367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық көмірдің сапасы бағасына сай ма?

  • 376
  • UPD: 10:37, 22.10.2018

Қыс қыр астында. Арқада күздің өзі салқын келеді. Демек жұртқа жылу ерте беріледі. Жалпы жылыту кезеңінде астаналықтар 400 мың тонна көмір тұтынады деген болжам бар.

Соңғы тәулік ішінде елордаға 34 вагон көмір әкелінген. Оның 21 вагоны - Майкүбі отыны, 11 вагоны - Шұбаркөл көмірі және 2 вагон - Қаражыра сұрыпы. Отандық өнімнің бағасы сапасына сай келе ме? 

Елордада көмір сататын орындарға жетудің өзі бір мұң екені баршаға мәлім. Шұрық-тесік асфальт пен айнала толған лайды көріп, көмір қаншалықты қажет болғанымен соншалықты кейін қайтқыңыз келсе таңқалмаңыз. Сондықтан ескі болса да, қалың киім мен резеңке етік кигеніңіз абзал. Бұл жерде тілшілер қауымын аса жақтырта қоймайтынын біліп, жасырын бейнекамераға түсіруді шештік.

Осы жылы әкімдік 8 сауда орнымен келісімге қол қойған. Құжатта Шұбаркөл көмірінің құны 14500 теңгеден жоғары болмау керек делінген. Расында да отын бағасы аталған сомадан мың теңгеге төмен болып шықты.

Мақсат Есмағұлов, қалалық әкімдіктің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы Астана қаласының әкімдігімен көмірді сату бойынша өте үлкен жұмыс атқарылды. Яғни біз былтырғымен салыстырғанда көмірдің әкелуін екі есе аттырдық. Мысалға биылғы жылдың тамызынан бүгінгі күнге дейін біз қалаға 160 мың тонна көмір әкелдік.

13500 теңге. Бәлкім бұл тек ресми сауда орындарының бағасы шығар? Өйткені алыпсатарлардың иелігіндегі көлеңкелі қамбаларды да жоққа шығаруға әсте болмайды. Ондағы баға жоғары болғанымен сапасы жақсы, ал әкімдік ұсынған отын көбіне бірден жана қоймайды дейді жеке сатушылар.

– Жоғары сұрыпты көмірді бірден байқауға болады. Бағасы жоғары болса да, сатып алушылар одан бас тартпайды. Ал арзанға жүгірсеңіз, ақшаңыздан екі есе қағыласыз. 13500 теңгенің отыны құм аралас болып келеді. Оның үстіне оны сатып алу үшін ұзын сонар кезекте тұруыңызға тура келеді. Негізі сапалы көмірдің орташа бағасы 17 мың теңге.

Әлбетте сатушының осы сөздерін клиентті өзіне тарту амалы деп те қарастыруға болады. Ендеше, әкімдіктегілердің өздерінен сұрап көрелік. Көмірдің сапасына қатысты мониторинг жүргізіледі ме?

Мақсат Есмағұлов, қалалық әкімдіктің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Астана қаласы әкімдігі атынан бізде 109 номері құрылды. Яғни 109 нөмірі арқылы әрбір тұрғын телефон соғып, қай жерде қандай көмір және қандай маркамен, қандай бағамен сатылатынын біле алады. Күнделікті негізде біз басқарма қызметкерлері әрдайым сату орындарына барады, ол бойынша барлық мониторинг, анализ жүргізеді.  

Осылайша жылыту маусымында елордалықтар 400 мың тонна көмір тұтынады. Тұрғындар қай отын түрін тұтынса да өз еркі. Алайда «жылтырағанның бәрі алтын емес» деген даналықты негізге алсақ, жоғары баға бар жерде жоғары сапа бола бермейтінін естен шығармаған жөн.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсенбаев, Ерлан Наурызбаев

Осы категория бойынша: « Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинмен және Ш.Мирзиёевпен кездесті Елбасы Жолдауды іске асыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы