371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы шетелдік дипломатиялық корпус жетекшілерімен кездесті

  • 272
  • UPD: 23:42, 21.11.2018

Қазақстанның әлемнің алып державалармен байланысы, арадағы барыс-келісі мен алыс-берісі – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты сақтауға және Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға қосқан қомақты үлесі.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі дипломатиялық корпустар мен халықаралық ұйым жетекшілерімен кездесіп, Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктерін саралады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақ жерінде әлемнің 60-қа жуық мемлекетінің дипломатиялық корпусы жұмыс істейді. Халықаралық ұйым өкілдіктерінің саны да артып келеді. Бұл – жаһанға бейбітсүйгіш ел ретінде танылған Қазақстанға әлемдік қауымдастықтың айрықша ауған назары әрі селкеусіз сенімі. Ал ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған бұл кездесу – әлем жұртымен ымырасыз ынтымақтастықтың айқын көрінісі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 300 млрд доллардан асты. Соның арқасында біздің экономикамыздың дамуы жүргізілген реформамызды жасауға мүмкіндік берді. Doing Business бойынша Қазақстан 36-дан 28-орынға көтерілді. 2020 жылы «Цифрлық Қазақстанды» жүзеге асыруға 400 млн доллар бөлінді. Халқымыз бақуатты өмір сүріп, 2050 жылға қарай озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген бағытты алдымызға қойып отырмыз. Осы негізгі мұратты орындау үшін бүкіл халықты жұмылдырып келеміз.

Қазақстанның жаһандық бастамалары әлемдік қауымдастыққа мәлім. Бір ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіміз абыройымызды асырып, мәртебемізді биіктетті. Соның аясында әлемде жаппай қырып-жою қаруын таратпау және сенім шаралары жөніндегі мәлімдеме қабылданып, терроризмнен азат әлемге қол жеткізу кодексіне қол қойған мемлекеттер көбейді. Ал Орталық Азиядағы ахуалға көзқарас өзгеріп, Ауғанстан төңірегіндегі қауіп-қатер сейіле бастады. Бұл Президенттің «Әлем. 21 ғасыр» манифесіндегі ұстанымдарының дәйекті түрде жүзеге асқанын білдіреді. Қазақстан алып нарқы бар Еуразиялық экономикалық одақпен интеграциялық үдерістерін де тоқтатқан емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде 180 миллионнан астам халқы бар Еуразиялық экономикалық одақ арасында өзара сауда және өндіріс көлемі жыл сайын ұлғаюда. Мамыр айында «Астана» экономикалық форумы барысында осы интеграциялық бірлестік пен Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Біздің елдеріміз осыдан 5 жыл бұрын Назарбаев Университетінде тұңғыш рет жарияланған және бүгінгі күні «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының құрамдас бөлігі саналатын Қазақстанның Жібек жолы экономикалық белдеу бағдарламасының белсенді қатысушысына айналды.

Қазақстан – Еуропа мен Азияны жалғайтын көлік-транзиттік хабтың негізгі торабы. Елбасы елшілердің осы жайтқа да баса мән беру керектігін айтты. Себебі, соңғы жылдары Ұлы Жібек жолын жаңғырту үшін қыруар жоба жүзеге асты. Жалпы ұзындығы 2500 шақырым теміржол және 12 мың шақырым автокөлік жолы салынды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осының барлығы Қытайдан, Тынық мұхитынан бері қарай келетін жүктерді Қазақстан, Ресей арқылы Еуропаға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондықтан «Бір белдеу, бір жол», жаңа Жібек жолы өз жұмысын біз арқылы жүзеге асырып жатыр. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік автомобиль дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңадан салынды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты ашылды. Биыл іске қосылған Құрық порты тиімді көлік-логистикалық бағыттарды қамтамасыз етеді. Қазақстан арқылы, Каспий теңізі арқылы Бакуге, одан ары Кавказ, Түркия арқылы Еуропаға шығуға  мүмкіндік береді.

Орталық Азия елдерінің өзара ықпалдастығын арттыруға да Қазақстан қомақты үлес қосты. Аймақтағы 5 мемлекет басшысы биыл Астанада бас қосып, арадағы келіспеушіліктердің түйінін тарқатты. Ортақ шекараларын толықтай демаркациялап, табаны құрғаған Арал теңізіне де айрықша көңіл бөліне бастады. Оған Ақтауда қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу туралы конвенцияны қосыңыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан бүгін әлемнің 184 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатып, 57 елшілігі мен тұрақты өкілдігін өз елордасында ашты. Бізде шетелдің 98 елшілігі мен халықаралық ұйымдардың өкілдігі бар. Еліміз сыртқы саясатта бейбіт әрі көпвекторлы бағытты ұстануын жалғастыра беретін болады. Ресей Федерациясымен достық қатынастарын екіжақты форматта және Еуразиялық экономикалық одақ аясында дамытып келе жатыр. Петропавл қаласында Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге өңіраралық ынтымақтастығымыздың 15-форумын табысты өткіздік. ҚХР-мен өзара сенімге және сыйластыққа негізделген жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз тұрақты дамып келеді. Қазақстан өз тарапынан барлық шараны қолданатын болады. Бейжіңге 7-8 маусымдағы мемлекеттік сапарым екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін берді деп санаймын.

Ресей және Қытайдан бөлек мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-пен де қарым-қатынас нығайды. Жыл басында Елбасы Құрама Штаттар президенті Дональд Трамппен кездесіп, екі елдің кеңейтілген ынтымақтастығы жөніндегі келісімге қол қойды. Ал Еуроодақ, араб және мұсылман елдері, сондай-ақ Жапония, Корея сынды мемлекеттермен сан түрлі салада ынтымақтастық орнаған. Айта кетейік, таяуда өткен Астана клубының отырысында Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастық назарын бірқатар маңызды мәселеге аударған болатын. Түйткілдердің түйінін тарқату үшін Астана алаңына АҚШ, Ресей, Қытай және Еуроодақ сынды төрт тараптың өкілдерін шақырды.

Анатолий Ничкасов, Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Құрметті Президент мырза! Сіз Астана клубының отырысында жаһан жұрты үшін маңызды бастама көтердіңіз. Дәлірек айтқанда, қауіпсіздік және ынтымақтастықты көздейтін Хельсинки келісімін жаңарту жөнінде ұсыныс бердіңіз. Бұл адамзат баласының бейбітшілігі жолында жасалатын ілкімді іс боларына сенімдімін. Сондықтан біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жан-жақты дамытқымыз келеді. Жалпы, елдеріңіз 30 дамыған мемлекеттің қатарына көп ұзамай қосылады деп ойлаймын.

Қазақ көшбасшысының Астана клубының төртінші отырысы кезінде көтерген бастамалары осылайша әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз экономиканы ілгерілетумен қоса бейбітшілік миссияларын да жүзеге асыруды жалғастыра беретінін айтты. Сондай-ақ елордада алдағы уақытта жаңа дипломатиялық қалашық бой көтеретінін жеткізді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Осы категория бойынша: « Қазақстан Президенті білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңес өткізді Нұрсұлтан Назарбаев: Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы