369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы «Көшбасшы жолы. Астана» көркем фильмінің премьерасына қатысты

  • 644
  • UPD: 23:27, 30.11.2018

Бұл картина – «Елбасы жолы» киноэпопеясының бір бөлігі.

Фильмде Қазақстан елордасының қалыптасу тарихы және оны салу үдерісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жайлы баяндалады. Кинокартинада 1994 жылғы шілде айында ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қабылданған маңызды шешімге байланысты оқиғалар көрсетіледі.

Туындыны тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Әуелі шығармашылық ұжым қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Фильмнің қоюшы режиссері – Ақан Сатаев, сценарий авторлары – Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақсылықов, басты рөлді белгілі актер Мұрат Ахманов ойнайды.

Фильмнің тақырыбы – Астана. 1994 жылдың шілдесінен қазіргі күнге дейінгі кезең картинаның өн бойында жатыр. Тәуелсіздігін енді алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсатты таңдайды. Ол – Сарыарқаның сауырында жаңа елорда салу.

Алайда экономикасы әлсіз, саяси жағдайы тұрақсыз елдің астанасын ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы былайғы жұртқа қисынсыз көрінеді. «Астананы көшіру идеясына белді біржола бекем буа тұрып мен ортаға бәрін салатынымды, яғни өзімнің саяси мансабымды, тіпті, мүмкін, өмірімді бәйгеге тігетінімді, сөз жоқ, түсіндім» деп жазады бір естеліктерінде. Көп кітапта жазылған ойлар енді кино болып өрілді.

Кескін келбетін келістіру екі Оскардың иегері, грим жасаудың үздігі марк Кульерге сеніп тапсырылды. Ол бір кездері Тэтчер мен Черчилль туралы туындаларда басты рөлді ойнаған актерлерді гримдеген. «Н.Назарбаевтың болмыс-бітімін толық қайталап шығу үшін ұзақ дайындалдым», – дейді Мұрат Ахмаханов. Ал Елбасының дауысын салу актер Ерлан Қасымжанұлына бұйырды.

Астана армандардың орындалатындығын тағы бір дәлелдеді. Елорда – Елбасының төл перзенті. Бәлкім тоқсаныншы жылдары Астананы ауыстыру туралы шешім асығыстық деп қабылданған да болар, алайда заман өте келе бұл таңдау ерлікпен пара-пар екендігін бәрі мойындады. Осы ойды туындының өн бойынан тануға болады.

«Астана» фильмі – «Елбасы жолы» деп аталатын киноэпопеяның жалғасы. Картина желтоқсанның 16-сынан бастап қалың көпшілікке жол тартады.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Әлібек Әлиев

Осы категория бойынша: « Елбасы алдағы үш жылдық бюджетті бекітті Бүгін – Тұңғыш Президент күні »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы