389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі абоненттердің тең жартысынан астамы ұялы телефонын тіркеген

  • 1147
  • UPD: 23:25, 10.12.2018

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап, тіркелмеген ұялы абоненттер байланыссыз қалады. Ал бүгінде қазақстандықтардың тең жартысынан астамы ғана тиісті рәсімнен өткен. Нақтырақ айтқанда 26 млн ұялы телефон абоненті болса, қазір оның 14 млн ғана тіркелген. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникациялар министрі осылай деді. Сондай-ақ Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асу барысын баяндады.

Заманауи инновациялық технологиялар қазірдің өзінде өз тиімділігін дәлелдеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы экономикаға шамамен 58 млрд теңгеден аса пайда әкелді. Бұл 1 жылдың нәтижесі. Әрине атқарылған шаруа аз емес. Әлде де қолға алар бастамалар баршылық. Бүгінде мемлекеттік қызметтің тең жартысынан астамы автоматтық жүйеге көшірілді. Жыл соңына дейін тағы 70 қызмет түрі цифрландырылады.  Ал 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 90% жетуі тиіс.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- «Индустрия 4.0» элементтерін сәтті енгізу – бұл біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізетін шаруа.

Елбасы атап өткендей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының тамыры тереңде жатыр. Бағдарлама біздің өмірімізге ауқымды өзгеріс алып келетін заман талабына сай болашаққа түрлі бағыттар ашатын базиске айналмақ.     

Қазір өндірісте жасанды интеллект, робот қондырғылары енгізіліп келеді. Бір ғана жасанды интеллект 2030 жылы әлемдік Ішкі жалпы өнімге 14% өсім береді екен. Ал келер жылы әлемде өндірістік роботтардың саны 2 жарым млн асуы тиіс. Әрине елімізде бұл көрсеткіш төмен деңгейде. Сондықтан осындай инновациялық жобаларды ойлап табатын стартаперлерге барынша қолдау көрсетіліп келеді.

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз осы  «Астана хаб» технологиялар паркіне үлкен үміт артып отырмыз. Оған заңдық тұрғыдан да салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Ұсыныстар әзірлеп Сенатқа өткіздік. Жалпы елімізді цифрландыру бағытында астана хаб үлкен рөл атқарады деп ойлаймыз. 

Сондай-ақ Дәурен Абаев ұялы телефон абоненттерін тіркеу мәселесін де сөз етті. Елімізде халық саны 18 млн болғанымен, абоненттер саны 26 млн. Бұл дегеніміз  әрбір тұрғында 2-3 сим картадан бар деген сөз. Сондықтан бүгінде абоненттердің 70 пайызы тіркелген. Ал әлі күнге дейін үлгірмегендер үшін алда тағы 20 күндей уақыт бар. Әйтпесе келер жылдан бастап байланыссыз қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл ретте депутаттар «тұрғындар мереке түнінде туған-туыстарын құттықтай алмай қала ма» деп алаңдаушылық білдірді. Бірақ Ақпарат және коммуникациялар министрі уайымдауға себеп жоқ деп сендірді. Өйткені қалта телефондарын тіркеу мәселесі министрліктің күнделікті бақылауында. Бүгінде тиісті ақпараттық хабарландыру жұмыстары жүргізілді. 1 жыл уақыт берілді. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Тіркелмеген телефондар қалай жұмыс істейді? Адамдар мәселен, сіз Қытайға барасыз, Ресейге шетелге барасыз өзінмен бірге 150-200 телефон алып келесіз. Осы телефондарды сіз тіркеуіңіз керек. Бұл бір жағынан «рынок телефонов» серый схемадан мемлекетімізге сізге де пайдалы болады.

Ал депутат Ирина Аронова жеделхатты жолдау құны 169 есеге қымбаттағанын айтады. Бұрын жазылған әрбір сөз үшін 4 теңге төленетін. Қазір оның ақысы 675 теңге. Бұған қоса биыл жыл басынан бері жеке тұлғалар үшін бұл қызмет түрі жойылды. Жеделхатты жолдау әрі қабылдау міндеті «Қазақтелекомның»  құзырына берілгеннен бастап, баға қымбаттады-дейді депутат. 

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 40 сөзден тұратын жеделхатты жолдау құны  30 мың теңгеден асады. Бұл ең төменгі жалақымен тең. Бұдан бөлек кейбір телеграфтық алымдардың құны 2 мың теңгеден жоғары. Тарифті мұншалықты қымбаттату немен байланысты? Себебі қызмет түрі қолжетімсіз болып барады.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

- Бүгінде жеделхат жолдау нарығы түбегейлі жойылып кетті деп айтуға болады. Қазір жеке тұлғалар үшін көптеген мемлекеттерде мұндай  қызмет түрі көрсетілмейді. Себебі көбіне смс хабарламалар пайдаланылады. Оның құны арзан әрі жазу керек сөздер саны шектеусіз. Жеделхат пен телеграфты қолдану үшін шамамен жарты млн шығын кетеді. Ал біз бұл қызмет құнын қымбаттатқанның өзінде 39 млн теңге пайда көреміз. Яғни кеткен шығын өзін өзі ақтамайды. Сондықтан бұл қызмет түрін дамыту біз үшін тиімсіз. 

Қазір әлем бойынша ең қажетті мамандардың тізімінде ай-ти мамандар екінші орында тұр. Бұл дегеніміз шетелдік жұмыс берушілерге жоғары деңгейлі кадрлар ауадай қажет. Сондықтан министр Дәурен Абаев білімді отандық кадрларды уысымыздан шығарып алмауымыз керектігін айтты.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар

Хабар 24 телеарнасы