364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасының Финляндияға сапары барысында құны 600 млн долларлық келісімдерге қол қойылды

  • 299
  • UPD: 20:59, 17.10.2018

Елбасының Финляндиядағы ресми сапары нәтижесінде 600 млн долларға тең 10 келісімге қол қойылды. Бұның сыртында ведомствоаралық деңгейде бекіген тағы 20 келісім бар. 

Фин президентінің резиденциясы алдында қазақ көшбасшысын қарсы алу рәсіміне таңсәріден дайындық басталды. Мәселен, көк байрағымыз Финляндия және Еуроодақ туымен қатар арнайы тұғырға ілінді. Кейін құрмет қарауылының сарбаздары сап түзеп, президенттік оркестр келді. Жалпы фин президентінің резиденциясы елдегі - ең ежелгі ғимараттардың бірі. Сыры мен сыны кетпеген нысан талай тарихи оқиғаға куә десек, артық айтқандық емес. Солардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың фин еліне 2009 жылы жасаған мемлекеттік сапары да бар. Яғни Елбасы бұл сарайға екінші мәрте аяқ басқалы тұр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты фин президенті Саули Ниинестё құшақ жая қарсы алды. Қазақ көшбасшысының ресми сапарына дән ризалығын білдіріп, айрықша ықылас танытты. Бұдан әрі салтанатты рәсім талаптарына сай алдымен Қазақстанның, кейін Финляндияның мемлекеттік әнұраны орындалды.

Салтанат шарада қос елдің президенті ресми делегация өкілдерімен де танысты. Себебі Финляндия астанасына Мемлекет басшысымен бірге Президент әкімшілігі, үкімет мүшелері және ұлттық компания жетекшілері келген. Сапар аясында екі ел президенттері алдымен екеуара кездесті. Елбасы фин республикасымен екі жақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Қазір арадағы сауда айналымы 300 миллион доллардан асқан. Оны одан әрі ұлғайту қос елдің президенті көтерген ең маңызды бастама. Әсіресе Елбасы арадағы ынтымақтастықты нығайтуға айрықша ынталы екенін жеткізіп, фин президентінің өтініші бойынша Құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін қалдырды.

Мемлекет басшыларының келіссөзі кеңейтілген құрамда да жалғасты. Ең алдымен халықаралық саясат мәселелері күн тәртібіне шығарылды. Бұған қоса Финляндия мен Қазақстан кез келген салада маңызды серіктес екені атап өтілді. Өткен жылы бұл мемлекет еліміздегі ЭКСПО көрмесіне белсенді түрде қатысып, жоғары технологиялы жобаларын таныстырды.

Саули Ниинистё, Финляндия Республикасының Президенті:

- Сізбен өткен жылы Экспо көрмесі кезінде кездескен едік. Сол кезде екіжақты сауда-саттық мәселелерін талқыладық. Енді бұл іске жаңа серпін беру үшін Финляндияға арнайы келіп отырсыз. Кеше бизнес өкілдерімен де кездесу өткізгеніңізді білемін. Мен сізбен өз елімде жүздесіп, әлемдік ахуалға қатысты көзқарастарыңызды естіп отырғаныма қуаныштымын. Сізге алғысым шексіз.

Қазір қазақ-фин қарым-қатынасы барлық салада көрініс тапқан. Алайда арадағы сауда-саттық көлемі көп емес. Жылына 300 миллион доллардан асатын көрсеткішті ұлғайту - ортақ мақсат. Себебі, Қазақстан табиғи ресурсқа бай әрі инфрақұрылымдық әлеуеті зор мемлекет болса, Финляндияның технологиялық тұрғыда мүмкіндігі мол. Дәл осы жәйт екіжақты сауда айналымын арттыруға септігін тигізуі тиіс.

Қазақ-фин қарым-қатынасы 1992 жылы орнаған. Қазір Финляндия еліміз арқылы Қытайға жүк тасымалдайды. Теміржол байланысы соңғы жылдары едәуір жақсара түсті. Еліміз Батыс Еуропа Батыс Қытай автодәлізін де іске қосты. Бұдан бөлек, екі елдің әлемдік геосаясатқа қатысты көзқарастары ұқсас. Финляндия да Қазақстан секілді ел мен елді жақындастырып, бітімгерлік мақсатты ұстанып келеді. 

Айта кетейік, Финляндия келер жылы Еуроодаққа төрағалық етеді. Сондықтан Кәрі құрлықпен байланысымымызды одан әрі бекемдеуге қолайлы мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде, еліміз экспорттық өнімдерінің жартысын осы аймаққа жөнелтіп келеді. Болашақта еуроодақпен визалық рәсімдерді жеңілдету де басты мақсат.

Саули Ниинистё, Финляндия Республикасының Президенті:

- Біздің Қазақстанмен барлық салада әріптестікті арттырмақ ойымыз бар. Сол арқылы Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шыға аламыз. Финляндия әлемдегі тұрақты елдердің бірі. Осы тұрғыда, өз тәжірибемізбен бөлісуге әрқашан әзірміз. Қазақстанның инфрақұрылымдық әлеуеті тауар тасымалын арттыруға игі септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сапар аясында мемлекет басшылары ведомствоаралық келісімдерге қол қою рәсіміне куә болды. Атап айтсақ, еліміздің Сыртқы істер және Энергетика министрліктері финляндиялық әріптестерімен өзара ынтымақтастық жөнінде мәміле жасасты.

Мемлекет басшысы Финляндия Республикасы президентімен кездесуден кейін «хиетаниеми» мемориалды кешеніне барды. Хельсинкидегі бұл ескерткіште екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған сарбаздар да жерленген. Елбасы олардың рухына тағзым етіп, гүл қойды.

Бұдан әрі президент Нокиа корпорациясының штаб-пәтеріне аялдады. Корпорацияның бас директоры Раджив Сури Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанмен әріптестіктің жай-күйін баяндады. Сондай-ақ 5G технологиясының артықшылықтарын атап өтті. Айта кетейік, отандық қазақтелеком компаниясы Нокио корпорациясымен тиісті келісім жасасқан. Оның аясында, елімізге 5 джи технологиясы кең ауқымда енгізілетін болады. Президент әлемдік алпауыт кәсіпорынның өзге де өнімдерін тамашалады. Мәселен, елбасына қашықтан басқару қондырғылары мен ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға арналған заманауи құрал-жабдықтар көрсетілді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия жасаған ресми сапары Нокиа корпорациясының штаб-пәтерінде қорытындыланды. Компания өкілдері қазақ елімен тығыз әріптестік орнатуға әзір екенін жеткізді. Ал Елбасы ең үздік технологияны тамашалап, тиісті баға берді. Жалпы ресми сапар аясында жалпы құны 600 миллион долларды құрайтын 10 келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ, Финляндия-Ресей-Қазақстан-Қытай теміржол бағытындағы контейнерлік жүк жөнелтілді. Бұл істі Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы жүзеге асырды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Асхат Әзіретханов, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

Осы категория бойынша: « Елбасы «Nokia» компаниясының презентация алаңына барды Н.Назарбаев ресми сапармен Бельгияға барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы