365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы онкологиялық орталық тұжырымдамасын мақұлдады

  • 522
  • UPD: 17:55, 12.10.2018

Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құруға арналған жаңа тұжырымдаманы мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жақын арада бастау жөнінде тапсырма берді. «Жаңа орталық Назарбаев университеті кластерінің базасында құрылып, әрбір қазақстандыққа қолжетімді болатын заманауи технологиялармен жабдықталуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Елордада ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесі осыдан 6 жыл бұрын көтерілді. Бірақ құрылыстың нақты қашан басталатыны беймәлім еді. Енді елімізде қазақстандықтың өмірін жалмап, болашағына балта шапқан дертті ауыздықтау мүмкін болады. Жақында Елбасы Жолдауында айқындалған жаңа міндет онкологиялық кеселмен күресті күшейтуді көздейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Я хочу, наконец, поставить точку над онкоцентром, который мы собираемся строить. Этим всегда занимался Университет.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Бұл жобаны Назарбаев университетімен 2012 жылы қолға алдық. Оның аяқталу мерзімі кейінге шегеріле бергендіктен, сіздің тапсырмаңызды орындау үшін мәселені шешудің басқа да жолдарын іздеу міндеттелді. Орталықтың кейбір шығындарын азайтудың есебінен жаңа технологияларға көбірек мән беруге келістік. Сондай-ақ Катсу мырзамен оны кластер аумағында салуға уағдаластық. Өйткені онда барлық орталықтар орналасқан. Сәйкесінше, баламалы тұжырымдама дайындалды. Ол сәулелі терапиямен протон орталығының құрылысына негізделді. Және қолданыстағы онкология және трансплантация орталығының мүмкіндігін пайдалану ұсынылды. 

Бүгін Елбасы назарына таныстырылған жаңа орталықты құру жөніндегі тұжырымдама биылдан бастап нақты жүзеге асуы тиіс. Президент тапсырмасы бойынша медициналық мекеменің қазығы жақын арада қағылады. Сөйтіп медициналық мекеме заманауи технологиялармен жабдықталып, әрбір қазақстандық үшін қолжетімді болмақ.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысын бастау жөнінде тапсырма берді. Елбасы онда қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарды емдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды орналастыруды талап етті. Өкінішке орай, онкология мәселесі бүкіл әлемде өзекті. Қазақстанда осы дертке шалдыққандар саны азаяр емес және кейбір технологияларға әлі де қолжетімсіздік бар. Бүгін Мемлекет басшысы Назарбаев университетімен әзірлеген тұжырымдамамызды мақұлдады. Енді құрылыс жұмыстары басталады.

Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» ДБҰ Президенті:

– Біз Мемлекет басшысымен жақында жарияланған Жолдау аясындағы мәселелерді талқыладық. Атап айтқанда, Назарбаев университетінің бағдарламалары мен жоспарлары жөнінде баяндама жасадым. Назарбаев мектептерінің де жай-күйі назардан тыс қалмады. Бұл білім ошақтарының құрылғанына 10 жыл болды. Биыл – біз үшін мерейтойлық жыл.

Медициналық мекемені құру ісімен Денсаулық сақтау министрлігі мен Назарбаев университеті айналысады. Орталықта қатерлі ісік ауруларын емдеудің тың тәсілдері қолданылады. Жалпы жаңа жоба онкологиялық аурумен күрес кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асады. Сол арқылы елімізде дерттің алдын алуды көздейтін кең ауқымды жүйе қалыптасуы тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Осы категория бойынша: « Елбасы «Назарбаев Университеті» ДМБ президенті Шигео Катсумен кездесті Қазақстанда 26 микрокредитті ұйым өз жұмысын тоқтатты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы