360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтті

  • 496
  • UPD: 22:54, 11.10.2018

Мемлекет және қоғам қайраткері өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. «Алаштың қызыл жебесі» атанған абыз ғибратты ғұмырдан көрген-түйгенін ұрпағына аманаттап, мәңгілік мекенге аттанды.

Бұл жазушының әйгілі «Ай мен Айшасы» сахналанған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Сүйікті қаламгері, ардақты Шерағасын соңғы сапарға аттандыруға халық көп жиналды. Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаралы жиынға арналған көңіл айту хатын жеткізді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Халқымыздың сүйікті перзенті Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын еліміздің өркендеуіне, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат еді.

Қарымды қаламгер 1932 жылы Жуалы жерінде дүниеге келген. Шерхан - Мұртаза мен Айшаның төртінші перзенті. Өзінен үлкен үш бауыры қарашешектен аман қалмапты. Бала Шерхан балалықпен 5 жасында қоштасып, еркелікті тоқтатты. 5 жасында халық жауының ұлы атанды.

Шерхан Мұртаза, Қазақстанның халық жазушысы /2012 жыл/:

- 37 жылы әкейді әкетті. Қыстың күні. Менің есімде ол. Әкеткен соң Шығыс Сібір дейтін жаққа әкетті. Амур дейтін өзен бар екен. Ағаш кескен бригадада істеген. Ағаш кеседі. Ағаш кесетін үш адам, кезектесіп. Біздің әкей діндар. Намаздыгер намазын оқып жатқан кезде, ағаш аралап жатқан адамдардың ағашы құлап кетіп, содан қайтыс болған.

Бұғанасы бекімеген Шерхан соғыстың тауқыметін де көп тартты. Ел басына түскен ауыртпалықтың барлығы болашақ қаламгердің жас жүрегінде өшпес із қалдырады. Әр шығармасының ел тағдырымен тағдырлас болуы да сондықтан. 

Нұрлан Оразалин, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Шерхан Мұртаза «Қызыл жебені» жазу үшін 30 шақты жылы кетті. Бүкіл Ташкеннің, Омбының, Петербордың, Мәскеудің архивтерінің бәрін ақтарды.

Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында бастаған Шерхан Мұртаза кейін талай басылымдарда бас редактор болады. Қазақ журналистикасын биік шыңға шығарады. Таланттардың жолын ашады. Батыстан Фариза Оңғарсынованы, Арқадан Ақселеу Сейдімбекті, оңтүстіктен Мұхтар Шахановты, шығыстан Рымғали Нұрғалиев пен Оралхан Бөкейді шақыртады.

Шерхан Мұртаза, Қазақстанның халық жазушысы /2012 жыл/:

-  Оралханды мен оооо Алтайдың ар жағында жатқан жерден тауып, соны газетке шақыртқан мен болатынмын. Ол кезде мен бас редактормын. Лениншіл жас дейтін газетте. Облыстық газет аламыз ғой енді Шығыс Қазақстаннан. Ол жарияланатын. Мықты екенін сезіп, соны шақыртқанбыз.

Шерхан Мұртаза - жазушы ғана емес, халықтың атынан салмақты сөз айтқан қайраткер. Ұлт рухының жаршысы болды. Республика парламентіндегі депутаттық қызметі - соның дәлелі.

Уәлихан Қалижан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:

- Орта ғасырдағы шығыстың атақты шайыры Руми айтқан екен. Ұлы адамдардың бейітін жер бетінен іздемеңдер. Олар өз халқының жүрегіне жерленеді деп. Біздің Шерағаңда өз халқының жүрегіне жерленетін ұлы тұлға, ірі қаламгер, ірі журналист.

Шерхан Мұртазаның соңында ұрпаққа мирас болып өлмейтін шығармалары қалды. «Ай мен Айшасы», «Мылтықсыз майданы», «Қызыл жебесі» секілді қай еңбегін алсаңыз да талай ұрпаққа рухани азық болары анық.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мақпал Мадиярова, Нұрдәулет Жақсыбаев

Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза дүниеден озғаны туралы 9 қазанда хабарланған.

Хабар 24 телеарнасы