368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті

  • 294
  • UPD: 21:47, 26.10.2018

Қазақ тіліне аударылатын әлемдік 30 оқулық, «100 жаңа есім» жобасының жалғасы, киелі жерлерге саяхат және ауылдарды қайта түлетуге арналған бағдарламалар.

Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында осы мәселелер қаралды.

Жиында «Ауыл - ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» атты жаңа жобалар таныстырылып, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының жаңа жоспарын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңаша қарқынмен жүзеге аспақ. Біріншіден, қазақ тіліне аударылатын әлемдік деңгейдегі оқулықтардың екінші легі жарық көреді. Бұл жолғы жоспар әлдеқайда ауқымды. Келер оқу жылына дейін теңдессіз 30 туынды тілімізге аударылуы тиіс. Сөйтіп, бұған дейінгілерін қосқанда ұзын-саны 48 оқулық білім ордаларына таратылады. Сондай-ақ олардың онлайн нұсқасы пайда болады.

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

- Бүгін жеке таныстырылған бастама бар. Ол ашық университет деп аталады. Өздеріңіз жақсы білесіздер. Әлемде онлайн курстар, технологияны пайдалану үрдісі дамып жатыр. Қазір әлемде онлайн курсты қолданушылар саны 100 млн жетіп қалған. Оқулықтың негізінде онлайн курс жасалды. Барлығы сол оқулықтардың желісі бойынша дайындалған 25 лекция әр лекцияда 20 минутта кемінде. Келер жылы ашық университет те таныстырылады. 

Әлемдік деңгейдегі оқулықтар қазақ жастарының ойлау қабілетін жетілдірсе, киелі жерлер картасы туған топырақтың қадір-қасиетін тереңінен түйсінуге жол ашады. Былтырдан бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі тарихи мекендер тізімі толығып келеді. Мектеп және университет шәкірттері үшін киелі жерлерге ұдайы саяхат ұйымдастыру дәстүрге айналды. Оның үстіне таяу арада Елбасы тапсырмасы бойынша «Ауыл - ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» жобалары іске қосылуы тиіс. 

Әсет Исекешев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы:

- Біздің міндет осы жұмысқа тың серпін беру. Мемлекет басшысының биылғы жолдауы Рухани Жаңғырумен тығыз үндесіп жатыр. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге қолайлы орта жасау түпкі мақсатымыз. Елбасының алдағы жылды жастар жылы деп жариялауы, сонымен бірге «Ауыл - ел бесігі» жобасы, өз жерін дамыту бастамасы «Рухани жаңғыруды» байыта түседі. 

«Рухани жаңғыру» жобалары арқылы «туған жерге туың тік» тәмсілінің мән-маңызы арта түсті. Бұл ұғым ел азаматтарының өздері өсіп-өнген өңірден алыстап кетпей, керісінше сол елді-мекеннің дамуына білек сыбана кірісу қажеттігін білдіреді. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі де ауылдық жерлердегі жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешуі қажет. Ал оқу орындары жастардың бойындағы патриоттық рухты арттыруға міндетті. 

Ерлан Сыдықов, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- «Рухани жаңғырудың» негізгі нысанасы жастар болуы керек. Жастардың санасын тәуелсіз елге бейімдеу керек. Өйткені, тарихшы болғаннан кейін айтайын жүздеген жылдар бойы жоңғар шапқыншылығын көріп, сол әсер етіп қалды. Одан кейін Ресей империясының қарамағында болдық. Одан кейін Совет империясының қол астында болдық. Әлі де болса қалып қойған жаңсақ ойлар бар.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

- Санамызды өзгерту ел үшін жер үшін қалай біз өзін дамыту арқылы елін қалай дамыта аламыз. Ал даму үшін әлемдік кеңістікте өз орнын алу үшін әрқашанда кім екенін білу керек, сол жердің қандай ерекшелігі бар екенін өзі жасау керек деп ойлаймын. 

Жастардың Отанға қалтқысыз қызмет етуі үшін қоғамдық бірлестіктер қызу іске кірісіп кетті. Киелі жерлерге саяхат ұйымдастырып қана қоймай, шекаралас облыстардың өрендерін ел жүрегі Астанаға шақырып келеді. Әсіресе, Солтүстік өңірінің жастарына арналған жобалар тиімді нәтиже беріп те үлгерді.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының кеңес төрағасы:

- Астанадан 200 шақырым жерде Қостанай облысындағы ауылдың балаларын біздер солармен жұмыс жасағанбыз. Олардың көбі бұрын Ресейге көшіп кететін еді. Астананы өмірі көрмеген балалар болып шықты. Сол жерде біз спонсорлар тауып, 25 баланы Астанаға әкеп, аралаттық. Сол 25 баланың 23-і осында оқып жатыр.

Ұлттық комиссия отырысында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков атқарушы орган өкілдерінің жұмысына, сондай-ақ, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан іргелі істерді оң бағалады.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Айта кетейік, биыл «100 жаңа есім» жобасы да жалғасын табады. Ел өміріне ерекше ықпал еткен азаматтарға онлайн дауыс беру жүріп жатыр. Жалпы жиын соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырудың кешенді жоспарын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Осы категория бойынша: « Б.Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Қорғас» құрғақ портына барды Елбасы Иордания Королі Абдалла Екіншіге көңіл айту жеделхатын жолдады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы