365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұрсұлтан Назарбаев: Ірі державалар адамзат алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс

  • 500
  • UPD: 23:47, 19.10.2018

Брюссель соңғы бірер күнде әлем назарын өзіне аударып отыр.

Онда «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммиті өтіп жатыр. Сары және кәрі құрлық арасындағы ынтымақтастықты арттыратын жиынға Қазақстан да қатысып жатыр. Жиынның пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Азия мемлекеттерінің арасынан баяндама жасады. Шараның басты тақырыбы «Жаһандық сын-қатерлермен күресуде жаһандық әріптестер» деп аталады. Кеше шараның ресми ашылуы өтті. Биыл Еуропалық одақ осы жиынға төрағалық етеді.

Еуропаның астанасы атанып кеткен Брюссель қаласында соңғы аптада қарбалас. Мұнда халықаралық шаралар жиі өтеді. Дегенмен Азия мен Еуропа форумы ХІІ саммитінің салмағы барлығынан басымырақ. Өйткені Еуропа мен Азияның басын біріктіретін басты алаң. Оған қатысатын елдердің саны 50-ден асады. Сондықтан Брюссель көшелерінде ресми делегация өкілдерінің қауіпсіздігі ерекше назарда. Тәртіп сақшылар әр қозғалысты қалт жібермейді.

Қос құрлықтағы мемлекет басшылары мен премьер-министрлері Бельгияда бас қосты. Әдетте саясаткерлерді бір мезетте топ-тобымен жүргенін жиі кездестіре бермейсіз. Жиынға келгендерді хаттамаға сәйкес көліктен түсе салысымен жүздеген камера нысанаға алады. Әр елден келген делегация өкілдері өзара амандасып, пікір алысып та үлгерді.

Қызыл кілемнен жүріп өткен саясаткерлер негізгі залда нақты іске көшті. Биыл шараға Еуропалық одақ төрағалық етеді. Сондықтан саммит өтетін орын ретінде Еурокомиссияның ғимараты таңдалып отыр. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын шара Азия мен Еуропада кезек-кезек өткізіліп келеді. Соңғысы 2016 жылы Моңғолияда өткен еді. Биылғы тақырып «Жаһандық сынақтар алдындағы жаһандық әріптестік» деп аталады. Ынтымақтастықты арттыратын шараға Қазақстан да қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаһан жұртының дамуына тежеу болатын басты мәселелерді атап, АСЕМ форумының пленарлық отырысында баяндама жасады. Президент күрмеулі мәселелерді шешу үшін саммит алаңын тиімді пайдалануды ұсынды. Әсіресе ірі державалар адамзат алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс деп есептейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің саммит АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа одағын адамзат алдындағы жауапкершілігін сезініп, халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруымыз қажет. Бұлай болмаған жағдайда: біріншіден, Сирия, Украина және басқа да елдерде қақтығыстар мен текетірестер өрши түседі. Екіншіден, жаппай қырып-жоятын қарудың таралуы, трансұлттық терроризм сияқты күрделі проблемалар шешілмейді. Үшіншіден, әлем экономикасы құлдырайды, кедей елдердің жағдайы одан әрі қиындап, мемлекеттер арасындағы теңсіздік ұлғая береді. Төртіншіден, осының бәрі адамзаттың ертеңіне деген сенімін жоғалтып, қорқыныш сезімін ұялатады.

Расында, әлемде алпауыттардың арбасуынан үшінші елдер зардап шегіп отыр. Геосаяси ахуалдың жиі құбылуы, санкциялар текетіресі, санамаласақ кете береді. Бір-біріне айбат шегіп, доқ көрсеткен елдер. Қазір әлемде айтқанына көнбей, дегеніне жүрмегендерді санкциямен қорқытып, күретамырын бітеу белең алды. Мұның барлығы экономикалық дамуға тежеу әрі жаһандағы әлеуметтік жағдайды ушықтырады. Жер-жаһанда қандай қырғи-қабақ соғыс, шиеленіс болмасын барлығы өзара түсіністік пен ымыра арқылы шешілгені тиімді. Өткеннен тағылым алу маңызды. Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайды. Сондықтан Астана өз алаңын ұсынуға әзір.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғарыда атап өткен елдердің басшыларын өзекті проблемаларын талқылау үшін бас қосуға шақырамын. Қажет болған жағдайда, Астана алаңын осындай кездесуге ұсынуға дайынбыз. Сөзімнің соңында Азия мен Еуропа елдерінің жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы тұруды көздейтін серіктестігіне Қазақстан белсенді атсалысуға әзір екенін айтқым келеді.

Қазақстан – кәрі құрлықтағы елдермен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Әріптестік аясын кеңейтуді үнемі басты назарда ұстап келеді. Былтыр Еуроодақпен арадағы тауар айналымы 22 млрд долларға жеткен. Еліміз Еуропаның озық технологиясын үйренеді, қолданысқа енгізеді.

АСЕМ форумының ХІІ саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еурокомиссия жетекшісі Жан-Клод Юнкермен жүздесті. Екіжақты кездесуде Елбасы «Азия-Еуропа» форумының жаһандық маңызы мен жиынның ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Кездесуге бастамашы болған Еурокомиссия басшысы – Жан-Клод Юнкер. Ол Қазақстанның өңірлік ахуалды реттеудегі рөліне тоқталды. Тараптар қауіпсіздік және күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер бойынша пікір алысты. Еуразиялық экономикалық одақтың Еуродаққа мүше елдермен интеграциялық байланысы сөз болды.

Жан-Клод Юнкер, Еурокомиссия жетекшісі:

- Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын. Көптен бері көріспеп едік. Мен Қазақстанда 2008 жылы болдым. Сол кездегі сапарым есімде және сіздің тұрақтылық туралы айтқандарыңызды әлі ұмытқан жоқпын.

Сондай-ақ Елбасы Азия және Еуропа форумының алаңында бірнеше елдің көшбасшыларымен жүздесті. Олар: Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ және Корея Президенті Мун Чжэ Ин. Тараптар кездесу барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерді талқылап, Корей түбегіндегі жағдайды реттеу бойынша пікір алысты. Елбасы белді саясаткерлермен де жүздесіп үлгерді. Олардың қатарында Қытай мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцян, Ресей және Италия елдерінің үкімет басшылары Дмитрий Медведев пен Джузеппе Конте бар.

Азия мен Еуропа ынтымағы бүгін басталған процесс емес, ертең тоқтайын деп тұрған жоқ. Жалпы, Азия мен Еуропа форумының ХІІ саммитінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау, қауіпсіздікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізілді. Алып Еуразия құрлығының өкілдері екі жылдан кейін Камбоджада бас қосатын болып келісті.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Еділ Ермекбаев, Руслан Жәкеев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

Осы категория бойынша: « Елбасы Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинмен және Ш.Мирзиёевпен кездесті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы