369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы ЕАЭО-ның келесі саммитін Астанада өткізуді ұсынды

  • 403
  • UPD: 23:28, 06.12.2018

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы Қазақстанда өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алдағы жылға жоспарланған басқосу Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі Президент идеясының 25 жылдығына орайластырылады. Бұл туралы бүгін Санкт-Петербургте өткен жоғары Еуразиялық кеңес отырысында мәлім болды. Жиында Елбасы ұлттық мүдделерді ескеру, мұнай-газ нарығында тұрақты саясат қалыптастыру сынды бірқатар бастама көтерді.

Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл Ресейге жасаған алғашқы сапары емес. Жыл басынан бері Елбасы солтүстік көршіміздің Сочи, Мәскеу, Қазан қалаларында болды. Дегенмен осы жолғы Санкт-Петербург сапарының мән-маңызы зор. Себебі, Мемлекет басшысы үшін Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы бағыт-бағдарды айқындау міндеті тұр.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының Санкт-Петербургте өтуі де бекер емес. Бұл шаһар – Астана, Алматы, Минск, Бішкек және Мәскеу секілді интеграциялық ұйымның саяси әрі қаржылық орталығы. Негізі 18-ғасырда қаланған қала ауқымды жиынға тыңғылықты дайындалған. Әсіресе қауіпсіздік басты назарда. Себебі, Санкт-Петербургте бұл күндері бір емес, бірнеше елдің президенттері бас қосып отыр.

Биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Ресей төрағалық етті. Сондықтан Владимир Путин әріптестерін Санкт-Петербургтегі президент кітапханасында бар сән-салтанатымен қарсы алды. Армения Премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян мен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың ізін ала қазақ көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Кейін Мемлекет басшылары естелік суретке де түсіп, кеңестің кезекті отырысын бастап кетті. Алғашқы басқосу шағын құрамда өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- В мае этого года в Астане подписаны важны соглашения с Ираном и Китаем, которые создают основу для существенного роста торгово-экономического сотрудничества с этими странами. Активно ведутся переговоры по пяти приоритетном торговым трекам – это Сингапур, Индия, Египет, Сербия и Израиль. Это говорит о большом интересе к нашей организации, и соглашения будут выгодны нам всем. В этом году мы проделали много работы.

Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы ішкі өнімі биыл 2 процентке ұлғайды. Әлемдегі интеграциялық ұйымдар көшінде 31-орынға көтерілді. Әлемдегі экономикалық тұрақсыздық одақ жұмысының дамуына кедергі келтірген жоқ. Мәселен, Қазақстанда Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанмен бірлескен кәсіпорындар саны 10 мыңнан асты. Кеден органдарында бизнеске арналған бір терезе қағидасы жүзеге асты. Енді Қазақстан тарапынан жаңа цифрлық бастамалар қолға алынып отыр. Мәселен, одақ елдері үшін ортақ еңбек биржасы құрылатын болды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- 80-нен аса тауар түрлеріне арналған бірыңғай техникалық стандарттар енгізілді. Цифрлық жүйелер үшін нормативтік база қалыптасты. Келер жылға арналған одақ бюджеті ұлғайып отыр. Валюталық-қаржылық салада әріптестік артып келеді. Сол арқылы экономикамыз долларға тәуелділігін азайтады.

Шағын құрамдағы кездесуде ортақ мұнай-газ нарығын қалыптастыру мәселесі қызу талқыға түсті. Бұл бастама жүзеге асса, жалпы ішкі өнім көлемі артуы тиіс. Дегенмен мұнымен күн тәртібіндегі мәселелер толық шешімін таппайды. Соның бір парасын Беларусь Президенті көтерді.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

- Беларуське солтүстік көршімізден жеткізілетін газ тарифі қымбат. 1 мың текше метрге 130 доллар төлеуге мәжбүрміз. Ал Ресейде бұл көрсеткіш әлдеқайда арзан. Осындай олқылықтардың орнын толтыру қажет деп ойлаймын.  

Алдағы уақытта Иранмен еркін сауда аймағын құру ісі аяқталады. Қазір тиісті құжат бес мемлекеттің парламенттерінде қаралып жатыр. Бұдан бөлек, биыл Қытаймен сауда-экономикалық серіктестік орнап, арадағы алыс-берістің артуына жағдай жасалды. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ алдында тұрған негізгі мәселелер – тауар тасымалы, капитал ағымы, қызметтер және жұмыс күші. Төрт бағыт бойынша да түйіні тарқамаған түйткілдер көп.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нам надо приложить дополнительные усилия для обеспечения полноправного функционирования Евразийского экономического союза. Надо завершить работу по давно обсуждаемым документам, которые направлены на обеспечение движения четырех свобод – товары, капитал, услуги, рабочая сила. Это касается, в том числе, соглашения о пенсионном обеспечении граждан стран ЕАЭС. Документ будет гарантировать гражданам тот объем прав на пенсионное обеспечение, который предусмотрен для резидентов каждой страны.

Күн тәртібіндегі мәселелер 2025 жылға дейін шешілуі қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысушылар назарын осыған аударып, өзара тауар айналымындағы кедергілерді жоюға шақырды. Бұдан бөлек, жиында экономиканың негізгі салаларында зәкірлік жобалардың қолға алынатыны белгілі болды. Осы мақсатта одақ болашағы үшін жүзеге асырылатын жобалар тізімі бекітілмек.

Айта кетейік, кеңейтілген құрамда өткен басқосуға бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие Молдова Президенті де қатысты. Игорь Додон одақ елдерімен әріптестікті арттыруға ниетті екенін жеткізіп, ұсынатын тауарлар тізімін жария етті.

Еуразиялық экономикалық одақты құру бастамасы алғаш рет 1994 жылы көтерілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – осы ұсыныстың ортаға салып, нәтижелі жүзеге асырылуына игі ықпал еткен бірден-бір тұлға. Сондықтан Жоғары Еуразиялық кеңес отырысында Елбасының қосқан қомақты үлесі атап өтілді. Және Президент идеясының 25 жылдығына орай келер жылдың мамыр айында елімізде ұйымның жоғары дәрежедегі кезектен тыс отырысын өткізу туралы ұсыныс жасалды. Бұдан бөлек, одаққа төрағалық ету міндеті Арменияға тапсырылды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков 

Осы категория бойынша: « Санкт-Петербургте ЕАЭО-ға қатысты декларация қабылданады Мемлекет басшысы Санкт-Петербургте «Щелкунчик» балетін тамашалады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы