371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы: Тәуелсіздігімізді қорғай алмасақ, атқарған шаруаның барлығы бекер

  • 477
  • UPD: 23:27, 30.11.2018

Еліміздің барлық өңірінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының филиалдары ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы бүгін Тұңғыш Президент күніне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің кездесуінде мәлім болды. Елбасы жас өскіндерге тәуелсіздік ұғымының мәнін айшықтап, оны көздің қарашығындай қорғаудың маңызын әңгімеледі. Айта кетейік, «Жас сарбаз» республикалық қозғалысы елімізде алғаш рет құрылып отыр. Шара барысында оның мүшелері Президентке Отанымыздың адал азаматы болуға әрі мәңгілік ел мұратын сақтауға әзір екендіктерін жеткізді.

Бұл жас өскіндердің бойынан қазірдің өзінде әскери тәртіп пен дағдыға қызығушылық байқалады. Сөздерінің анық, қадамдарының нық екені Елбасыны кіреберістен күтіп алған сәттен бастап аңғарылды. Бұлар – «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық бірлестігінің тәрбиеленушілері. Ұйым мүшелері Президентке бірлестіктің жаңа киім үлгісін таныстырды.

Әмір Махмет – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшесі. Спортты жанына серік еткен өрен болашақта әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтқысы келеді. Бұл – оның алға қойған мақсаттарының бірі. Одан бөлек, Әмір Президентке олимпиада чемпионы болу арманы барын да айтты.

Әмір Махмет, оқушы:

- Президенттің алдында қобалжып тұрдық. Сосын 1-2 минут өткен соң үйреніп кеттік. Қобалжуды қойдық, әрі қарай өз күшімді жинадым. Алға қойған мақсатым – олимпиада чемпионы болу.

«Жас сарбаз» сапында 1780 тәрбиеленуші бар. Патриоттық рухты күшейту бағытында жұмыс істейтін бірлестік Елбасы тапсырмасы бойынша құрылып отыр. Бұл мәселеге Президент таяуда халыққа арнаған Жолдауында баса көңіл бөлді. Сондықтан ел тарихындағы алғашқы республикалық қозғалыс филиалдары өңірлерде де өз жұмысын жалғастырады. Мұндағы мақсат – төл тарихты білетін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мұратқа жетудің маңыздылығын Елбасы жас сарбаздармен салтанатты түрде кездесуінде айрықша атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ертең Қазақстан ел болып өзінің Тұңғыш  Президентін сайлаған күн. Ол күнді біздің Парламент мереке күні деп тағайындады. Мәселе біреудің аты-жөнінде емес, ол күні мен сайландым. Бірақ ол қазақ қазақ болғалы, ел болғалы тұңғыш рет тарихында өзінің ойымен, өзінің пікірімен өз Президентін сайлаған ең тұңғыш қуанышты күні болатын. Соның қарсаңында сіздермен кездесіп отырмыз. Жақындағы Жолдауымда патриоттық деген ұғым бар. 27 жылдың ішіндегі тәуелсіздікті нығайту үшін істеп жатқан шаруаның, мемлекетімізді дүниежүзіне паш ету үшін істеген жұмысымыздың барлығы Отанды қорғауға бағытталған. Егер тәуелсіздігімізді, бүгінде әлемге белгілі болған Қазақстанымызды, көк байрағымызды қорғай алмасақ, істеген шаруаның барлығы бекер болады. Сондықтан бүгінгі «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуымен баршаңызды құттықтаймын!

Жалпы, Қазақстан Қарулы күштерінің мәдени ошағы – ұлттық әскери-патриоттық орталық осыдан үш жыл бұрын ашылды. Содан бері жас өскіндерді отансүйгіштікке тәрбиелейтін бірден-бір нысан ретінде жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде еліміз бойынша әскери-патриоттық клубтардың саны 3 мыңға жуықтап, 74 мың оқушыны қамтыды. Жас сарбаздар жыл сайын республикалық шараларға белсенді түрде қатысады. Енді жаңа қозғалыс осы бағыттағы жұмыстарды лайықты жалғастыруы тиіс. Себебі, оған оқуда озат атанып, спорттық сайыстарда үздік шыққан әрі Отанды сүю ұғымын жете түсінетін өрендер топтастырылып отыр. Шара аясында әскери-патриоттық клубтарға ту табыстау рәсімі де өтті. Сондай-ақ Президентке жаңадан құрылған бірлестіктің Құрметті Төрағасы куәлігі мен төсбелгісі берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір ғана жас сарбаздар өз туын алды. Ол ту әр уақытта отансүйгіштіктің белгісі саналатын. Ол туды жоғары ұстау, ол туды қисайтпау – барлығымыздың парызымыз. Біз Отанымызды қорғай алмасақ, шекарамыздың шебінде тұра алмасақ, еліміз өсіп-өркендемейді. Істеп жатқан шаруаның барлығы жастар үшін, болашақ үшін. Сендердің өмірлерің бізден де жақсы болсын деп, біздің Қазақстанымыз болашақта бұдан да жоғары, бай болсын деп істеп жатқан шаруаларымыз бар.

Кез келген мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі жолында жан беріп, жан алысқан, Отан үшін аянбай тер төккен тұлғалар болады. Біздің ел тарихында да осындай ержүрек ұл-қыздар аз болмады. Ата-бабалар салып кеткен сара жолды жалғаушы ендігі ұрпақ сол тарихи тұлғалардың есімін естен шығармауы қажет. Бұл жайтқа Президент таяуда жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше мән берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Болашақ Отан қорғаушылырды, болашақ елдің азаматын тәрбиелеуге атсалысу керек. Сонда ғана Президенттің де, елдің де тірегі бола аласындар. Сол үшін жиналып отырмыз. Сол үшін сендердің араларыңа келіп отырмын. Сендерге өнеге болар ағалар көп. Мынау «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаламда біздің қазақтың қай заманнан бері келе жатқанын айттым. Біздің қазақтың жастары шетелге барғанда «сендер кімсіңдер, қайдан шықтыңдар?» деген сұраққа жауап бере алмайды. Біздің түп-тамырымыз 3-4 мың жыл бұрын жатқаны мұражайда көрініп тұр. Біздің жерімізде табылған жәдігерлер сонау осыдан 5 мың жыл бұрын Мысырдың пирамидасынан бұрын жасалғалы көрініп тұр. Біздің елдің шеберлігі, металлургияның өскендігі, біздің дүниежүзіндегі атты үйретіп міну деген қазіргі зымыранмен бір қылып санауға болады. Сондықтан ол кездегі қан төккен батырлар, кешегі Бауыржан Момышұлы деген Ұлы Отан соғысына қатысқан батырымыз, әріге бармай-ақ қояйық, араларыңда армия генералы Алтынбаев отыр. Ауған соғысына қатысып шыққан генерал Ертаев отыр. Бақытбек Смағұлов қан майданның арасынан, Ауғанстаннан шығып келді. Қазақтарда осы Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Сондықтан сол Отанды сақтау үшін бәріміз бірігіп дайындалуымыз керек.

Шара аясында Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент күніне арналған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Бұдан әрі Елбасы әскери-патриоттық орталық жұмысымен танысты. Мұнда заманауи Қазақстан армиясы мен Қарулы күштердің құрылуында Жоғарғы Бас Қолбасшының рөлі туралы әскери суретшілер көрмесі Президент назарына ұсынылып, «Орбұлақ шайқасының» диорамасы көрсетілді.

Айта кетейік, орталық музейіне «Алтын адам» диадемасының элементтері, Кенесары ханның қылышы мен Бөгенбай батырдың айбалтасы сынды құнды жәдігерлер алғаш рет қойылып отыр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Осы категория бойынша: « Елбасы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық бірлестігі клубтарының тәрбиеленушілерімен кездесті Елбасы алдағы үш жылдық бюджетті бекітті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы