389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Біз 27 жыл бұрын жалауымызды желбіретіп, егеменді мемлекетке айналдық

  • 2264
  • UPD: 18:29, 14.12.2018

Ерен еңбегімен дараланғандар бүгін Елбасының қолынан мемлекеттік марапаттар алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілетін дәстүрлі шара барысында Президент «Барыс», «Парасат», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Айбын» ордендерін және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегерелерін де құттықтады.

Тәуелсіздік - қастерлі ұғым. Егемендік алғаннан бері қазақ елі өзіндік даму жолын таңдап, сүрлеу салды. Ал азаматтары сол тәуелсіздікке тірек болып, аянбай еңбек етіп келеді. Бүгін Ақордада осы үдеден шыға білген мемлекет және қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, ержүрек полицей, мәдениет пен өнер шебері және өз еңбегінің жемісін көрген шаруа да құрмет мінберінен көрінді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күні құтты болсын. Бұл - егемен елімізді дүниежүзіне танытатын қазақ үшін қасиетті мейрам. Біз 27 жыл бұрын жалауымызды желбіретіп, егеменді мемлекетке айналдық. Астананың 20 жылдығын атап өттік. Сіздер осындай уақытта мемлекеттік құрметке ие болдыңыздар.

Президенттің қолынан мемлекеттік награда алғандардың бірі - Әулие ата өңірінің тумасы Сайрамбай Дөненбаев. Ол Тәуелсіздік күні қарсаңында ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып отыр. Өзі дүниеге келген Рысқұлов ауданы мен Жарлысу ауылының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны үшін Елбасы оған айрықша алғыс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол бүгінде ірі шаруа қожалығын құрып, ауылды өркендетуге елеулі үлес қосып келеді. Мен ауылда болдым, көрдім. Өндірісті өркендетумен қатар өз қаражатына ауылдың әлеуметтік жағдайына молынан салуда.

Сайрамбай Дөненбаев, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері:

- Құрметті Елбасы, мен қарапайым қойшының баласы болдым. Сол шаруашылықта өсіп, бүгінгі таңда жұмыс жасап жатырмын. Бұл марапат қойшылардың марапаты деп түсінемін. Сізге алғысым шексіз. Шексіз рахмет! Алланың нұры жаусын!

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағының тағы бір иегері - ақтөбелік Құралай Бәйменова. 30 жылдан астам қоларбаға таңылған жан өзінің ғана емес, өзгенің де мүмкіндігін молайтты. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде құрған қоғамдық бірлестігі тағдыр тауқыметін тартқандардың қамқорлық іздеп барар орнына айналды. Әрі өз жобалары арқылы мүмкіндігі шектеулі талай жанның баспаналы болып, жұмыспен қамтылуына қол ұшын созды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағдыр тауқыметін тартқан қайсар қыз қиындықтың бәрін жеңіп, өз басындағы өнегелі өмірімен елге үлгі болды. Өзінің мүгедектігіне көнбей, көптеген жобаларды қолға алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мен өзім бардым, көрдім жұмыстарын, таң қалуға болады.

Құралай Бәйменова, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері:

- Мен өз Отаныма, қоғамның дамуына сіңірген еңбегімді жоғары бағалап жатқаны үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да әлеуметтік жағдайдың жақсаруы жолында тер төге берем. Ал сізге құрметті Президент, көгімізде бейбітшілік құсы қалықтап, елімізде береке-бірлік салтанат құрғаны үшін алғысым шексіз.

Ең жоғары дәрежелі марапатқа ие болғандардың қатарында шымкенттік мұғалім Алина Соловьева да бар. Ұлағатты ұстаз ұрпақ тәрбиесін тың әдіс-тәсілдермен жүргізіп, талай ғылыми-тәжірибелік еңбектің авторы атанды. Таяуда орта білім беру ұйымдарына жаңартылған мазмұнда биология кітабын жазып шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Учитель с высокий буквы. Сделавший очень многое для развития образования в своем регионе. Можно сказать новатор. Она активно внедряет лучшие мировые практики в процесс. Она воспитала десятки тысяч детей завоевавших призы и стипендий в лучших университетах мира.

Алина Соловьева, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері:

- Мен үшін бүгін Қазақстанның ең жоғарғы наградасын Сіздің қолыңыздан алу мәртебесі бұйырды. Бұл еліміздегі барлық педагогқа көрсетілген құрмет деп білемін. Өйткені, біз ұрпақ тәрбиесіне бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Ал сіз сол мақсат-міндетімізді мүлтіксіз орындауға үнемі  ықпал етесіз.

Бүгін Ақорда төрінде бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегерлері де анықталды. Бұл марапаттар Жәнібек Кәрібжанов, Сауат Мыңбаев, Абай Байгенжин, Қабдеш Жұмаділ, Сұлтан Оразалы, Олег Дониленко және Берік Имашевқа ел дамуы жолындағы еселі еңбектері үшін табысталды. Сонымен қатар «Парасат» және «Құрмет» ордендері экономика, қорғаныс, өнер, білім және ғылым саласындағы бір топ мемлекет қайраткеріне берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» және II дәрежелі «Даңқ» ордендері де еңбек адамдарына табысталды. Солардың қатарында әскери әуе күштерінің қолбасшысынан бастап Балқаш мыс қорыту зауытының қорытушысына дейін бар. Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағы таяуда ғана әлемдік кинофестивалінде үздік әйел рөлі марапатына ие болған солтүстікқазақстандық Самал Есләмова мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Ян Рудковскийге берілді. Сол секілді астаналық тәртіп сақшысы Азамат Балтабаев 3 мәрте ерлік жасап, адамдарды ажалдан құтқарғаны үшін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қызылордалық өрт сөндіруші Ермекбек Пазлиевке де қызмет барысында ерлік жасап, қою түтін арасында ес-түссіз жатқан үй иесін аман алып шыққаны үшін үшінші дәрежелі «Еңбек» ордені табысталды. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықпен 5 бірдей шығармашылық жұмыс авторлары марапатталды. Елге белгілі ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімов, Ақұштап Бақтыгереева және Өтеген Оралбаевтар өлең және балладалар жинағы үшін құрметке бөленді. «Анаға апарар жол» көркем фильмінің авторлық ұжымы мен «Астана Опера» театры «Абай» операсы үшін мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Үздіктердің үздігін марапаттау ел өңірлерінде де жалғасады. Мемлекет басшысы бұл жолы 1600 азаматқа жоғары дәрежелі наградалар мен ордендер табыстау туралы жарлыққа қол қойды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы