368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан Президенті фин компанияларын АХҚО жұмысына атсалысуға шақырды

  • 357
  • UPD: 23:16, 16.10.2018

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға ресми сапармен барды.

Экономикасы жағынан әлемдегі ең озық елдердің бірінде Президент екі күн бойы келелі кездесулер өткізбек. Бүгін солардың бірқатары, атап айтқанда, финляндиялық алпауыт корпорация «Nokia» жетекшісімен басқосу ұйымдастырылды. Онда Елбасы Қазақстанды цифрландыруға қатысты маңызды мәселелер көтерді. Сондай-ақ суоми елінің өзге де бизнес өкілдерімен қазақ-фин қарым-қатынасын жақсарту жөнінде бастамаларын ортаға салды.

Президент борты Хельсинки әуежайына жергілікті уақыт бойынша түс ауа қонды. Нұрсұлтан Назарбаевты Финляндия үкіметінің өкілдері мемлекеттік деңгейдегі ең мәртебелі қонақ ретінде қарсы алды. Жалпы, Елбасының бұл – суоми еліне ресми түрде екінші мәрте келуі. Алғашқысы 2009 жылы ұйымдастырылған мемлекеттік сапар болатын. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік бағдарлама аясында көптеген келелі кездесулер өткізбек. Солардың бірқатары бүгін ұйымдастырылды. Мәселен, финляндиялық әлемге әйгілі «Nokia» корпорациясының басшылығымен кездесу. Басқосуда трансұлттық компанияның Қазақстандағы цифрландыру жобасына қатысу мүмкіндігі талқыланды. Күн тәртібінде 5G технологиясын Астана мен Алматы қалаларына енгізу жөніндегі мәселе де бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мы приняли программу «Цифровой Казахстан». Сейчас работаем всей страной. Внедряем в большое производство и сервис. Будем достигать больших успехов. Сотрудничество с вами нам очень полезно.

«Nokia» – әлемдегі ең ірі трансұлттық компаниялардың бірі. Жалпы құны – 45 миллиард еуроға тең алып құрылым. 100 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтып отыр. Яғни жоғары технологиялы өнімдері жер шарының түкпір-түкпіріне тарайды. Компания Қазақстанмен де тығыз әріптестік орнатуға мүдделі.

Ристо Сииласмаа, «Nokia» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын зерделеп шықтық. Енді соның аясында әріптестікке мүдделіміз. Бұл – «Nokia» компаниясының қазіргі ең басты мақсаты. Біз нарыққа қажетті өнімдердің түр-түрін шығарамыз. 5G жөнінде айтар болсақ, ол негізгі өніміміз. 4G-ге қарағанда көптеген артықшылығы бар.

Мемлекет басшысының кез келген елге жасайтын сапары кезінде жергілікті бизнес құрылымдармен арнайы кездесуі игі дәстүрге айналған. Мұндағы мақсат – Қазақстан экономикасын серіктес елдермен бірлесіп дамыту.

Бұл жолғы сапар кезіндегі жиынға 20-дан аса фин компаниясының жетекшісі қатысты. Жалпы Финляндияның озық экономикасына жалғыз «Nokia» корпорациясы емес, өзге де алып компаниялар қомақты үлес қосады. Олармен тиімді ынтымақтастық орнату Қазақстан үшін қай жағынан да тиімді. Мәселен, еліміздің жекешелендіру науқаны мен «Астана» халықаралық қаржы орталығына фин кәсіпкерлерінің келуі ұтымды іс болмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- На продажу выставляются активы основных наших экономических активов: «Казахтелеком», «КазахАтомПром», «Эйр Астана», «КазМұнайГаз», КТЖ, «Казпочта» и другие. Нами изучается спрос со стороны иностранных инвесторов для сделок по этим предприятиям. Несомненно, финский рынок в этом смысле является одним из приоритетных.

Финляндия – еліміздің Солтүстік Еуропа мен Еуроодақтағы маңызды серіктесі. Екі ел арасында саяси байланыс қарқынды дамып келеді. Бұл экономикалық һәм инвестициялық байланысты жүйелі жолға қоюға өз септігін тигізуде. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда айналымы 160 миллион долларды құраған. Ал соңғы 13 жылда елімізге Финляндиядан жалпы құны 334 миллион доллар тікелей инвестиция тартылды. Көрсеткіш келешекте әлде де арта түспек. Себебі, Қазақстан Финляндия экономикасына да қолайлы жағдай жасап отыр. Бір ғана еліміздің инфрақұрылымдық әлеуеті Қытайға жылдам жүк тасымалдауына жол ашады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Как вы знаете, Казахстан находится в центре материка. По площади занимает 9-е место в мире – 2 млн 700 тыс. кв. км, однако выхода к морям, океанам у нас не было. Чтобы выйти из этой ситуации мы за эти годы очень сильно работали с КНР. Теперь контейнеры из Тихого океана через Китай-Казахстан попадают в Каспийское море. Оттуда через паромную переправу в Европу, и через Россию к вам.

Тағы бір айта кетерлігі, фин компанияларының жаңа технологиялары мен инновациялары. Ол жағынан да Финляндия әлемде көшбасшы елдердің бірі. «Бұл ретте озық тәжірибелерді елімізге әкеліп, тиімді қолдану екіжақты әріптестіктің басым бағыты», – деді Президент.

Жалпы, қазақ-фин қарым-қатынасы барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Әсіресе саясат, экономика, инвестиция, білім, денсаулық сақтау, туризм сынды салаларда айқын көрініс тапқан. Енді арадағы байланыс Елбасының осы жолғы сапары арқылы одан әрі нығая түспек. Айта кетейік, ертең Елбасы Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездеседі. Жоғары деңгейдегі жүздесу Президент резиденциясында ұйымдастырылады. Онда екіжақты және кең ауқымды әріптестікті арттыру мәселелері талқыға салынуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар әңгімеге арқау болады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Асхат Әзіретханов, Хасен Омарқұлов

Осы категория бойынша: « Елбасы Финляндияға ресми сапармен барды Елбасы Финляндияда Саули Ниинистёмен шағын құрамда кездесу өткізіп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы