369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АХҚО-да биржа саудасы салтанатты түрде ашылды

  • 177
  • UPD: 15:47, 14.11.2018

Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығында биржа саудасы салтанатты түрде басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен шара елдегі қаржы шаруашылығын жаңа бір белеске көтеретіні анық. Әлемнің айтулы елдерінде қаржы бәсі артқан заманда әлгі нарықтан Астана орталығы бой көрсетіп жатса, ол да сөзсіз табыс. Биржада алғаш болып «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары саудаға шығарылып, біршамасы 45 миллион долларға сатып алынды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы өткен жылдың қараша айында құрылды. Президент тапсырмасы бойынша құрылым тұтас Орталық Азия аймағының қозғаушы күші болуы тиіс. Осы мақсатта елімізде қысқа мерзімде заңнамалық реформалар жүргізіліп, қаржы тарту жүйесі толығымен қалыптасып үлгерді. Бұған әсіресе Елбасының шет мемлекеттерге сапарлары кезінде жасалған келелі келісімдер зор ықпалын тигізді. Өткен аптада дәл осы ЭКСПО қалашығында «Астана хаб» халықаралық стартаптар алаңы іске қосылса, бүгін қаржы орталығы биржасындағы алғашқы сауда-саттық басталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я объявляю первые торги на бирже МФЦА открытыми. Желаю дальнейших успехов в работе!

Бұл – ел тарихындағы ең маңызды оқиға. Бұрын-соңды болмаған сауда-саттық жүйесі. Біріншіден, әлемдік қаржы нарығында жаңа құрылым пайда болды. Және сол жүйеде ең алғаш болып «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары ІРО-ға шығарылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Казахстан занимает первое место по добыче урана в мире, и на долю Казахстана приходится 20% мирового рынка урана. Поэтому интерес к акциям компании огромен и спрос будет расти. Я с большим удовольствием отметил в Лондоне – именно казахстанские компании были популярны и акции их приобретались в Лондоне. В дальнейшем мы планируем выставить на торги акции «Казахтелекома», «Эйр Астаны», «КазМунайГаза» и других компаний. МФЦА должен стать катализатором привлечения иностранного капитала и вывести фондовый рынок на новый уровень развития. Здесь активно используется  мировой опыт, привлечены лучшие партнеры.

«Қазатомөнеркәсіп» өткен ғасырдың соңында құрылды. 20 жылдық белесті еңсерген компанияның акцияларын енді Лондон және Астана биржасында сатып алуға болады. Қазірдің өзінде еліміздің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, яғни миллиондаған қазақстандық отандық кәсіпорынның бірқатар құнды қағаздарына иелік етеді.  

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Осыдан бірер жыл бұрын, ЭКСПО-ның құрылысы басталған кезде сіз «көрмеден кейін бұл жерде халықаралық қаржы орталығы орналасады» деп айтып едіңіз. Сол сіздің ойыңыз іске асып отыр. Бұл – тарихи сәт. Мемлекетіміздің қаржы нарығының дамуындағы жаңа белес. Сізді құттықтауға рұқсат етіңіз.

Жалпы «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларды ІРО-ға шығару ісі Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл – ұлттық компаниялардың тартымдылығын арттырып, ел несібесін еселеудің жалғыз жолы. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп» акциялары Астана биржасы алаңына шығарылған бір күннің ішінде жалпы сомасы 45 миллион долларға ұсыныс түсіп, тиісті төлем жасалған. Алдағы уақытта оның мөлшері 450 миллион долларға жетуі тиіс. Сөйтіп бұл қаражат тікелей ұлттық қорға аударылады. 

Ғалымжан Пірматов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

- Компания құрылған күннен бастап Елбасының стратегиялық жоспарларына сай уран өндірісі бойынша әлемде көшбасшыға айналды. Бұл кәсіпорынға мемлекеттің ұдайы қолдау көрсетуінің нәтижесі. Енді біздің акционерлеріміздің арасында қазақстандық және жаһандық инвестициялық қорлар бар.

Биыл төл валютамыздың қолданысқа енгізілгеніне ширек ғасыр уақыт болды. «Астана» биржасының іске қосылуы осы атаулы датамен тұспа-тұс келіп отыр. Президент бұған қоса еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігін және алтын-валюта қорының 900 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Ал қаржы орталығының жетекшілері ауқымды жоспарларын жариялады. 

Қайрат Келімбетов, «Астана» ХҚО басқарушысы:

- Алдағы 3 жылда әлемдегі ТОП-50 қаржы орталығының қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз. Қазір біздің құзыретімізге 88 компания тіркеліп үлгерді. 2020 жылға дейін олардың саны 500-ге жетеді.

Тим Беннат, «Астана» ХҚО биржасының басқарма төрағасы:

- Бүгін Қазақстан үшін де «Қазатомөнеркәсіп» үшін де тарихи күн. Бұл шара ел азаматтарының және «Самұрық-Қазынаның» әлеуетін арттыра түседі. Президент мырза, сіздің заманауи көзқарасыңыз осы жетістікке жетеледі.

Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы осымен толықтай қалыптасып отыр. Енді отандық сауда-саттық алаңында ел әлеуетін арттыратын маңызды келісімдер жасала бастайды.

Енді Астана әлемнің жетекші қаржы орталықтарымен бір деңгейде бәсекелесе алады. Және тұтас Еуразия құрлығы үшін қаржы қақпаларының біріне айналады. Ал жер жаһанның әр қиырынан қомақты инвестиция тартылған сайын еліміздің жалпы ішкі өнімі арта түседі. Ол да өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Хасен Омарқұлов

 

Осы категория бойынша: « Елбасы Қазақстанның антиядролық қозғалысына арналған көрмені аралап көрді Н.Назарбаев: АХҚО-ның іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы