, енді бірі Еуропада орналасқан мемлекеттер достық қарым-қатынасын экономикалық бағытта да тиімді өрбітіп келеді. Қазір арадағы сауда айналым қыруар қаржымен есептеледі. Биылғы жарты жылдықтың өзінде көрсеткіш 17 миллион долларға жуықтаған. Бұл қазіргі көрсеткіш қана. Алдағы уақытта оның көлемі еселеп артуы мүмкін. Оған екі ел президенттерінің бүгінгі кездесуі негіз болады.

Қазақстан мен Сербияның достық әрі экономикалық сипаттағы байланысы екі жаққа да тиімді. Әсіресе, бизнес үшін ұтымды тұстар көп. Арадағы алшақтық еш кедергі келтірген емес. Бұған елімізде жұмыс істейтін бірлескен 20-дан аса қазақ-серб кәсіпорны себеп. Айта кетейік, бұл Сербия президенті Александр Вучичтің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары емес. Бұған дейін ол премьер-министр ретінде қазақ жеріне табан тіреген болатын. Оның үстіне, былтыр ЕХРО көрмесінің ашылу рәсіміне де арнайы келді. Ал бұл жолғы сапар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен әрі алғаш рет ресми сипатта өрбіді.

Құрмет қарауылының сарбаздары сап түзеп, екі ел әнұраны орындалған соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен мәртебелі мейман екеуара кездесті. Тараптар өзара әріптестіктің маңызды тетіктері мен даму қарқынын талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Господин Президент, Вы, лично посетив международную выставку «ЭКСПО-2017», поддержали нас, и сегодня прибыли с официальным визитом в Казахстан для участия в VI Cъезде лидеров мировых и традиционных религий. Все это показывает Ваше исключительно дружеское отношение к нашей стране, мы этим очень дорожим. В рамках достигнутых в ходе моего визита в Сербию договоренностей нам необходимо расширять сотрудничество в сферах логистики, транспорта и коммуникаций, оборонной промышленности, сельского хозяйства, фармацевтики и строительства. Ваш нынешний визит позволит поднять наши взаимоотношения на новый уровень.

Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев әріптесіне бірінші дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Өз кезегінде Александр Вучич те Елбасын бірінші дәрежелі «Сербия Республикасы» орденімен марапаттады.

Александр Вучич, Сербия Республикасының Президенті:

– Бұл орден – сіздің екі елдің саяси-экономикалық байланысын  нығайтуға қосқан қомақты үлесіңіздің өтеуі. Сіздің шақыртуыңызға ерекше алғыс білдіремін. Сербия халықаралық деңгейде Қазақстанды қашанда қолдайтын болады. Енді өзіңізді Белградқа тағы бір мәрте сапарлап келуге шақырамын.

Мемлекет басшылары екі ел байланысын одан әрі дамыту жолдарын жабық есік жағдайында талқылады. Дегенмен кейін журналистермен өткен баспасөз мәслихатында екіжақты байланыстың болашақта қалай дамитыны жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

Қазақ-серб бірлескен кәсіпорындары елімізде көбіне инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады. Соның бірі – Астана-Алматы автожолын жаңғырту ісі. Сондай-ақ сербиялық кәсіпкерлер тұрғын үй және кеңсе ғимараттарының құрылысына белсенді атсалысады. Бұған қоса, Сербияда теміржол желілерін жөндеу ісімен айналысатын қазақстандық компания бар. Енді еліміз тарапынан экспорттық тауар көлемін арттыруға баса мән беріліп отыр.

Сербия халқы 20 ғасыр соңына қарай азаматтық соғысты бастан өткерді. Елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне зор қауіп төнді. Әлі күнге кейбір көршілерімен қарым-қатынасы жақсармай келеді. Соған қарамастан, Сербия стратегиялық серіктес ,  сенімді әріптес елдермен  қарым-қатынасын дамыта білді. Бұл тізімде Қазақстанның  алар оны бөлек.

Александр Вучич, Сербия Республикасының Президенті:

– Менің ойымша, Орталық Азияда Астана секілді қарқынды дамып, жаңарып келе жатқан қала жоқ. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дамыған 30 елдің қатарына көп ұзамай қосылатынына сенімдімін. Бүгінгі кездесуіміз арадағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Енді алдағы уақытта Белградта Қазақстан елшілігі ашылады деген үміттеміз. 

Қазақстан үшін Сербиямен тиімді әріптестік орнату Азия мен Еуропа арасындағы тауар айналымды ұлғайтып, ірі транзиттік хабқа айналуға жол ашады. Елбасы бастамасымен бұл іс жан-жақты жүзеге асып келеді. Оған қоса, Еуразиялық экономикалық одақ пен Сербия арасында еркін сауда аймағын құруға бағытталған келіссөз жүруде.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров

Осы категория бойынша: « Елбасы Сербия Президенті Александр Вучичпен кездесті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы