389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық бірлестігі клубтарының тәрбиеленушілерімен кездесті

  • 3065
  • UPD: 17:50, 30.11.2018

Еліміздің барлық өңірінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының филиалдары ашылады. Бұл туралы Тұңғыш Президент күніне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің кездесуінде мәлім болды.

Елбасы жас өскіндерге тәуелсіздік ұғымының мәнін айшықтап, оны көздің қарашығындай қорғаудың маңызын әңгімеледі. Айта кетейік, «Жас сарбаз» республикалық қозғалысы елімізде алғаш рет құрылып отыр. Шара барысында оның мүшелері президентке Отанымыздың адал азаматы болуға әрі мәңгілік ел мұратын сақтауға әзір екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ертең Қазақстан ел болып өзінің Тұңғыш  Президентін сайлаған күн. Ол күнді біздің Парламент мереке күні деп тағайындады. Мәселе біреудің аты-жөнінде емес, ол күні мен сайландым. Бірақ ол қазақ қазақ болғалы, ел болғалы тұңғыш рет тарихында өзінің ойымен, өзінің пікірімен өз Президентін сайлаған ең тұңғыш қуанышты күні болатын. Соның қарсаңында сіздермен кездесіп отырмыз. Жақындағы Жолдауымда патриоттық деген ұғым бар. Барлық істеп жатқан шаруаның 27 жылдың ішіндегі тәуелсіздікті нығайту үшін, мемлекетімізді дүние жүзіне паш ету үшін істеген жұмысымыздың барлығы - Отанды қорғау. Егер де тәуелсіздігімізді, бүгінде әлемге белгілі болған Қазақстанымызды, көк байрағымызды қорғай алмасақ істеген шаруаның барлығы бекер болады. Сондықтан бүгінгі «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуымен баршаңызды құттықтаймын. Қазір ғана жас сарбаздар өз туын алды. Ол ту әр уақытта отансүйгіштіктің белгісі саналатын. Ол туды жоғары ұстау, ол туды қисайтпау барлығымыздың парызымыз.  Біз отанымызды қорғай алмасақ, шекарамыздың шебінде тұра алмасақ еліміз өсіп өркендемейді. Істеп жатқан шаруаның барлығы жастар үшін, болашақ үшін. Сендердің өмірлерің бізден де жақсы болсын деп, біздің Қазақстанымыз болашақта бұдан да жоғары, бай болсын деп  істеп жатқан шаруаларымыз бар.

Хабар 24 телеарнасы