369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары аяқталды

  • 301
  • UPD: 19:50, 16.10.2018

Елбасы осы екі күнде аймақтағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, жергілікті халықпен жүздесті.

Соның ішінде энергия тиімділігі орталығы, дарынды балаларға арналған оқу-танымдық мекемесі бар. Сондай-ақ Елбасы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрды. Сапар соңында Ақтөбенің келешекте төртінші мегаполис болатынына сенім білдірді.

Бұл – Мемлекет басшысының жолдаудан кейін өңірге жасаған алғашқы сапары. Бұл жолғы жолдаудың әлеуметтік салмағы басым екені белгілі. Сондықтан болар осы екі күнде Елбасы аралаған нысандардың дені әлеуметтік маңызға ие нысандар.

Қазақстан жасыл энергияға бет бұруы тиіс. Бұл болашақ үшін қажет. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында талай айтып та жүр. Осы тақырыпта былтыр Қазақстан халықаралық ЭКСПО көрмесін де абыроймен өткізген болатын. Ақтөбедегі мына орталық баламалы энергия көздерін кәдеге жаратып отыр. Яғни мұнда жарық – күннен, жылу судан алынады. Елбасы орталыққа келіп, мұндағы мамандармен кездесті.

Бұл жерде «Қазпошта», халыққа қызмет көрсету, Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығы орналасқан. Президент олардың жұмысымен де танысты. Халыққа қызмет көрсету орталығында Елбасы жергілікті халықпен кездесті. Ақтөбелік азаматтар бес әлеуметтік бастама аясында жүзеге асып жатқан «7-20-25» бағдарламасы үшін Президентке ризашылығын білдірді. Солардың бірі – Бекзат Оразалин.

Президент барған екінші нысан – дарынды балаларға арналған оқу-танымдық орталығы. Бұл жерде Елбасыны елдің болашағы жастар қарсы алды. 

Бұл орталық жыл он екі ай оқушыларды қабылдауға дайын. Мұнда әр баланың қабілетін дамытатын түрлі үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Білімді жастар – мықты мемлекеттің негізі. Бұл жерде Президент дарынды жастармен кездесті. Солардың бірі – Жүсіп Аңсар. Жақында Қазақстанның атын халықаралық байқауда қорғайтын болады.

Білімді мыңды жығады. Елбасы орталық оқушыларына білімді болып, заман көшінен қалмауға деп кеңес берді. Болашақта экономиканың жаңа моделі жасанды интеллект, гендік инженерия секілді салаларға тиесілі. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады деген болжам бар. «Сондықтан Елбасы оқушыларға мамандық таңдауда жаңылыспаңдар», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаевты осы жерде зиялы қауым қаумалап алды. Олар Елбасының осы жолғы жолдауы көңілдерінен шыққанын және оны барынша қолдайтындарын жеткізді.

Мемлекет басшысы зиялы қауыммен емен-жарқын әңгімелесті. «Елде атқарылып жатқан әр бастама, қабылданып жатқан әр бағдарлама бір ғана мақсат үшін – қазақстандықтардың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын арттыруға бағытталып келе жатыр», – деді Президент. Алайда ол үшін әркім әлі келгенше еңбек етуі тиіс.

Сонымен Елбасының Ақтөбеге жасаған екі күндік сапары бүгін аяқталды. Нұрсұлтан Назарбааев өңірдің экономикалық һәм әлеуметтік дамуын өз көзімен көріп, жеке бағасын берді.

Ақтөбе – батыстағы бақуатты облыстардың бірі. Мемлекет басшысы осы жолғы сапарында Қазақстанның төртінші мегополисі болуға келешекте Ақтөбенің арыны мен қарымы жететініне сенім білдірді. Ал келер күннен жақын жоқ.

Авторы: Гүлжан Марқабаева

Осы категория бойынша: « Елбасы Ақтөбе облысында атқарылып жатқан жұмыстарға бағасын берді Елбасы Финляндияға ресми сапармен барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы